Инвестиция – игілік бастауы

Елімізде басым бағыттағы инвестициялық жобалар үшін «жасыл дәліз» құрылмақ. Бұл туралы Президенттің қатысуымен өткен Шетелдік инвес­торлар кеңесінің жалпы отырысында белгілі болды.

Әлемдегі ірі бизнес-қауымдастық өкілдерінің басын қосқан айтулы шарада Қазақстанның жаңа инвестициялық циклі айқындалды. Президент жанындағы Шетелдік инвес­торлар кеңесі 26 жыл бұрын саладағы жүйелі мәселелерді шешу мақсатында ел басшылығы мен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей диалог алаңы ретінде құрылған. Осы уақыт ішінде кеңес өзін елдегі инвестициялық ахуалды жақсартудың маңызды құралы ретінде көрсетті. Бүгінде консультативтік-кеңес отырысы Мемлекет басшысының төрағалығымен жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларға ілтипат білдіріп, кеңестің инвестициялық климатты жақ­сартуға қатысты мәселелерді талқы­лай­тын маңызды диалог алаңына айналғанын атап өтті. Жиында Мемлекет басшысы Халық­аралық менеджментті дамыту инсти­ту­­тының (IMD) мәліметіне сүйене отырып, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мем­лекеттің қатарына қосылғанын айтты.

– Біз 2029 жылға қарай шетелден қо­сымша 150 миллиард доллар тікелей ин­вестиция тартамыз деген өршіл мақсат қой­дық. Бұл міндетті іске асыру үшін Үкі­мет жанындағы Инвестициялық штабқа туын­даған проблемаларды жедел шеше алатын құзырет берілді. Биыл мамыр айын­да ұлттық экономиканы ырықтан­­дыруға негіз қалаған Жарлыққа қол қой­дым. Біз елімізде инвес­торлардың жұмыс істеуіне қо­лайлы жағдай жасау бағытында жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басым бағыттар айқындалды

Президент инвесторлардың назарына лайық бірқатар бағыт пен қызмет сала­ларын атап өтті. Оның ішінде өнер­кә­сіптік сектор, энергетика, агроөнер­кә­сіптік ке­шен, көлік және логистика бар. 

Сондай-ақ жиында Мемлекет басшысы еліміздің минералды-шикізат қоры мол екенін жеткізді. Әсіресе, геологиялық бар­лау және пайдалы қазбаларды игеру сала­­сындағы үдерістердің тиімділігі мен ашық­­­тығын арттыру шаралары жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, Қазақстан соңғы алты жылда геологиялық барлауға 1 мил­­­лиард доллардан астам жеке инвестиция тартқан.

Қазір еліміздегі 1,6 миллион шаршы ша­қырымға жуық аумаққа геологиялық зерттеу жүргізу үшін жер қойнауын пай­далану құқығын алуға болады. Президент айт­қан­дай, бүгінде елімізде бірқатар жа­һандық ойын­шы осы бағытта қарқынды жұ­мыс істеуде. Сонымен қатар еліміз осы секторға инвестиция салуға дайын ком­паниялар үшін оңтайлы жағдай жасауды жалғастыра бермек.

– Жақында қабылданған 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары жергілікті өндірушілерге тың мүмкіндік ұсынады. Жалпы сомасы 86 миллиард дол­лардан асатын 200-ге жуық ірі инфра­құры­лымдық жоба іске асырылмақ. Үкімет жер­­гілікті өндірушілерден оф­тейк-­­келі­­сім­шарттар арқылы сатып алуға арналған тауарлар тізімін жасақтап жатыр. Өнер­кәсіп өркендеуі үшін жоғары білікті жұ­мы­с­­шылар қажет. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұ­мысшы мамандықтары жылы» деп жария­ладым. Біз Қазақстандағы кәсіптік-техни­калық білім беру сапасын арттыруға, сон­дай-ақ тиісті инфра­құры­лымды дамы­туға ниетті инвестор­ларды іздейміз, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы «та­за энергетика» секторының инвести­циялық тартымдылығын арттыру мәсе­лесіне ай­рықша тоқталды. Атап айтқанда, Қазақ­станда жалпы қуаты 43 ГВт болатын «жасыл» жобаларды жүзеге асыру үшін Total, Svevind, ACWA Power және Masdar сияқты әлемдік компаниялармен нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Қазақстан атом энергетикасын да­мыту ісінде мол әлеуетке ие. Сондай-ақ жиында агроөнеркәсіп секторы инвес­тор­лардың назар аударуға лайық саланың бірі екені айтылды.

