Республика күніне орай ұйымдастырылған жарыс БАҚ өкілдері арасында өтіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы дүбірлі дода – сол бастаманың жарқын көрінісі.
Турнирді Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев ашып, жарысқа қатысушыларды Республика күнімен құттықтады.
– Дәстүрлі жарысымыз осымен үшінші мәрте өтіп жатыр. Журналистеріміз футболды жақсы көретінін жақсы білеміз. Сондықтан жыл сайын осы додаға деген қызығушылық жоғары. Біз әрдайым бұқаралық спортқа ерекше мән береміз. Осы бағытта өздеріңізбен бірлесіп, жұмыс істеуге дайынбыз. Бүгінгі турнир тартысты өтеді деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік серік болсын, – деді депутат Е.Бейсенбаев.
Жарысқа Шығыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстарынан, Шымкент пен Алматы қалаларынан, сондай-ақ Астанадан 20-ға жуық команда қатысуда.
Мәжіліс депутаттары мен қызметкерлері де бұқаралық спортты қолдап, журналистермен бірге доп тепті.
Турнир Қазақстан футбол федерациясының, елорда әкімдігінің қолдауымен өтуде.