Тәтті түбірден – тарихи рекорд

Жылдың тарихта қалар ірі бір жетістігі айқындалды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, қант қызылшасынан рекордтық өнім күтілуде.

Жуырда Президент қабылдауына кіріп, аграрлық саланы дамытудың алдын ала қорытындыларын баяндаған АШМ басшысы диқандардың 1,2 миллион тоннадай қант қызылшасын жинайтынын жеткізді. Бұл – егемендіктің 34 жылында болмаған көрсеткіш. Енді осы мол астықты шашпай-төкпей, ірітіп-шірітпей сақтаудың және өңдеудің маңызды міндеті тұр.

Егемендіктің ерен жетістігі

Қант өндірісі Қазақстанда қашан­да экономика мен азық-түлік қауіп­сіздігінің ең бір талмау тұсы, осал жері бо­латын. Кеңес Одағының «кемеліне кел­­ген» кезінде де республика құм­ше­кер жөнінен өзге елдерге қатты тәуел­ді болды. Тәуелсіздіктің өткен он­жыл­дықтарында бұл тапшылық пен таршылық еңсерілмеді, керісінше ушыға түсті. Оның шырқау шегі ко­ронавирус пандемиясы заманына тұс­па-тұс келді.

Сонда Қазақстан Үкіметіне Еу­разиялық экономикалық ко­­миссияға қайта-қайта жүгініп, алыс шетелден қант құрағын әкелуге қойылған шектеуді босаңсытуды сұрауға тура келді. Өйткені Еуразия­лық одақ аясында еліміздің қант өн­­­­­дірушілерінің мүддесін агрессивті ілгерілеткен Ресей мен Беларусь көп жылдан бері ЕАЭО аумағына шет­ел­ден қант пен оның шикізатын енгізуге тегеурінді тосқауыл қойды. Атап айт­қанда, жоғары баж салығы кесірінен оларды сырттан тасу тиімсіз болып қал­­ды. Бұл ретте одақтың сол баж са­­лы­­ғы негізінен Ресейдің бюджетіне түседі.

Салдарынан, кейінгі бес жылда Қа­зақстан қант жөнінен Ресей мен Беларуське тәуелді болды. Пандемия кезінде шекараларын тарс жапқан, ішкі нарығын қорғаған бұл екі одақтас Қазақстанға қантын бермей қойып, республикамызда өткір тапшылық туындады. Жергілікті әкімдіктер бұл өнімді бір қолға 5 келіден артық сатпау туралы қатаң норма енгізді. Тек ел Үкі­меті Еуразиялық экономикалық ко­миссиядан 2022 жылғы 31 тамызға дейін Бразилиядан, Мексикадан 350 мың тонна шикі құрақ қантын одақ­тың баж салығынсыз әкелуге қол жеткізгеннен кейін ғана баға мен нарық тұрақтанды. Міне, енді Қазақстанға алыс-жақын шетелге тәуелділіктен бір­шама арылуға мүмкіндік беріліп отыр. 

– Қазақстан ұзақ жылдан бері сырт­тан тасылатын қантқа және әлем­дік баға конъюнктурасына қатты тәуел­ді. Ішкі сұраныс жыл санап өсіп келеді. Бұған дейінгі астық рекорды 1990 жылы болған еді. Сонда Қазақ­стан­да 1 миллион 43,7 мың тонна қант қызылшасы жиналды (биыл 1 млн 200 мың тоннадай жиналады деп жоспарланған). Одан 135 мың тонна қант өндірілді. Соның өзінде елдің іш­кі қажеттілігі отандық өніммен 35 пайызға қамтылды. Одан кейін өндіріс қарқынды құлдырады және кейінгі онжылдықтарда керекті құмшекердің 95%-ға дейінгісі шетелден тасылады немесе импорттық қант құрағынан жасалады. Тиісінше, шамамен 5 пайыздайы ғана қазақстандық қызылшадан өндіріледі, – деді экономика ғылымдарының докторы, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Асқар Шәріпов. 

