Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында Төрехан Сабырхан (67 кг) өзбек боксшысын жеңіп, жартылай финалға жолдама алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Алғашқы раундта боксшылар бір-бірінің әлсіз тұсын іздеп, көбірек барлаумен айналысты. Тиісінше соққылар да көп жұмсалған жоқ. Төрешілер бұл раундты белсендірек жұмыс істеген Акбар Ахмадовтың пайдасына шешті (4:1).
Есесіне қалған екі раундта Төрехан Сабырхан өзбек боксшысын аясуыз соққыға жығып, бас көтеруіне мүмкіндік берген жоқ. Қос раундта да төрешілер 5:0 есебін тіркеді. Жеңіс Қазақстанда.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстанның тағы үш боксшысы жартылай финалға шыққан болатын. Ерлер арасында Диас Берікбай (48 кг) испан боксшысын 3:2 есебімен жеңсе, қыздар құрамасынан Әнел Абдрасилова (48 кг) мен Аружан Жаңабаева (63 кг) да келесі айналымға шықты.
Жекпе-жектің видеосын мына сілтемеден көре аласыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.