Бүркеншік аты: Хантұғыр
1. Шын. Дық.
Жетімдік,
Ашаршылық,
Тұрмыс ауыр,
Күйзеліп күн кешуде тұңғыш ауыл.
Тағдыры тұлықтасқа таңылғанға,
Кеш батса күңіреніп, мұң құшады ұл.
Қостөбе-қоңырқай жұрт,
шағын ғана,
Қу тірлік батқан әбден қабырғаңа.
Тасытқан көңіліңді жоқ ештеңе,
Жасытқан жабы күндер Жабырда да.
Текес те,
Қызылұш та,
Нарынқол да,
Ашқұрсақ мұң илеуде қауырт ол да.
Тәттісінің барлығын жүйе тартып,
Бақ құсының қамаған бәрін торға.
Қажытып біткен сәттер қайғы арманды,
Жай қалды,
жазда тозып жайлау қалды.
Ә, дегеннің барлығы арыз жазып,
А, дегеннің барлығы айдауда әлгі,
Әлі жеткен байшыкеш әркім бастық,
Сазытып өзегіңді сарқуда аштық.
Саз кешіп өткен болар балалығың,
Баз кешіп кеткен болар бәлкім жастық.
Кезең ғой тоз-тоз еткен күрт ауылды,
Қай сәттерді білмейсің қымтарыңды.
Балғаға жыққан әбден шырқар ұлды,
Арбаға жеккен ылғи тұлпарыңды.
Бұл кезең оқылмайтын жетім өлең,
Азабы аздау болса жетілер ем.
Аяғы ауыр жеңгем түсік тастап,
Тоғыз айлық бауырым шетінеген,
Әй, қайран жүрегім-ай сетінеген…
Табылса талқаныңды талғажау ғып,
Жүргенде жай боп тиер жалға жарлық.
Сұмдықты көре тұра тік көрсетіп,
Шындықты айтамын деп сан қамалдық.
Соғыс деп сор күндерден өш алғанда,
Қу тірлік қалмассың деп осы арнаңда,
Сүйеуі жоқ бозбала кетті айдалып,
Күйеуі жоқ көрші қыз босанғанда.
Не көрмеді мына бас, көрді бәрін,
Сезбедім санасыздар қор қыларын.
Неліктен шымырлайды құйқа басым,
Неліктен шыңылдайды сол құлағым?..
2. Соңғы сәт
Жазғаның әлдекімге жақпай қалған,
Бұл күні бар жақының жатқа айналған.
Қолыңа қалам алсаң қалтырайсың,
Әйтеуір тірі өлтірмей сақтайды арман.
Сездірген не екенін құсалықтың,
Тұрасың тізімінде үш әріптің.
Намысымды нанға да сатпаймын деп,
Шабысымды жаза алмай тұсалыппын.
Ұтылып жалған дейтін бір сылқымнан,
Қайтесің айырылардай қылса ырқыңнан.
Қалғиды бар шындығың қаламұшта,
Аңдиды күні-түні ту сыртыңнан.
Саяжай,
Кеңсай мынау,
Қаламгермін,
Елегізіп күн сайын алаң көңлім.
Ардың да алдына кеп тік құлайтын,
Тағдырға бағынбаған табанды ермін
Деймін де жазуыма қайта отырып,
Жазамын,
қалма дейді байқа өкініп.
Үш әріп шындық үшін шырқыратып,
Керек болса мақтағын, айт өтірік
деп қинайды,
қорқытып,
үркітеді,
Өзіне тимес дей ме ырқы тегі.
Еркін ұшқан кездерге зар боп тынған,
Тұғырға отырғызған бүркіт еді.
Қыран еді қырқылған демесін деп,
Шындықтың сөктім сол күн көбесін көп.
“Үш анық” нұрлы ішімді жарық қылды,
Үш әріп тұрды артымда өлесің деп.
Біз кездескен шығармыз
Біз кездескен шығармыз,
Ашаршылық жылдарында,
…бәлкім одан да бұрын,
Бәлкім өткен ғасырдан сіңіп кеткен болармыз
қоғамға бүгін.
Бір-бірімізді іздеп жүріп адасқан сен екеуіміз үшін,
Махаббат - касаба тілімен бірге өлген,
жоғалған ілім!
Бәлкім біз кездескен шығармыз,
Шыңғысхан жорыққа кеткенде,
тіпті Жошы хан аңға шыққанда,
Жасырын кездесу екеуіміз секілді
қашанда тән ғашықтарға.
Бәлкім,
екеуіміз әркімнен бір-бірімізді
іздеп жүрген болармыз бүгін,
…Уақыт - ғасырлар бойы баяу жылжиды екен ғой
мәңгі асыққанға.
Бәлкім біз кездескен болармыз,
Мағжан атылған күні немесе
алпысыншы жылдың басында,
Мүмкін сырласқан шығармыз татитындай бір күн ғасырға.
Сосын 86-шы жылы алаңда қатар тұруымыз да мүмкін,
Бірге тасталған да болармыз шұңқырға сірә?!
Бәлкім кездескен шығармыз,
Қалада,
ауылда,
қоғамдық көлікте,
әртүрлі ұшақтарда да,
Метрода болар,
жылы ұшырасқанбыз мүмкін
қыс, ақ қарда да.