Инвесторларды қолдау күшеймек

Президент инвесторлар құ­қығын қорғау және реттеушілік саясатты дамыту мәселелеріне ерекше мән берді. Мем­­лекет басшысы сот және құқық жүйе­сінде жүр­гізіліп жатқан жаңғыртулар қо­лайлы ин­вестициялық ахуал қалып­тас­тыруға ба­ғытталғанын айтты. Бүгінде Үкімет пен ин­­весторлардың өзара қарым-қаты­насын цифрландыру аясы кеңейіп келеді. Жыл соңына дейін Ұлттық цифр­лық инвес­тициялық платформа толық іске қосылса, жобалардың жүзеге асырылу барысын нақты уақыт режимінде қада­ғалауға мүм­кіндік туады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында еліміздегі инвестициялық ахуал­ды жақсартуға, жаңа бастамалар мен нақты жобаларды жүзеге асыруға бағыт­талған Шетел­дік инвесторлар кеңесінің мүшелері мен мемлекеттік органдар ара­сындағы диа­логті жалғастырудың маңы­зына назар ау­дарды.

Жиында сөз алған Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо Қазақстанның инвестициялық сая­сатты жетілдіру саласында ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.

Ол Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспарының қабылданғанына ерекше назар аударып және осы салада 200-ге жуық жобаны іске асыру бойынша Үкіметтің алға қойған мақ­сатына байыпты баға берді. Одиль Рено-Бассо мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы экономикадағы жеке сектордың рө­лін арттыруды, жекешелендіруді және реттеуші орта құруды көздейтін шаралар кешенін іске асыруға назар аударды. Сол арқылы Қазақстан жоспарланған инфра­құрылымдық жобаларда өзінің экономи­калық пайдасын барынша арттыра ала­тынына сенім білдірді.

ЕҚДБ президенті жаңартылатын қуат көздеріне тар­тылған инвестиция көлемін арттырып, тиісті инфрақұрылымды құру­дың маңыз­ды­лығын атап өтті. Сондай-ақ электр беру және тарату желілерін жаң­ғырту және цифрландыру қажеттігіне тоқталды.

«Біз Үкіметтің субсидиялардан бас тар­тып, инновациялар мен экспорттық әлеует­ті ынталандыруға негізделген ШОБ-ты қолдау­дың жаңа тәсілі шеңберіндегі бастамаларын құптаймыз», – деді Одиль Рено-Бассо.

Мемлекет басшысы спикерге ұсыныс­тары үшін алғыс білдіріп, ЕҚДБ Қазақ­станда жұмыс істейтін ірі халықаралық қаржы инсти­туттарының бірі екенін атап өтті – оның инвестициялық портфелі 11 млрд доллардан асады.

Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Бай­базаров шетелдік инвесторлар кеңесі отыры­сында сөйлеген сөзінде Қазақ­стан­ның биыл­ғы экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері мен жаңа инвес­тициялық цикл шеңберіндегі жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, елімізде қабылданып жатқан шаралар жаңа ин­вес­тициялық циклді бастауға ба­ғыт­талған. 

«ҚР Шетелдік инвесторлар кеңесі» қа­уым­­дастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков отырыста шетелдік инвестор­лардың бірқатар ұсынысын ор­таға салды.

Жаңа көзқарас

Ал жиында сөз алған CNPC вице-пре­зиденті Чжан Даовэй жаңа инвес­тициялық цикл өнеркәсіптік құрылымды қайта құруға және жаңғыртуға бағытталуы тиіс деген пі­кірін білдірді.

– Бұл әлеуметтік-экономикалық даму мақ­саттарына, ұлттық экономиканың неғұрлым сапалы тұрақты өсуіне қол жет­кізуге мүмкіндік береді. Халықаралық ин­­вес­тициялық ынтымақтастық және ин­но­вациялық технологияларды тарту – мақ­сатқа жетудің тиімді құралы, – деді Чжан Даовэй.

