"Әлемдік рекорд": Виктор Цойдың суреті аукционда қыруар қаржыға сатылды

Виктор Цойдың шығармаларының көп бөлігі фломастермен салынған суреттерден тұрады.

Әйгілі музыкант, ақын әрі актер Виктор Цойдың салған суреті рекордтық сомаға  76 972 еуроға (40 527 297 теңге) сатылды, деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ресейлік Vladey заманауи өнер аукционының мәліметінше, қайырымдылық шарасы сенбі күні өткен. Ал аукционға дейін көрме ұйымдастырылған.

"Виктор Цойдың жұмысы үшін 60 000 еуро сомасында "сатылды!" деген сөз естілді, бұл абсолютті әлемдік рекорд, жоғары эстимейттен 5 есе асып түсті. Комиссияны қосқанда жиынтық сома 76 972 еуро болды",  делінген аукцион сайтында жарияланған ақпаратта.

Сурет: vladey.net

Бұл Цойдың көркем шығармашылығына тән сурет  басы төртбұрышты адам. "Кино" тобы лидерінің көркем шығармаларының көп бөлігі фломастермен салынған суреттерден тұрады.

"Жарқын түстерден басқа олардың барлығына ерекше лаконизм мен мәнерлілік тән. Ол қарапайымдылығымен және шынайылығымен балалар шығармашылығын еске түсіреді. Алайда оның жұмыстары "балаларға тән емес" қара әзілге толы. Оның суреттері негізінен махаббат, соғыс және өлім тақырыптарына арналған", делінген ақпаратта.

Көпшілікке рок-музыкант ретінде танымал Цой академиялық сурет салу дағдыларын меңгерген, көркемдік білімі бар, графика, кескіндеме және ағаш оюмен айналысқан. Жас кезінде ол бірнеше жыл көркемсурет мектебінде оқып, содан соң В.А.Серов атындағы Ленинград көркемсурет мектебінде көркемдеуші мамандығында білім алып, кейін ағаш оюшы білімін таңдаған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.