Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» орталығының қолдаумен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі өткізген ұлттық байқауға елордалық сегіз жас отбасы қатысты. Сайыстың мақсаты – қазақ халқының салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын заманға сай жаңғырту, жастар арасында насихаттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру.
Отбасылық сайысқа жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, Президенттік орталыққа қарасты Мәдени және білім беру жобалары қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Ақбота Хамитова, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айнұр Жүгінісова, Қ.Мұхамедханов атындағы №90 мектеп-гимназиясының ұстазы, айтыскер ақын Азамат Малжанбай және Журналистер одағының мүшесі, этнолог-тарихшы Тұрар Шәкен қазылық етті.
– Қоғамда отбасылық құндылықтарға байланысты проблема көп. Сондықтан ұлттық дәстүрлеріміз әр отбасында дәріптеліп, балаларға қазақы тәрбие берілсе, отбасы институтының мәртебесі биіктеп, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталса деген мақсатта өткізіп жатырмыз, – дейді «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрар Сәттарқызы.
Биыл байқауға қатысуға 15-ке жуық жас отбасыдан өтінім келіп түссе, байқау шартына сәйкес олардың арасынан 8 отбасы іріктеліп алынған. Сайыста ата-әжелер жас ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі ой айтып, тағылымды жыр оқып, ән салды. Ал жігіттер жағы қамшы өріп, білектілік көрсетіп жатса, олардың жұбайлары ұмыт болған ұлттық тағамдарды дайындап, балалар өнерлерін ортаға салды. Осылайша, салт-дәстүрлерімізді, әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып өзара бақ сынасты.
– Байқауға қатысу қиындық тудырған жоқ. Күнделікті дайындалдық. Үйде үлкен атамыз бар. Ол кісі өзі ақын, жазушы. Жолдасым Бақытбек Мекебайұлы екеуміз мектепте ұстазбыз. Өзіміз тіл мамандары болғаннан кейін бізге қатты қиындыққа соққан жоқ. Балаларымыз да қазақи. Ұлттық салт-дәстүрлерімізді үйде де күнделікті қолданып жүреміз, – дейді Мекебай ата отбасының келіні Назгүл Қызырқызы.
Байқау нәтижесінде бас жүлде Мекебай отбасына бұйырды. Бірінші орынды Мұқажановтар отбасы жеңіп алса, екінші орынды Сембековтер отбасы еншіледі. Үшінші орынды Сауханов пен Хызайхан отбасы иеленді. Ал арнайы номинациялар бойынша «Өнегелі отбасы» – Қалитовтер отбасына, «Дәстүрге берік отбасы» – Пірімқұловтар отбасы мен «Көрермен көзайымы» Мұқановтар отбасына табысталды.
Венера МҰРАТҚЫЗЫ