«AMANAT» партиясы Ұлытау облысында ауыл әкімдерінің форумын ұйымдастырды

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Ұлытау облысындағы ауыл әкімдерінің форумы өтті.

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен Ұлытау облысындағы ауыл әкімдерінің форумы өтті. Жиынға облыс әкімі, өңірдегі құқық қорғау органдарының басшылары, аумақтық партия филиалының төрағалары мен атқарушы хатшылары және 34 ауылдық округ әкімі қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілгенін және содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланғанын, бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы екенін атап өткен еді.

Осы орайда, «AMANAT» партиясының хатшысы  Шолпан Каринова ауыл әкімдері институтының нәтижесі табысты реформаның маңызды міндеті саналатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері және жастар қатарынан шыққан көптеген әкімдер қазір ел басқару ісінде тәжірибе жинауда. Мәселен, Ұлытау облысындағы 34 ауылдық округ әкімінің барлығы «AMANAT» партиясынан сайланды. Түптеп келгенде, сіздер ауылдық деңгейдегі «AMANAT»-тың өкілі ретінде партия құндылықтарын жеткізуші жауапты азаматсыздар. Сіздердің жұмыстарыңызға қарап, халық партияны таниды», – деді ол.

Сондай-ақ Шолпан Каринова партияның сайлауалды бағдарламасына, партиялық жобаларға және өңірді дамыту жөніндегі Жол картасына тоқталып, ауыл әкімдері назар аударуға тиіс бағыттарға мән берді.

Өз кезегінде, Жаңаарқа кентінің әкімі Мейрам Қуанышбеков елімізде демократиялы, зайырлы мемлекет құру бағытында нақты қадамдар жасалып жатқанын жеткізді.

«Бұл бағыттардағы басты көрсеткіштің бірі – халықты мемлекеттік басқару процесіне кеңінен тарту. Бұл бір жағынан атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру болса, екінші жағынан – әр аймақтың дамуына қосылған үлкен үлес.  Осы қағидаттарды негізге  ала отырып, биыл Жаңаарқа кенті әкімінің аппараты бекітілген іс-шаралар жоспарына, кенттің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасына сәйкес бірқатар жұмыс атқарды. Барлық нәтижеге кент тұрғындарының ауызбіршілігі арқылы қол жеткіздік», – деді ол.

Жалпы, аталған форум жергілікті билік органдарының өзара байланыс алаңы саналады. Дәл осы алаңда ауыл әкімдері мен депутаттар арасында тәжірибе алмасуға, атқарылатын жұмыстарды айқындауға көп мүмкіндік берілді.

Форум барысында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты»  жобалары аясында жиі қойылатын сауалдар талқыланып, аталған бағдарламаларды жүзеге асыру тетіктері мен талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіндегі мемлекеттік саясаттың жаңа қадамдары кеңінен талқыланып, форум қатысушыларына түрлі тренинг өткізілді.

Осылайша, форум жұмысы пленарлық сессия форматында өтіп, бас-аяғы 2 бөлімнен тұрды. Форумның екінші бөлігі семинар-тренингпен жалғасты. Онда әкімдер заңнамадағы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат алды. Мемлекеттік қызмет істері саласындағы тренерлер менеджмент процесін жетілдіру, имидж қалыптастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар берді.