Атырау облысында мотоциклдегі жасөспірімді басып кеткен полиция қызметкеріне сот үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қызылқоға ауданы полиция бөлімі патрульдік полиция тобының инспекторы қызметтік автокөлікпен әріптесі екеуі патрульдік қызметтерін атқару барысында жасы кәмелетке толмағандардың басқаруындағы мотоциклді анықтап, дыбыс белгісі арқылы тоқтауды талап еткен. Алайда жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, қозғалысын жалғастырған.
Сотталушы оны қуып келе жатқанда, жүргізуші жасөспірім қара жерге шығып кетіп, мотоциклдің басқару жүйесін игере алмай, жерге құлаған. Сол кезде инспектор қауіпсіздік шараларын сақтамай, мотоциклге мінгескен баланы басып кетеді. Нәтижесінде ол оқиға орнында есін жимастан қаза болған, – деп жазылған сот хабарламасында.
Прокурор сотталушыны 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындаған.
Сотталушының шын жүректен өкінуі, асырауында жасы кәмелетке толмаған балаларының болуы, бұрын сотталмағаны – жаза мен қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сотталушы ҚК-тің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген сот үкімінде.