Салдарынан, Қазақстан әлемдегі қанттың аса ірі импорттаушыларының біріне айналып кетті. Жағдайды түзеу үшін тікелей Президенттің тап­­­­­сырмасымен, Үкімет 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №726 қаулысымен «Қазақстанда қант саласын дамыту жө­ніндегі 2022–2026 жылдарға арнал­ған кешенді жоспарды» бекітті. Сондай-ақ елімізде «тәтті түбірді» өсіру ісіне инновациялық технологиялар ен­гізіле бастады. Оның мәні – егіс үшін қызылшаның барынша өнімді, өсім­тал сұрыптары мен дақылдар гиб­­­ридтерін іріктеп алуды, сондай-ақ қант қызылшасының өсуі мен дамуы үшін мейлінше қолайлы жағдайлар туғызатын агротәсілдер кешенін қолдануды қарастырды. 

Сонымен бір мезгілде қант қы­зыл­­шасын өсірушілерге және өңдеу­шілерге ұсынылатын субсидиялар арттырылды (диқандарға келісіне – 25 тең­геден, зауыттарға – 15 теңгеден бе­ріл­ді). Оның егілетін егістігінің көлемі еселеп ұлғайтылды: 2024 жылы 25,2 мың гектарды құрады. Салыстырсақ, қант қызылшасы 2022 жылы небәрі 11,6 мың, 2023 жылы – 13,4 мың гек­тар­ға егілген. Жалпы, Үкімет қант қы­зылшасының егіс алқаптарын жыл сайын орташа есеппен 6,5 мың гек­тарға ұлғайтып, келесі екі жылда 38 мың гектарға дейін жеткізбек.

Академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Шолпан Бастаубаева бір маңызды жайтқа назар аудартады. «Ауыл шаруашылығы ғы­лымына баса мән берілді» деп кейбірі аңсай еске алатын Кеңес заманында қант қызылшасының өнімділігі бойынша ең жоғарғы нәтижеге тек 1972 жы­лы ғана қол жеткізілді: Қазақстанда оның астығы 73,1 мың гектардан 338 цент­нерден айналған. Кейін қайта құл­дырады. Тәуелсіз Қазақстанда болса, кейінгі кезеңде тәтті түбірдің жыл сайын­ғы шығымдылығы әр гектардан 360 центнерден төмен болмапты. Ал, 2024 жылы әр гектардан 550-700 центнер­ге дейін барғалы тұр. Ен­­­­деше аз егіп, көп өнім алатын еңбек өнімділігіне қол жеткізе бастады. Бұл тұрғыда да таңдануға, тәнті болуға, тарихқ­а жазуға тұрарлық рекорд орнайды. 

Миллион тонна қызылша өңделмек

Қазір дәнді дақылдарды ору толық аяқталғанымен, қант қызылшасын және майлы дақылдарды жинау жал­ғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2024 жылы қант қызылшасы бойынша рекордтық өнім алынатынын жариялады.

– Биыл қант қызылшасының ре­корд­­тық өнімі күтіледі. Қант қызылшасының 10 мың гектары немесе 40%-ы жиналып, өнімділік әр гектардан орта есеппен 540 центнерден айналды. 23 қа­зандағы жағдай бойынша әзірше 549 мың тоннасы жиналды. Жамбыл және Жетісу облыстарының әкімдіктері жаңа өнімді қант зауыттарына жет­кізу мәселесін қарастырып, әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісінің қант қызылшасын қабылдау кестесін жа­сағанын атап өту керек. Бүгінгі күні өң­деуге 432 мың тонна қант қызылшасы жеткізілді, – деді министр. 

Ол астық жинау науқанының қо­ры­тындысында биыл 1,2 миллион тоннадай қант қызылшасы (Жамбыл об­лысында – 640 мың, Жетісу об­лы­сын­да – 560 мың тонна) алынатынын жет­кізді. Алдағы мақсат – осы мол өнім­ді ысырап етпей, ел қажеттілігіне жарату. Бұл мақсат-мұраттың қа­­лай жүзеге асырылып жатқанын Се­нат депутаттарына Үкімет басшы­сы Олжас Бектенов айтып берді. Оның мә­ліметінше, биыл Жамбыл облы­сын­­да қызылшаның өнімділігі әр гек­тарынан 700 центнерден асып түсті! Мұндай көр­сеткішке әлемдік империя санал­ған, адами, ғылыми, қаржылық ресурс­тары ғаламат Кеңес Одағы да қол жеткізе алмады.

