«Күйеуім жеті күнде сақина салып, үйленді»: Тамара Асар алғаш рет отбасы туралы айтты

Әнші тұрмысқа шыққаннан кейін Ажар атты қызын өмірге әкелді.

Әнші Тамара Асар “Әйел әлемі” бағдарламасында алғаш рет жолдасы туралы айтты, – деп жазды Aikyn.kz. 

Әнші күйеуімен танысқан сәтті еске алды. Айтуынша, Жаратушыдан адал жар сұрап, содан көп өтпей күйеуін кездестірген.

“Қамбар Алматыға университетке оқуға түсетін болды. Пәтер алып, жөндеп, қаражат керек болып тұрған кез. Несібемді әнмен теріп жүрген кезім. Әр қалаға ұшып, қатты шаршаған болуым керек. Қонақ үйге кірдім, бетімнің бояуын жууға күшім келмей тұр. Алда әлі ұшу керек, екі концерт бар. Айнаға қарап тұрдым да, «Шаршаған жоқпын, шаршамаймын. Алла естіп тұрсаң, маған асырайтын күйеу берші» деп тіледім де, ұйықтап қалыппын. Ондай дұға жасағанымды ұмытып қалғанмын. Сол жақтағы іс-шараны өткізіп, бір жарым күн өткенде күйеуімді жолықтырдым. Қасымнан өтіп бара жатып, “Қандай әдемі әйел. Мен мына кісіге үйленемін” деді. Сол адам жеті күнде сақина салып, үйленді”, – дейді әнші.

Әнші тұрмысқа шыққаннан кейін Ажар атты қызын өмірге әкелді.

“Ол маған дәнекерлеуші болып жұмыс істеймін деді. Сөйтіп “сварщикке” тұрмысқа шығып кете бердім. Сөйтсем, өндіріс басқаратын жігіт екен. Анасы өмірден өткеннен кейін мүлдем шай ішпей кетіпті. Бас қосқаннан кейін, менің шай құйғанымды көріп, қатты таңғалды. «...Бір күні әкеңнен, шешеңнен қалған не бар?» деп сұрадым. Әкесінің аты жазылған кілем, сосын 1829 жылғы қазан бар екен. Анасы ас пісірген кішкентай қара қазаны да бар. Содан әкесінің кілемін тазалап, қабырғаға ілдім. Кішкентай қазанды тазаладым. Соған күнделікті ас пісірдім. Үлкен, ескіріп қалған қазанды екі-үш ай тазалаттық. Жұмысшыларға наурызкөже пісірдім. Кілемді ілдім, содан көп өтпей балалы болатынымды білдім”, – дейді әнші.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.