Туризм министрлігі интернет-казинолардың "қара тізімін" жариялады

Тізімге ҚР Заңының 6-бабы 2-тармағында тыйым салынған интернет-казино белгілері бар 1 820 бірегей желілік мекенжай енді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті лицензиясы жоқ интернет-ресурстар тізімін жаңартты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Тізімге ҚР Заңының 6-бабы  2-тармағында тыйым салынған интернет-казино белгілері бар 1 820 бірегей желілік мекенжай енді. Бұл тізім Комитеттің жүйелі ақпарат жинап, интернет-казино мен заңсыз букмекерлік қызметтердің жұмысын анықтағаны нәтижесінде жасалды.

Сонымен қатар тізім Telegram және WhatsApp мессенджерлерінен толықтырылып отырады. Заңсыз ойын бизнесінің таралуына бейжай қарамайтын азаматтар күдікті сайттар мен әлеуметтік желілердегі парақшалардың сілтемелерін жібереді.

Тізімге Vavada, Sultan Games, Pin Up, Play Fortuna, Riobet, Casino-X секілді танымал платформалар да енгізілген.

Анықталған ақпарат «Кибернадзор» ақпараттық жүйесіне енгізіліп, Қазақстан Республикасының аумағында олардың қызметін шектеу үшін заң тұрғысынан бағалау жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, мұндай ресурстарды анықтаумен ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, 2024 жылғы 4 қыркүйекте құрылған ҚР Туризм және спорт министрлігі Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті айналысады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.