Геннадий Головкин Олимпиада бағдарламасында боксты сақтап қалуға уәде берді

Геннадий Головкин спортшыларға арналған үндеуінде 2028 жылғы Олимпиада ойындары бағдарламасында боксты сақтап қалуға басымдық беретінін атап өтті.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті, World Boxing Олимпиадалық комиссия төрағасы Геннадий Головкин Пуэблодағы (АҚШ) бокстан U19 әлем чемпионатының қатысушыларымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz olimpic.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстан ҰОК басшысы әлем біріншілігіне қатысып жатқан командаларға бейресми жағдайда қолдау көрсетіп, сонымен бірге жас боксшылармен естелікке суретке түсті. 

Геннадий Головкин спортшыларға арналған үндеуінде 2028 жылғы Олимпиада ойындары бағдарламасында боксты сақтап қалуға басымдық беретінін атап өтті. 

«Қазіргі таңда араларыңызда болашақ чемпиондар, Лос-Анджелестегі ойындарға қатысатын олимпиадашылар бар. Өз тарапымнан боксты Олимпиаданың жарыс бағдарламасында сақтап қалу үшін қолымнан келгенін істеймін деп уәде беремін. 

Биікке ұмтылыңыздар, мақсаттарыңызға жету үшін күштеріңізді аямаңыздар. Барлығыңа жеңіс және әлем чемпионатында жетістікке жетуді тілеймін», – деді Геннадий Головкин. 

Айта кетелік, Пуэблодағы әлем чемпионаты World Boxing аясында алғаш рет ұйымдастырылған. Оған 30 елден 180 боксшы қатысып жатыр.