Республикалық бюджет туралы заң жобасын қарайды

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

2025-2027 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет ту­ралы және осы жылдарға Ұлт­тық қордан кепілдендірілген трансферт туралы заң жобалары депутаттардың қарауына ұсынылады. Түзетулер еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын, 2025-2027 жылдарға арналған бюджет параметрлерін және Президент тапсырмаларын негізге ала отырып, Бюджет кодексіне сәйкес әзірленді.

Сондай-ақ депутаттар «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда талқылайды. Үкімет әзірлеген заң жобасы рес­публиканың аумақтық қорғанысының құқықтық негіздерін, мақсаттары мен қағидаттарын айқындап, мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың аумақтық қорғаныс саласындағы өкілеттіктері мен міндеттерін белгілейді.