Оның айтуынша, ресурстарды дамыту мен терең өңдеуді ілгерілету, жергілікті өнеркәсіпті өркендету, импортты алмас­тыруға жәрдемдесу, базалық инфрақұры­лымды жаңғырту аса маңызды.

Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузов халықаралық даму банктерінің инфрақұрылымға инвес­тициялар тартуда ерекше рөл атқара­тынына назар аударды. ЕАДБ басшысы су секторына қатысты мәселелерге тоқталды. 

Жиын соңында БАҚ өкілдеріне пікір білдірген ол су ресурстары саласында да ай­мақ үшін маңызы жоғары жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін жет­кізді. 

– Біріншіден, Қазақстанның солтүстік аудандарына су әкеліп, оны кеңейтетін Астрахань, Маңғышлақ жобасы іске асы­рылмақ. Бүгін шетелдік инвесторлар кеңе­сінде Орталық Азияға қажетті иррига­ция­лық жабдықтар өндірісі бойынша өнер­­­­кәсіптік кластерді құрудың өзектілігін айттым. Бұл ауыл шаруашылығы өнер­кәсібін сапалы ирригациялық жабдықтар­мен қамтамасыз етеді. Тиімді суару жаб­дықтары ауыл шаруашылығының өр­­­­­кен­деуі үшін аса қажет. Сондықтан жиында инвес­торларды тарту арқылы осындай зауыт­тың дамуын қаржыландыру туралы ұсыныс жасадық. Қазір бізде Таяу Шы­ғыстан және Қытайдан келген компа­ния­лар бұл идеяға қызығушылық танытып отыр. Сол себепті міндетті түрде бұл зауыт­тың құрылысын бастаймыз деген сенім бар, – деді ол. 

Николай Подгузов Орталық Азияға арналған ирригациялық жабдықтар нарығы жылына шамамен 300 млн АҚШ долларын құрайтынын жеткізді. Қазір бұл әлемдік ТОП-5 нарықтың құрамына кіреді. Тиі­сінше, осы салаға қажетті барлық жаб­дық қа­­зір тек импортталып келеді. ЕАДБ бас­қарма төрағасы осындай өнеркәсіптік өнді­рістік қуаттарды құру мүмкіндігі Қазақ­стан­ның халықаралық еңбек бөлінісіне қа­­ты­­­­­­­суына және бүкіл өңірді осы жабдық­пен қамтамасыз етуіне жол ашатынын алға тартты. 

Сонымен қатар Азия даму банкінің вице-президенті Бхаргав Дасгупта жиында Президенттің «жасыл жобаларға» ерекше назар аударғанын атап өтті. Оның ай­­­туынша, Азия даму банкі ары қарай да энер­гетика секторы, жаңартылатын қуат көздеріне қатысты жобалар, оның ішінде гидроэлектр және күн энергетикасына қа­тысты жобаларға инвестиция құяды. Өйт­кені бұл сала Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды рөлге ие.

«Азия даму банкі – Қазақстанның ұзақмерзімді серіктесі. Біз Қазақстанда 30 жылдан астам уақыт бойы қызмет етіп келеміз. Осы уақыт аралығында Қазақстанға 7 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция жасадық. Одан бөлек, жол құрылысы сек­торына да қатысты ауқымды жобаларға қар­жы тартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы мем­лекеттік-жекеменшік жобаларды қол­дау жоспарда бар. Сондай-ақ айталық, тарифтік саясат пен салық салуды жақсарту және Қазақстанға көбірек инвестиция тарту мақ­сатында ел Үкіметімен тығыз жұмыс іс­тейміз, – деді ол.

Бхаргав Дасгупта қазір ел Үкіметімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жоба­ларын көбірек тарту және оларды іске асыру мәселелері талқыланып жат­қанын атап өтті. Бүгінде Қазақстан мен Азия даму банкі алдағы 4 жылға бекітілген өзара іс-қимыл стратегиялық бағдарламасы шең­берінде жұмыс істейтінін жеткізді.

Кәмила ЕРКІН