«Зейнетке шығамын»: Нұрлан Өнербаев «Барыс» орденін алғанда қандай әсерде болғанын айтты

Ыстық ықыласын аямаған тыңдарманына жылы лебізін білдірді.

Әнші Нұрлан Өнербаев "Таңшолпан" бағдарламасында марапатына қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.    

Өнер иесі бұл зейнетке шығар кезде күтпеген сый болғанын айтты.

“Дәл осындай марапат болады деп күткен жоқпын. Ұйғарған екен, лайықты деп тапқан екен. Он күннен кейін жасым 63-ке толып, зейнетке шығамын. Өнердің табалдырығын аттағаныма 46 жыл болады екен. 46 жыл артта қалғанда өнеріме, шығармашылығыма шабыт беретін осындай үстеме жасайды деп күткен жоқпын. Марапат болатынын хабарлады. Бірақ нақты қандай болатынын айтпады", – дейді әнші. 

Өнер әлеміне 1978 жылы қадам басқан Нұрлан Өнербаев өзіне әуезді әндер ұсынған авторларға, композиторларға алғыс айтты. Сонымен қатар ыстық ықыласын аямаған тыңдарманына жылы лебізін білдірді.

«Ел алдына шығып, орындап жүрген әндерім тыңдармандардың жүрегіне жетіп, көңілінің төрінен орын алған әндер деп айтсам, қателеспейтін шығармын. Мен кеше осы марапатты алып тұрып, өзімнің ішкі ойым бірінші кезекте менің авторларым мен композиторларымда болды. Осы жылдарда елге сүйкімімді арттырған, мені танымал еткен, көрерменнің көңіліне көтерген ең тамаша, қанатты, сұлу әндерді ұсынған екен маған. Кеше өмірден өтіп кеткен композиторлар, бүгінде ортамызда жүргендер де бар. Бірінші кезекте соларға алғысымды айтамын. Екіншіден, менің тыңдармандарымның арқасы. Осы марапаттар да, ел алдында осылай еркелеп жүруіміз де солардың ыстық ықыласы, қошеметі, махаббаты", – деді әнші. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.