Алматыда көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері марапатталды

«Қазақстанның халық әртісі» атағына театр әртістері Жәмиля Баспақова, Ольга Коржева, Лидия Кәден және Рихан Махпирова ие болды.

Алматыда Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мемлекет басшысының атынан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елдің дамуына елеулі үлес қосқан мәдениет және өнер қайраткерлеріне, журналистерге, ақпарат саласының өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыс етті. Бұл туралы мнистрліктің баспасөз қызметі мәлім етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.      

«Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Кеше Президент Жарлығымен еліміздің дамуына зор үлес қосып жүрген бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өнер қайраткерлері, белгілі қаламгерлер, ғалымдар, түрлі саланың өкілдері, ең бастысы қарапайым еңбек адамдары бар. Бұл Мемлекет басшысының қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік құндылықтарын дәріптеу бастамасының айқын көрінісі екені сөзсіз,» – деді министр.

Қазақстан Президентінің Жарлығымен ақын Исраил Сапарбайға «Қазақстанның халық жазушысы» атағы берілді. 

«Қазақстанның халық әртісі» атағына театр әртістері Жәмиля Баспақова, Ольга Коржева, Лидия Кәден және Рихан Махпирова ие болды. 

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы Татьяна Костюченкоға, Марзия Мамидолдинаға, Сафуан Рысбайұлына, Сергей Поповқа, Ажар Юсуповаға және Олег Татамировқа берілді. Сонымен қатар бірқатар азаматтар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» ведомстволық медалімен марапатталды. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.