Балалық шақтағы психологиялық жарақаттар туралы ашық әңгімелер көбейген бүгінгі қоғамда осы мәселеге қатысты көзқарастар да өзгеруде. Осы орайда біз психотерапевт Сая Бақимовамен сұхбаттасып, адам психикасына жарақат әсері, олармен жұмыс істеудің жолдары және ата-аналардың жауапкершілігі жайлы сөйлесіп көрген едік.
– Сая ханым, бүгінде балалық шақтағы психологиялық жарақат және оның ересек өмірге әсері неге жиі талқыланады? Қоғамда не өзгерді, бұл туралы ашық айтуға бізді не итермелейді? Адамның ересек өмірінде жиі кездесетін балалық шақтағы психологиялық жарақат түрлері қайсы?
– Бүгінде адамдарда өзі жайлы рефлексия жасауға көбірек уақыт табылды. Сол себепті адамның ішкі дағдарысы туралы жиі айтып жүрміз. Жалпы, неге адамның балалық шақтағы жарақатының салдары ауыр? Өйткені бала күнінде адамның психикалық қуаты жоқ. Мәселен, ересек адам басына қиындық түссе, ол өзінің психикалық аппараты, өмірлік тәжірибесі, туған-туыс, дос-жарандарымен қарым-қатынасы, яки қандай да бір білімі (мысалы діни) арқылы жағдайды талдай алады. «Бұл істің де бір хайыры бар» деп өзіне басу айта алады. Ал кішкентай бала проблема туындаса, оны түсіне де, тоқтата да алмайды. Оның психикалық аппараты өте әлсіз. Ал түрлеріне келетін болсақ, жас кезінде ата-анасынан айырылуы, көпбалалы үйде баланың ата-анасымен тікелей байланысы болмаса, яки аз болса, шақалақ шағында анасынан басқа жақыны бағып алып, соның қолында өссе, ұзақ уақыт бойы тұрмысы төмен, қиын әлеуметтік жағдайда өссе (мұның ішіне ас-ауқаттың тапшылығы да, сол уақыттағы қоршаған ортамен байланысы да кіреді), өмірлік табиғи апаттарға тап болса (мысалы, бала күнінде баспанасы өртеніп кетсе, жол апатына ұшыраған болса), ересек адамның балаға жасайтын физикалық және психикалық, жыныстық зорлық-зомбылық салдары және тағы басқа да жағдаяттарды атауға болады. Осы аталған жағдайдың бірі ересек адамның өмірінде кездессе, ол жоғарыда айтылған түрлі фактордың бірінің не бірнешеуінің септігімен жағдайды қорыта алады. Ал баланың ондай мүмкіндігі жоқ, тіптен қалыптасып үлгермейді.
– Неге ересек адамдар көбіне өзінің психологиялық жарақатына ата-анасын кінәлайды? Бұл өзін-өзі танудың жаңа тренді ме, әлде жауапкершілікті өзінен алшақтатуға тырысу ма?
– Баланың өзінің ішкі жарақатына ата-анасын кінәлауының логикалық себебі бар: оның кішкентай күнінде барлық жауапкершілік ата-анасының мойнына жүктеледі. Өйткені бүлдіршін о баста әке-шешесінен басқа ешкімді танымайды, өзге де әлеуметтік концепциялар жайлы ұғымы қалыптаспаған, өмір, тағдыр дегенді түсінбейді, оның таным-түсінігіндегі тұтас әлемі – тек ата-анасы. Сол себептен өзінің бала өмірінде кезіккен қиын жағдайлар мен оның салдарына әке-шешесін кінәлайды. Әйтсе де, бұл құбылыс осы қалпында өмір бойына қалып қалады дей алмаймыз. Адам терапия барысында, өзін-өзі тану жолында бұл кінәлау сезімі азаяды, яғни ересек адам ата-анасын кінәлаудан өзіне жауапкершілік алуға (авт. – деңгейіне) көбірек өтеді.
– Өз жарақатын тану және онымен жұмыс істеу адамның эмоционалды тұрақтылығына әрдайым ықпал ете ала ма? Жағдайды керісінше ушықтыратын сәттер бола ма?
– Негізі, терапияға келген уақытта екі сценарий де болуы ықтимал: иә, адам бірте-бірте эмоциялық тұрақтылыққа жетеді, я болмаса, бұрынғы жағдайы нашарлап, ішкі күйін ұшықтырып жіберуі де мүмкін, оны – кері терапиялық әсер дейміз. Оның үстіне, адам баласының ішінде кез келген жағдайды тұрақты ұстап тұруға тырысатын, қандай да бір өзгерісті жақсы көрмейтін үлкен күш бар. Әрбір психика өзін қалай бар сол қалпында сақтап қалуға ұмтылады. Былай қарағанда, адамның психикалық аппаратының жай-күйі оны бүгінгі күніне дейін тірі күйінде жеткізді. Бұл орайда адам психикасы «мен тірі қалдым, бәрі жақсы, ештеңе өзгертпейміз, өзгертетін болсақ, оның салдары қандай болатыны белгісіз, сол себептен осы тұрақтылықты сақтап қалу керек» дегендей ойлайды. Адамның өзгерісті бейсаналы түрде қаламауынан да терапияның кері әсер беретін кездері болады. Бұл уақытта терапия тоқтатылады.
– Балалық шақтағы жарақатпен жұмыс істеуде маңызы және психологиялық терапияның ондағы рөлі қандай, өткенді түсінуге қалай көмектеседі?
