Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек еліміздің түрлі аймағына барып, тұрғындармен кездесуін жалғастырып жатыр. Осы аптада ол Жамбыл облысының бірқатар елдімекеніне, соның ішінде Жуалы және Қордай аудандарына ат басын тіреді. Елбасының тапсырмасына сәйкес Nur Otan партиясы алдағы 5 жыл үшін әр облыс, аудан мен елдімекенді дамыту бойынша арнайы ұсыныстар әзірлеуде. Партияның 216 аймақтық бағдарламасында аймақтардың жергілікті ерекшеліктерін ескере отырып, қажеттіліктері мен мәселелері көрініс табуы тиіс әрі оларды шешудің нақты жолдары да көрсетіледі. Сондықтан Бауыржан Байбек іссапарының алғашқы күнінде азаматтық қоғам өкілдерімен, соның ішінде зиялы қауыммен, білім беру және өзге де сала қызметкерлерімен кездесті.
«Б.Момышұлы ауылында кәсіпкер әйелдермен бірге ауылда микробизнесті дамыту мәселелерін талқыладық. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында өз кәсібін ашқандардың арасында көпбалалы аналар да баршылық. Бүгінде олар өз отбасыларын қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, сондай-ақ қоғамдық өмірге де белсене атсалысуда. Дәл осындай белсенді азаматтық ұстанымы бар әйелдер әртүрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруі және алдағы партияішілік праймеризге қатысуы тиіс деп санаймын. Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша, Nur Otan алдағы уақытта өз сайлауалды партиялық тізімдері арқылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға кемінде 30% әйелдердің кандидатурасын ұсынуды жоспарлап отыр», – деп жазды Б.Байбек өзінің Instagram парақшасында.Партия Төрағасының Бірінші орынбасары атап өткен белсенді әйелдердің қатарына көпбалалы ана Әсима Шөкееваны қосуға болады. Қазіргі таңда Жуалы аудандық іскер әйелдер қауымдастығын басқарып отырған Ә.Шөкеева бірнеше жыл бұрын шаруа қожалығын ашқан. Кейін өз қаржысына балабақша салып, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын тегін аспен қамтамасыз етіп отыр.
«Міне, бұл – баршамыз үшін тамаша үлгі. Бір ғана әйел ауыл шаруашылығын, кәсіпкерлікті және білім беру саласын дамытып отыр. Қаншама адамға жұмыс беріп отырғаны тағы бар. Бұл елдегі – тыныштықтың кепілі», – деп атап өтті Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кездесуде. Сонымен қатар ол облыстағы кәсіпкерлік саласында 125 мыңнан астам адам еңбек етсе, олардың тең жартысы әйелдер екенін айтты.Ал Жамбыл облысына жасаған іссапарының екінші күні Бауыржан Байбек Масаншы, Өтеген мен Қордай ауылдарының тұрғындарымен, Nur Otan партиясы Қордай аудандық бастауыш партия ұйымдары мүшелерімен және депутаттармен кездесті. «Мұнда жақында орын алған оқиға тек халықтың ауызбіршілігі мен қоғамдық келісім ғана еліміздің өсіп-өркендеуі мен табысты дамуының негізгі кепілі екенін тағы бір рет есімізге салды. Қордай ауданына арнайы келген сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Қазақстан – достықтың, бейбітшілік пен келісімнің, сондай-ақ, барлық этникалық топтардың ортақ Отаны. Еліміз түрлі тарихи жағдайларға байланысты қиын-қыстау заманда мәжбүрлі түрде қазақ жерін паналап келген халықтың бәрін құшақ жая қарсы алды. Біз біртұтас ұлт ретінде осы өткен күндерден сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет», – деді көпшілікпен кездесу кезінде Бауыржан Байбек. Ал жиынға қатысқан жергілікті тұрғындар болса ауданда жағдайдың тұрақтағанын, азаматтарды қазір қарапайым тұрмыстық мәселелер, атап айтқанда газдандыру, сумен қамту, мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп құрылысы тәрізді дүниелер алаңдататынын айтты. Бұл мәселелердің барлығын Nur Otan партиясы өз бақылауына алады.
«Біз, қарашайлар, бір замандарда Қазақстанға күшпен жер аударылғанбыз. Бірақ дәл осы жерден біз өз Отанымызды таптық, біздің басымыздан өткен қиын күндердің, депортацияның тауқыметін жеңуде ақкөңіл, қайырымды қазақ халқы жәрдемдесті. Сөйтіп, біз осы өлкеде мәңгі қалдық. Мен елімді, Отаным – Қазақстанды сүйемін. Осында өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын», – деді кездесу кезінде Сортөбе ауылы ауруханасының дәрігері Татьяна Апаева.Жергілікті биліктің уәдесіне қарағанда, жуық арада ауданның инфрақұрылымы жаңарту, жаңа үш мектептің, үй кезегінде тұрғандарға арналған 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы және өзге де істер басталмақ. Атап айтқанда, Масаншы ауылында биыл 600 орынды мектеп салу жоспарланыпты. Бұл өз кезегінде осы мектептердің орын жетіспеушілігі мәселесін шешетін болады. Ардақ СҰЛТАН