Еліміздің Орталық сайлау комиссиясы ең тәжірибелі мүшесінен «айырылды». Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен өткен Жоғарғы палатаның жалпы отырысында сенаторлар ОСК мүшесі Бақыт Мелдешевтің өкілеттігін тоқтату және қызметінен босату туралы қаулы қабылдады. Б.Мелдешев еліміздің бас сайлау органында 20 жылдан астам уақыт бойы табан аудармай қызмет атқарған екен. Оның зейнеткерлікке шығуына әзірге төрт жылдай уақыты бар. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева Бақыт Мелдешевке табыс тіледі.
– Бақыт Сәрсенбайұлы өкілеттігінің конституциялық мерзімі бітті. Сондықтан біз оны ОСК мүшесі лауазымынан босатуға тиіспіз. Б.Мелдешев еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасуына үлкен үлес қосты. Біз оған зор ризашылығымызды білдіре отырып, алдағы жұмысына табыс тілейміз! – деді Дариға Нұрсұлтанқызы. «Бақыт Сәрсенбайұлын жақсы білеміз. Оны лауазымына кезінде біз сайладық. Ол үлкен іс тындырды. ОСК-дегі 20 жыл жұмысының тең жартысында – он жыл бойы Ортсайлауком хатшысы болды. 1987 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне қызметке тұрған. Содан бері мемлекеттік қызметте жұмыс істеп келді», – деді депутат В.Волков.Осы жалпы отырыста сенаторлар Жоғарғы сот судьясы қызметіне Н.Әбдіқановты, М.Бектұрғановты және Ш.Даниярованы сайлады. Жаңадан сайланған судьялар ант берді. Бұдан бөлек, күн тәртібіне сәйкес кезінде Сенат тағайындаған Конституциялық кеңестің мүшесі Ү.Шапақтың өкілеттігін тоқтату және Конституциялық кеңес мүшесі қызметіне жаңа мерзімге қайта тағайындау мәселесі талқыланды. Жиын барысында Қазақстан және Ресей үкіметтері арасындағы «Байқоңыр» кешенін газбен жабдықтау туралы келісім ратификацияланып, Мемлекет басшысының қол қоюына жолданды. Халықаралық құжатты қорғаған Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың мәліметінше, бүгінде Байқоңыр қаласында 328 көппәтерлі тұрғын үй, 45 жеке үй, 5 мектеп, 3 балабақша, көпсалалы аурухана табиғи газға қосылыпты. Оларға бұрын ресейлік компания сұйытылған газ жеткізетін. Оның бағасы 1 текше метрі үшін 343 теңгені құраған. Енді Байқоңырды табиғи газбен қамту отандық «ҚазТрансГазАймаққа» жүктелді. Сөйтіп, газ бағасы Қызылорда облысына арналған бағамен теңесті: әр текше метрі тұрғындар үшін 18,6 теңге, ал заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдар үшін 18,9 теңге ғана болады. Осының алдында Сенат депутаттары «өңірдегі бірнеше ауылды газбен қамтитын Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырына Байқоңыр қосылса, құбырдағы «көгілдір отын» бәріне жете ме?» деп алаңдаған. Энергетика министрлігі ол құбырдағы газ ішкі қажеттілікті толық өтеумен қоса, тіпті Қытай еліне де эскпортталатынын жеткізді. Айхан ШӘРІП