«AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық Жастарды қолдау кеңесі өтіп, онда Қазақстандағы балалар спорты және бұқаралық спорт проблемалары қозғалды.
Кеңес отырысына Мәжіліс депутаттары Максим Рожин, Таңсәуле Серіков, Нұрлан Әуесбаев, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының спорттық білім беру және коучинг департаментінің директоры Даулет Азербаев, «SANA sport» орталығының спорт директоры Азамат Кабдылкаримов, заңгер Нұрсұлтан Орынбеков және «Жастар рухы» төрағасы Ақерке Искандерова қатысты.
Кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев қазір елімізде бұқаралық спорт саласында бірнеше шешімін таппаған күрделі мәселе бар, оларды шешудің тиімді жолдарын Жастар кеңесінде қозғап жатырмыз дейді.
«Спорт – тек денсаулықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке, күш-жігерге баулитын маңызды құрал. Дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиелеу – елдің болашағына салынған ең құнды инвестиция. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударуды, спортқа, оның ішінде балалар спорты және бұқаралық спортқа ерекше көңіл бөлу қажет екендігін айтып келеді. Бұқаралық дене шынықтыруды жандандыру жаңа спортсмендерді, олимп шыңын бағындыратын жаңа чемпиондар шығаратын пирамидаға айналуы тиіс. Алайда, соңғы өткен 2 Жазғы олимпиада ойындары бұл бағыт бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын анық көрсетті», – деді Нартай Аралбайұлы.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, соңғы жылдары бүкіл ел бойынша көптеген спорт нысаны салынды және жаңартылды. Бұл жұмыс жалғасып жатыр.
«Спорттық жабдықтар мен мүкамалдар жетіспейтін ауылдық мектептерге назар аудару өте маңызды. Бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі жастар арасында қозғалыс белсенділігінің төмендеуі. Бұл компьютерлендіру мен интернеттің кері әсері. Тағы бір маңызды мәселе мектептерді, әсіресе ауылдық жерлерде, спорттық жабдықтармен жеткіліксіз жабдықтау болып қала береді. Әр мектепте спорт клубтары мен мамандандырылған спорт сыныптарын құру маңызды. Бұл қолжетімді және танымал спорт түрлері бойынша мектеп лигалары мен бұқаралық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деді Серік Жарасбаев.
Жиын барысында кеңес мүшелері орталық мемлекеттік органдарға аталған мәселелер бойынша сұрақтарын қойды, сондай-ақ өңірлердегі спорт басқармасының басшылары, аймақтық кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Ал, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Арай Уразова білім беру ұйымдарында дене шынықтыруды оқыту пәнінің тиімділігін төмендететін бірқатар мәселе бар екенін айтты.
«Қазіргі таңда оқушылар дене шынықтыруды маңызды пән ретінде қабылдамайды. Сабаққа деген ынтаның болмауы сабақтың біртектілігіне, мұғалімдердің немесе ата-аналардың қолдауының жеткіліксіздігіне байланысты болуы мүмкін. Сондықтан бұл пәннің білім беру бағдарламасының мазмұнын қайта қарау маңызды. Кейбір балаларда физикалық белсенділікке қатысуға мүмкіндік бермейтін медициналық шектеулер бар. Дене шынықтыру мұғалімдерінің сабақтарды бейімдеу мүмкіндігі жоқ. Өйткені бұл қосымша уақыт пен күш жұмсауды қажет етеді. Аталған мәселелерді шешу үшін министрлік тарапынан тиісті шаралар қабылданатын болады», – деді вице-министр Арай Уразова.
«Дене шынықтыру және спорт» ББ бойынша педагог кадрларды даярлауға 2024 – 2025 оқу жылына 297 грант бөлінді. Оның ішінде бакалавриат – 250 грант, магистратура – 40 грант, докторантура – 7 грант. Сонымен қатар, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының тәжірибесін ескере отырып, Қазақ спорт және туризм акалемиясы «Бейімделген дене шынықтыру және спорт» жаңа ББ әзірледі. Бұл ОP-ді әзірлеудің өзектілігі 2015 жылы Қазақстан Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияны ратификациялап, ерекше білім беру қажеттіліктері бар адамдарға қатысты халықаралық стандарттарды имплементациялау бойынша міндеттемелерді қабылдағандығынан туындады», – деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.
Айта кетейік, биыл Мемлекет басшысы 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын, жастарымыздың дені сау, мықты азамат болып өсуі және ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорт саласындағы заңнаманы жаңарту қажеттігін айтқан болатын.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.