– Адам өзінің жарақатымен терапия барысында жұмыс істейді. Әйтсе де, ішкі жарақаты бар барлық адам терапияға жете бермейді. Олар дін, басқа да білімі яки комюнитиінің көмегімен, кейде өзге біреулерге жәрдемдесу арқылы ішіндегі проблемасын жеңуге тырысады, өнермен айналысу, яғни кино түсіру, кітап жазу арқылы ішкі фантазиясын жүзеге асырып жатады. Психотерапия бәріне жете бермейтіндіктен, адам қолынан келгенін істеп, өз жолын табуға тырысады. Күнделікті өмірде адам өзімен-өзі сөйлеп, өзіне айта алмайды ғой, ол әрі кетсе жазады. Ал бұл екеуі екітүрлі процесс. Біз сөйлеген уақытта миымыздың бірнеше бөлігі іске қосылады: біз сөйлейміз, оны естиміз, айтылған әңгімені қорытамыз, тағы сол сияқты. Ал психологтен өзгемен сөйлескен уақытта адам маман сияқты тыңдай алмайды, ол өзінің ойын айтып, кеңес бергісі келеді, сөзін бөледі, оның ауыр сезімдеріне шыдағысы келмейді, сәйкесінше, ақылын айта бастайды, кейде проблемасын құнсыздандырып жіберуі мүмкін. Сондықтан адамды жақсы тыңдауға, оны түсінуге тырысуға, қосымша сұрақтар арқылы ойын өрбітуге көмектесетін – терапия жүргізетін психологтер.
– Неге кей адамдар жарақатын түсініп, онымен жұмыс істегеннен кейін де ата-анасына ренішін ұмыта алмайды?
– Дені сау, ақыл-есі дұрыс, қарттығы жетпеген, мидың органикалық ауру-сырқатына ұшырамаған адамның санасында ештеңе ұмытылмайды, өмірімізде болған барлық естелікті жадымызда сақтаймыз. Оның үстіне, ата-анаға ешқашан ренжімеу, реніші болса да оның ұмыту деген ұғым жоқ. Әке-шешесі балаға ауыр жарақат салатын, қиын қылмыс жасайтын жағдайлар бар. Олар неге ренішін ұмытуы керек?!
– Интернет пен ақпараттың қолжетімділігі адамдардың өз жарақатын түсінуіне қаншалықты әсер етеді? Психология жайлы ақпараттың көп болуынан адам өзіне түрлі жарақатты таңып алмай ма?
– Ақпараттың көптігінен жарақаттану болмайды. Керісінше, әртүрлі мәліметке қолжетімділік жағдайды түсіне түсуге, ол жайлы қандай да бір ұғым қалыптастыруға көмектеседі. О баста адам жан дүниесінде бір аласапыран барын сезеді, сөйте тұра ол сезімі өзіне түсініксіз болады. Кейін әртүрлі деректі зерттеу, оқу, тыңдау барысында сол ақпараттардың ішкі күйіне сай келіп-келмейтінін байқайды. Бәлкім, психология жайлы ақпараттардың адамның жас шамасына сәйкес болуын қадағалауымыз керек. Мәселен, жасөспірімдердің ересек адамдарға қатысты психологиялық мәліметтерді білуі ерте деп есептеймін, яғни олардың жасынан бұрын оқымауына көңіл бөлу керек. Олар алдымен өзіне тән табиғи процестерден өтуге тиіс.
– Қазіргі ата-аналар баласының жарақат алуына әкелетін жағдайдан қалай аулақ бола алады?
– Баланы кішкентай күнінде қараусыз және ұзақ уақытқа қалдырып кетпеуден бастау керек. Әр ана өз нәрестесінің қанша уақытқа шешесіз шыдай алатынын біледі: бірінде – 1 сағат, енді бірінде 3 сағат болуы мүмкін. Бүлдіршін қатты шырқырап жылап, тіпті, қарайтын басқа адам болса да, анасын аңсап қалмауға тиіс. Бала қатты жылап қалған кезде оның психикасында ауыр процестер жүріп жатады. Сондықтан балаңыз тым кішкентай, емізулі болса, оны ұзақ уақытқа қалдырмаңыз. Сондай-ақ баланың болашағында болғалы жатқан үлкен өзгерістер жайлы алдын ала түсіндіруге тырысу керек. Мәселен, бала мектебін ауыстыратын болса, не басқа қалаға, яки үйге көшетін болсаңыз, әсіресе ата-анасы ажырасқалы жатса алдын ала балаға түсіндіріліп айтылуы керек. Бір сәтте «біз ажырасатын болдық» деп әке-шешеге екі жаққа кетіп қалуға болмайды. Жалпы, жарақат деген не? Ол – адамның күтпеген, білмеген жағдайын төбеден жай түскендей етіп ескертпестен айта салу. Бала бәрібір ештеңе түсінбейді, ол кішкентай деген оймен оған еш жағдайдан хабар айтпай жүруге әсте болмайды. Отбасы өміріндегі балаға қатысты кез келген өзгерісті кез келген жастағы балаға айтып, ескертіп, түсіндіру керек. Ол өзінің ой өрісі, шама-шарқы жеткенше түсінуге тырысады. Мүмкіндігі жеткенін қабылдайды, жетпегенін фантазияға айналдырып алады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айдана НҰРМҰХАН