Балалар спорты мен бұқаралық спорттың дамуы неге кенжелеп қалды?

Осы сұраққа жауап алу мақсатында «AMANAT» партиясы жанындағы республикалық жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысы өтті.

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық жастарды қолдау кеңесінің кезекті отырысында Қазақстандағы балалар спорты және бұқаралық спорт мәселесі талқыға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Отырысқа Кеңес мүшелері, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серіков Таңсауле Ғабдыманапұлы, Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері: Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Жарасбаев Серік Маратұлы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Ешенқұлов Талғат Ілиясұлы, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Уразова Арай Асылбекқызы, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының спорттық білім беру және коучинг департаментінің директоры Азербаев Даулет Нұрболатұлы, «SANA sport» орталығының спорт директоры Кабдылкаримов Азамат қатысты.

Жиын басында сөз алған «AMANAT» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты, Республикалық Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы Нартай Сәрсенғалиев:

«Спорт – тек денсаулықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке, күш-жігерге баулитын маңызды құрал. Дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу – елдің болашағына салынған ең құнды инвестиция. Бірақ, өкінішке қарай, осы салада бірнеше күрделі мәселелер бар. Бүгін біз осы мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын іздестіру үшін жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударуды, спортқа, оның ішінде балалар спорты және бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлу қажет екенін айтып келеді», – дейді.

Бұдан бөлек Нартай Аралбайұлы «DamuBala», «ArtSport», «DaraBala» бағдарламасының қалай жүзеге асып отырғанын тексеретін тетік жоғын айтып, салаға жауапты министрліктерді сынға алды.

«Алайда соңғы өткен 2 жазғы Олимпиада ойындары бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын анық көрсетті. 2019 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керегін айтқан болатын. Президенттің осы тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар» әзірленіп, ол Үкіметтің қаулысымен бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт секцияларына жан басына қаржыландыру жүйесі енгізілді. Қазіргі таңда әр аймақта әртүрлі («DamuBala», «ArtSport», «DaraBala») аталатын бұл бағдарламалардың қаншалықты тиімді іске асып жатқанын, мемлекеттік тапсырыстың сапалы орындалуын тексеретін арнайы механизм де, мониторингтік топтар да жоқ. Неліктен балалар спорты мен бұқаралық спорт дамуы кенжелеп қалды? Спорт саласына қатысты заңнамада бүгінгі мәселе бойынша қандай жаңалықтар бар? Еліміздегі спорттық инфрақұрылымдардың жағдайы қандай? Мемлекет қаржыландыруымен жұмыс жасап жатқан спорттық секцияларға сараптама жасалып жатыр ма?», – дейді депутат.

Жиында сөз алған ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Қазақстанның спорт саласындағы мемлекеттік саясатының басымдықтарының бірі бұқаралық спортты дамыту екенін айтты.

– Қазір мектептерде 49 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді, онда 1,3 млн-ға жуық бала спортпен айналысады. Мектеп ұйымдарынан тыс – 3 мыңнан астам секцияларда 450 мың бала қатысады. Сонымен қатар, 260 мыңнан астам бала қатысатын 780-нен астам балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Елімізде 510 спорт мектебі жұмыс істейді, онда 403 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады. Сондай-ақ, 6 мың баланы қамтитын олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернаттары жұмыс істейді. 2021 жылы іске қосылған жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша 240 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секцияларына тегін қатысты. Бұған жергілікті бюджеттен 44,8 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы біз осындай балалардың санын 300 мыңға, ал секциялар санын 10 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі-сапалы спорттық инфрақұрылымды қамтамасыз ету. Соңғы жылдары бүкіл ел бойынша көптеген спорт нысандары салынды және жаңартылды, бірақ бұл жұмыс жалғасуда. Спорттық жабдықтар мен мүкамалдар жетіспейтін ауылдық мектептерге назар аудару өте маңызды, – дейді вице-министр.

Сонымен қатар Кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы шетелдік легионерлерге мемлекет есебінен ақша бөлуді тоқтатуымыз керек екенін баса айтты.

- Өкінішке қарай, көптеген дарынды жаттықтырушы өз елімізде тиісті қолдау көрмей, шетелге кетіп жатады. Олар сол елдерде жас спортшыларды жаттықтырып, сол мемлекеттердің ұлттық құрамаларын жарыстарға дайындайды. Мысалы, Париж Олимпиадасында қазақстандық бапкер Есбол Сұлтанов жетекшілік еткен тхэквондошылар Тунис елінің қоржынына алтын және қола медаль алып келді. Жалпы біз легионерлерді қолдаудан түбегейлі арылып, керісінше, өз ішіміздегі мықты спортшылар мен бапкерлерге қолдауды күшейтуіміз қажет, – деді ол.

Айта кеткен жөн, бұқаралық спорт пен жалпы спорттағы мәселелер көтерілген отырыста өңірлердегі жергілікті атқарушы органдар да аталған мәселеге қатысты есеп берді.