Шетін мәселе шешімін табуы тиіс

Елордадағы «Астаналық» базары маңын­дағы Ш.Уәлиханов көшесі, 25, 25/1, 25/2, 23 үйлері тұрғындарының өтініші бо­йынша «AMANAT» пар­тиясы Астана қалалық филиалы жанындағы Өңірлік даму кеңесі мүшелерінің көшпелі отырысы өтті.

Бұл үйлер 5 жыл бұрын пай­далануға берілген. Пәтерлерді көпбалалы, толық емес отбасы және мемлекеттік қызметшілер санаттары бойынша кезекте тұрғандар алған. Бүгінде 24 қа­батты үйдің 1500 пәтерінде 8 мың­нан астам адам тұрады. 

Тұр­ғын­дарды үйлердің тех­никалық жағ­­дайы, ин­же­нерлік ком­м­уни­кациялардың жай-күйі. Олар­дың ішінде жылу то­рап­та­рын­дағы сорғылар, электр қалқан жабдықтары және пар­кингті электрмен жабдықтау, ша­тыр, желдету және өртке қар­сы да­был, нөсер кәрізі (пар­кингті су басу), кіре­берістерді жөндеу сияқ­ты бірқатар мәселе алаң­да­тады. Олардың ай­туын­ша, бұған дейін бірнеше рет мем­лекеттік органдарға жү­гінген. Тұрғын үйлерде инже­нерлік ком­муни­кациялық жүйе­лер болға­нымен, жұрт игілігін көре алмай отыр­ғанын жеткізді. Көпбалалы ана Гүлдария Тал­ғатқызы мұндай көшпелі жиын­ның бұған дейін де біразы бо­лып, айтылған мә­селе ескерусіз қалғанына көңілі толмағанын айтты. 

– Мен 7 баланың анасымын. Бұл халық көбірек қоныстанған аймақтың бірі болғандықтан, кейде үй-күйсіз жүргендер кіріп кетеді. Яғни, қауіпсіздік шара­лары дұрыс реттелмеген. Менен басқа қаншама көпбалалы ана бар. Ойын баласы болса көп. Ал сырттан кіріп келген бейтаныс адамның әр қабатта түнеп шы­ғуы, рұқсатсыз кей пәтерлердің есігін қағуы бәріміз үшін қауіпті деп ойлаймын. Осы үйде тұрып жатқаныма 5 жыл болды. Мұнда жиын талай рет болды. Бірақ ай­тылған мәселе шешілмейді, әр кездесуде қайта-қайта айта­мыз. Екіншіден, жас отбасы да көп. Әрі көпбалалы отба­сының әлеу­меттік жағдайының тым жақ­сы емесінен коммуналдық төлем­дер кешігіп қалатыны бар. Сал­дарынан, коммуналдық жағ­дайлар нашарлайды. Одан бө­­лек, бұл үйде жөндеу жұмыс­тары болмағаны былай тұрсын, өртке қарсы дабыл жоқ, желдету, нө­сер кәрізі сияқты жүйелер іс­тен шыққан. Пәтер беретін кезде кілтті қолымызға ұстатты да кетті. Жүйелердің сақтандыру құжаты да болмады, – деді тұрғын. 

Қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­циясының мүшесі Қанат Естек тұрғындарды алаңдатқан мәселе жақын арада шешімін таба­тынын түсіндірді.

– Бүгінгі айтылған мәсе­ле­лерді тұрғындардың жан ай­қайы деуге болады. Үйлердің беріл­геніне 5 жылға жуық уақыт бол­са, содан бері ешқандай толық­қанды жөндеу жұмыстары атқарылмаған деп жатыр. Олар­дың мәселесін шешу үшін әкім­шіліктен, құзырлы органдардан жауапты мамандар шақырдық. Бұл жерде тоқтала кететін жайт, аталған үйде 1050 жас отбасы және 200 ден астам көпбалалы ана тұрады. Кезінде оларға пә­тер берілген кезде жалға алу уа­қы­тының 5 жыл екені жазыл­ған. Бірақ сол құжатта бұл уа­қыт­тан тағы создыруға болатын мүмкіндігі де айтылып еді. Бү­гінде Сенатта да, Мәжілісте де тұрғын үйді жалға алу туралы заңнама қарастырылған. Яғни, осындай пәтерде тұрғандар оны сатып ала алытыны туралы ке­лісімге қол қойылды. Қазір ол құжат Мемлекет басшысына жіберілді. 10 күн ішінде жауап болуы мүмкін. Егер Мемлекет басшысы қолдаса, көпбалалы отбасы өздері тұрып жатқан осы пәтерлерін сатып ала ала­ды. Ал жас отбасылар туралы ақпарат жоқ. Демек, олар үйді босатуға тиіс. Айналып кел­генде, тұрғын үйлердің ішкі және сыртқы жөндеу жұ­мыс­тарына көп қар­жы бөлінуі ке­рек. Тұрғындарың өзінен жи­нап, 15 жылға дейін бөліп тө­леуге болады десек, олардың 70 пайызы – жас отбасы. Олар бүгін не ертең үйлерін бо­са­та­ды. Сондықтан жас отба­сыға артық шығынның керегі жоқ, – деді Қ.Естек.

Депутаттың айтуынша, отырыста айтылған мәселелер бойынша ал­дағы уақытта прокуратура, әкімшілік, басқа да құзырлы ор­гандарда кеңесіп жұмыс ат­қарылады. 

С. БЕГІМБАЙ