«Жүрегім езіліп кетті»: әнші Бейбіт Сейдуалиева өзіне арналған Тоқтар Серіковтің әні туралы айтып, көзіне жас алды

Бейбіт Сейдуалиеваның айтуынша, Тоқтар Серіков жазған бұл ән карантин кезінде дүниеге келген.

Әнші Бейбіт Сейдуалиева «Сырласу» бағдарламасында өзіне арнап жазылған «Сен маған хабарлассаңшы» әні қалай дүниеге келгенін айтып берді, - деп хабарлайды  Aikyn.kz.        

Бейбіт Сейдуалиеваның айтуынша, Тоқтар Серіков жазған бұл ән карантин кезінде дүниеге келген. Әнші күйеуінің жаңа әнін тыңдағанда көз жасына ерік бергенін айтады. 

«Пандемия уақытында барлық әулетке, барлық әлемге дерт келіп, қаншама отбасын ойрандатты. Жақындарын, жақсыларын, бауырларын ойып тұрып алып кетті. Сол пандемия бітті деген уақытта анамыз дүниеден кетті, артынша менің туған нағашым кетті. Анамыз сырқаттанып қалғанда Тоқтар ауылға кетіп, аяқ-қолы қақсағанын емдетуге Семейге алып барды. Сол жерде екеуі де коронавирус жұқтырып алды. Содан екеуі ауырып, оқшауланып, ауылда қалып қойды. Біз бала-шағамен Алматыдамыз. Ол жақта байланыс жоқ. Сол сәтте анамыз бен Тоқтар екеуі бірдей ауырды. Сонда жанына қатты батқан ғой. Ол уақытта коронавирус келсе, адам өлмей кетпейтіндей көрінетін. Санамызды солай улады да, үрей пайда болды. Осылай олай-бұлай болып кетсем деп, жаны қиналғанда әуен келген. Соңғы жазған әнім болсын деп, "Сен маған хабарлассаңшы" атты ән жазған. Оны кейін келіп, орындағанда әбден жыладық. Жүрегім езіліп кетті. Күнде қасында жүрген соң бәрі жақсы, бірақ сыртта жүргенде адамдар бір-бірінің қадірін түсіне бастайды екен", - дейді әнші. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.