Үкімет ұшан-теңіз астықты рәсуа етпей, ел игілігіне айналдыру үшін жо­ғарыда аталған Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар аясында қант зауыттарын кеңейту, технология­лық жабдықтарын жаңарту және жаңа инновациялық қант зауытын салу мәселесін пысықтап жатыр. 

Елде бүгінде 4 қант зауыты ғана жұ­мыс істейді. Бұлар – «Ақсу-Қант» ЖШС, «Көксу қант зауыты» ЖШС, «Мер­кі қант зауыты» ЖШС және «Та­раз қант зауыты» ЖШС. 

Олжас Бектеновтің айтуынша, қант зауыттарының технологиялық же­лісін жаңарту және өндірісті автоматтандыру үшін 2028 жылға дейін жал­пы сомасы 57,4 миллиард теңге қара­жат қажет. 2026 жылға дейінгі ке­шенді жоспар аясында Жамбыл об­лысындағы Меркі қант зауытының қуаттылығын 3-тен 4 мың тоннаға дейін кеңейту, ал Тараз зауытында қант қызылшасын өңдейтін технологиялық жабдық орнату үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытын жаңғыртуға 11,4 млрд теңгеге жуық инвестицияланды. Сондай-ақ облыстық бюджеттен осы зауыттың негізгі жабдықтарына жөндеу жүргізу үшін 3,3 млрд теңге бөлініпті. Жөндеу жұмыстары алдағы апталарда аяқталуға тиіс. 

Үкімет басшысы Жамбыл облысының Шу қаласында QazSugar Cо ЖШС қуаттылығы жылына 130 мың тонна қант шығаруға жететін заманауи жоғары технологиялық қант зауытын салу жобасын пысықтап жатқанын хабарлады. QazSugar Cо ЖШС мен Түркияның ірі қант өндірушісі – Anadolu Birlik Holding A.S. арасында жобаны іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы меморандум жасалды. 

Ауыл шаруашылығы министрлі­гі­нің дерегінше, бұл қант зауыты жы­­лына 1 миллион тоннаға дейін қы­­­зылшаны өңдей алады. 2024 жылғы 8 қа­занда, Үкіметте вице-премьер Се­рік Жұманғариннің төрағалығымен ұйымдастырылған жиында жобаның тұсаукесері өтті. Жобаға сәйкес, зауыттың өңдеу қуа­ты тәулігіне 8-10 мың тоннаны құ­рай­ды, бұл жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге және 130 мың тоннаға жуық қант жасауға мүмкіндік береді. Отырыста қолданыстағы қант зауыттарын жаңғырту және жаңа зауыт салу нәтижесінде Қазақстанның қант импортына тәуелділігі кезең-кезеңімен төмендетілетіні және қант қы­­зылшасы тереңдете өңделіп, жаңа өнімдер шығарылатыны айтылды.

Салада қандай қиындықтар бар?

Олжас Бектеновтің тұжырымдауынша, отандық шикізатты молынан өң­деу есебінен 2026 жылға қарай өн­діріс көлемін ұлғайтатын, сөйтіп ішкі на­рықтың қазақстандық қантпен қам­тамасыз етілуін қазіргі 7%-дан 43%-ға дейін арттыратын іс-шаралар қол­ға алынды. 

Құрылысы әзірге басталмаған жаңа зауыт, әрине, биылғы рекордтық астықты игеруге қатыса алмайды. Үкіметтің дерегінше, 2024 жылы Мер­кі қант зауытында – 450 мың тон­на, Көксу зауытында – 250 мың тон­на, Ақсу зауытында – 400 мың қы­зыл­шаны өңдеу жоспарланған. Та­раз зауытының қант қызылшасын өңдеуге арналған жаб­дығы жоқ, тек қант құрағын өңдейді. Онда қант қызылшасын да өңдейтін технологиялық желі орнатудың құжаттары әзірленіп жатыр.

Қант зауыттарын айналым қаражатпен қамту үшін «Аграрлық несие кор­порациясы» АҚ «Ақсу Қант» ЖШС-ның айналым қаражатын 15 млрд теңгеге толықтыру өтінімін ма­құл­дады. Меркі қант зауытының 9 млрд теңге өтінімі қарастырылып жатыр. 

