Адам мәйітінің макетін ағашқа іліп қойған: Өскеменде өзгеше ойлайтын кәсіпкер жазаланды

Өскемен қаласындағы мейрамханалардың бірінің иесі Хэллоуин мерекесіне орай мейрамханасының ауласын креативті безендіргісі келген.

Алайда ол осы әрекеті үшін айыппұл төлеуге міндеттелді, – деп жазады Aikyn.kz.

Ол ағашқа адам мәйітінің макетін іліп қойған, бірақ тәртіп сақшылары бұл безендіру тәсілін тым шынайы және қорқынышты деп санап, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 жастағы кәсіпкерге қала мен елді мекендер аумағын көркейту ережелерін бұзғаны үшін 30 АЕК мөлшерінде (110 760 теңге) айыппұл салынған.

Мейрамхана әкімшісінің айтуынша, қорқынышты макет Хэллоуин мерекесіне арналған кешке назар аударту үшін қолданылған. Олар макетті түнде іліп, таңертең қосымша безендіруді жоспарлаған. Алайда, қала тұрғындары таңғы уақытта бұл көріністі байқап, полицияға шағымданған. Макет небәрі бірнеше сағат тұрып, таңғы сағат 8-де алынып тасталды.