Павлодар облысында трассада трактор мен жеңіл көлік соқтығысты. Салдарынан бірнеше адам зардап шегіп, 11 жастағы қыз комаға түсті, – деп хабарлайды Aikyn.kz Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 қазанда Омбы-Майқапшағай трассасында Аққулы ауылына жақын жерде МТЗ-82 маркалы трактор мен Lada Granta автокөлігі соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш жолаушы зардап шекті. Көліктер айып тұрағына қойылды.
– 52 жастағы әйел мен 5 жасар ер бала аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал 11 жастағы қызды алдымен аудандық, кейін жағдайының күрт нашарлауына байланысты медициналық авиациямен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, – деді облыстық жедел жәрдемнің баспасөз қызметінде.
Зардап шеккен қызға жабық бас жарақаты, төменгі жақтың ашық сынуы, бірнеше сүйектердің сынуы, ішкі ағзалардың зақымдануы деген диагноздар қойылды.
– 11 жасар қыз өте ауыр жағдайда комада жатыр. Тиісті емдік шаралар көрсетілуде, – деді облыстық балалар ауруханасында.
Айта кетейік, Полиция департаменті жол-көлік оқиғасы бойынша тексерісті бастады.