Отандық шикізатты өңдеуге бағ­­­дар­ланған үш зауыттың қуаты биыл­ғы мол астықты тез игеруге жетпей жат­­­қаны байқалады. Бұл ауыл шаруа­шы­лығы өндірушілері мен трей­дерлердің на­разылығын туғызды. Мысалы, Мер­кі зауытының алдында қызылша тиелген жүк көліктері ауқымды көлемде жиналып, кеп­теліс туындады. Жүргізушілер ке­зегін ұзақ күтті. Жағдайды шиеле­ніске жеткізбеу үшін Жамбыл об­лысына ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров аттанды. Ол Меркі қант зауытының акционерле­рімен кездесті, қызылша қабылдау пунктінде астықты қабылдау, өңдеу жә­не қант өндіру процесімен таныс­ты, жүргізушілермен келіссөз жүргізіп, жағдайды түсіндірді.

Дау-жанжалдың тууының мәнісі мынада: биыл Жамбыл облысы қант қызылшасын бұрын-соңды болмаған көлемде, 600 мың тоннадан астамын жи­намақ. Алайда жергілікті Меркі зауыты әрі кетсе соның тек 450 мың тоннаға дейінгісін қабылдап, өңдеуге да-йын. Мұның сыртында жаңа астықты қабылдау бертінде ғана басталды. Кәсіпорынға ағылған өнімнің үлкен легіне байланысты оны қабылдауда қиындықтар туындады, көліктерден ұзын-сонар кезектер пайда болды. Мәж­бүрлі ұзақ күту фермерлердің наразылығын тудырды.

АШМ Жамбыл облысы әкімдігі­мен бірлесіп, жағдайды шешуге ба­ғыт­талған жедел шаралар қабылдады. Бірін­шіден, 10 қазаннан бастап зауыт­тың қант қызылшасын қабылдау бойын­ша тәуліктік қуаты қосымша төсеу машиналары есебінен бұрынғы 4,5 мыңнан 5,9–6 мың тоннаға дейін күрт ұлғайтылды. Бірақ Меркі зауыты биылғы астықтан бәрібір жалпы кө­лемі 450 мың тонна қызылшаны ғана қабылдайды.

Екіншіден, өнімдерді зауыт акцио­нерлерімен бірге бекітілген кес­те бойын­ша қабылдау енгізілді. Бұл фер­мерлердің қызылшаны зауытқа өз бетінше бейберекет әкелуін тоқтатып, жеткізілімді реттеуге мүмкіндік бе­­реді. Үшіншіден, зауыттан 100 ша­қы­рымнан қашық жатқан егін шаруашылықтарына шикізатты жеткізу кезіндегі көлік шығындарына өтемақы енгізілді: ол әр келісі үшін 3 теңгені құрайды. Осы арқылы диқандар өнімін басқа зауыттарға апара алады.

«Үкімет Қазақстанда өндірілген қант қызылшасының барлық көлемін Қазақстанның қант зауыттарында қабылдауына кепілдік береді! АШМ облыс әкімдіктерімен және зауыттармен бірлесіп қант қызылшасын жүктеу жоспары мен қабылдау кестесін күні бұрын әзірледі. Меркі қант зауыты қуа­тының жетіспеушілігін ескеріп, Жам­был облысының 100 мың тонна қант қызылшасын Жетісу облысындағы Ақсу қант зауытына қайта бағыттауға шешім қабылданды. Осыған орай фермерлерге көлік шығындарын өтеу мақсатында субсидиялау нормативі тоннасына 25 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін ұлғайтылды», – деді АШМ.

Жамбыл облысында 1 млн тонна қант қызылшасын өңдейтін жаңа зауыт салынса, фермерлердің мәселе­сі де біршама шешілер еді. Сенатор Сә­кен Арубаевтың пайымдауынша, биыл­ғы астықтан миллион тоннасы өң­делсе, 120-130 мың тонна қант алуға бо­­­лады. Республикада қантты ішкі тұ­тынудың көлемі – 507 мың тонна. РФ пен Беларусь қантына жоғары тәуел­ділік бәрібір сақталады. Сондық­тан қант өндірісін дамыту – ұлы мұрат және Қазақстанның азық-тү­лік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің стратегиялық басым бағыттарының бірі болып қала береді. 

Айхан ШӘРІП