Ең қызығы:
мен мәмлүктердің кезінен білетін сияқтымын,
Бір сатқындық болатынын жып-жылы құшақтарда да.
Біз тағы кездесетін шығармыз,
Келесі ғасырда,
одан кейінгі,
тіпті кейіндеу мүлде,
Біз бөтен болмағанбыз осыған дейінгі өмірде.
Енді айтшы,
бір ұлылық,
шын жылылықты аңсап жүретін ылғи,
Мен үйренісе алмадым мына ғасырға,
Ал, сен, бейімделдің бе?..
***
Мен
Ғайса пайғамбар крестке ілінгенде де болдым,
Мен
күнәсіз періштелер бір сәтке бүлінгенде де болдым,
Мен
Ібіліс ілім бергенде де,
қарғыс атып Тәңірге жүгінгенде де болдым.
Мен
18 мың ғалам жаратылғанда да жүрдім,
Мен
4 қасиетті кітап таратылғанда да жүрдім,
Мен
жаратылыстың тіпті бәрі қапылғанда да,
Дәуіт пайғамбардың 30 ұлы кетіп,
жаны аһ ұрғанда да жүрдім.
Мен
Хандық құрылғанға дейін де,
құрылғанда да бармын,
Тіпті Адам жұмақтан қуылғанда да бармын,
Қабыл туылғанда да,
Абылдың денесі суынғанда да бармын.
Мен
пенде біткенді ібіліске ерген кезінде көрдім,
Мен
Әзірейілдің сөнген көзін де көрдім,
Мен
Мұхаммед салаллаху алехи салам келген кезін де,
бүкіл әулиелердің өлген кезін де көрдім.
Мен
шөл даланың оазиске айналғанын да көрдім,
Мен
ақтаңдақтардың айдалғанын да көрдім.
Мен
күш-қуаттың байға ауғанында жер(і)дім,
Әлемде адамдар арға емес, ақшаға байланғанында өлдім!
Рухпын мен!
Соңғы түн
Колыма,
бір тілім нан,
суық барак,
Күн сайын мұз үстіне үміт қадап…
Әзірейіл ұмытып кеткен мұнда,
Періштелер жете алмай сынық қанат.
Сый емес сорлы басқа қи төгіліп,
Аяз қарып бітірген жүйкені нық.
Шаршаған сан мың тұтқын сүйменменен,
Сүйегінен құдайдың сүйкеп ұрып
жатырын жердің күнде тырнай-тырнай,
Бәрі өлуде,
рақат жоқ сынбай, тынбай.
Сонда да құдай мойын бұрмағандай,
Сонда да құдай мойын бұрмайтындай.
Ажалды алға қойған тізгінші ғып,
Мұра табар деймісің мұзға ұмсынып?!
Тұтқынның сүйегінен жол төсейді,
Түртпектеп, тіміскілеп ҚҰЗҒЫН – СУЫҚ.
Құдайдан осы менің сыйым ба деп?!
Ұлып-ұлып аламын қиырға кеп.
Аңдиды да тұрады ту сыртымнан,
Ниетінен сатқынның құйылған оқ.
Сатқан кім?
Аттырған кім?
Ақталған кім?
Білмеді-ау өліп бара жатқанда әркім.
Ғазалын иемденіп кете барды-ау,
Азабын айдалада тартқандардың.
Азабы – ЖАР азабы,
ЖАН азабы,
Тағдырда тартылған жоқ таразы әлі.
Кешірдім,
кештім бәрін!
Мен өлгенмен,
Өлеңге оқымайды жаназаны.
Колыма,
Тастай еден,
Суық барак.
Өткен күн қош бол деді сынық қарап.
Бірдемде рухым көкке көтерілді,
Қырыққанат!..
Орамал
Жарының адал екеніне сеніп
өмірден өтсе де, сол бір «жау»
деген сөзден таза, ақ екендігін
естімей кеткеніне өкінемін.
Шолпан Ахметқызы
Ол – халық жауы,
Үкім кесілген,
«Бұл да жау» - дейді, жұрт әлек.
Қара жамылған бүкіл жесірден,
Жұлынып қалған ұрпақ ек.
«Жапқаны жала, қырық өтірік,
Бастықпа, төрем, бастықпа!
Тығып отырып – тігіп отырып,
Жазғанын көрпе, жастыққа
келесің» - дейді үмітті шешем,
Келмейтінін де білген жоқ.
Тірі жесірді кім ұқты десем,
Құдай да құлақ түрген жоқ!
Жалғанға сатқын елші боп ақыр,
Солардан келді көп бәле.
Міржақып ағам көрші болатын,
Ұсталып ол да кетті әне.
Мағжан мен Тұрар, Сәкен, Бейімбет,
Жүретін жиі үйге кеп.
Ән десе шешем, әкем бейіл боп,
«Үзілді-ау ән де, күй кенет».
Домбыра тартса келтіріп үнін,
Жыр да оқылатын үй едік.
Зардабы жауыз НКВД-ның,
Жесірді жетім сүйедік.
Түгі де қалмай тамаша елестің,
Ішерге ас жоқ,
Жұмыс та аз!
Халық жауының баласы емеспін!
Ахмет әкем ұлы ұстаз!
Үнсіз жыладым, күттім де өкініп,
Келмеді,
Құдай сен шын ба ең?!
Әкемнің мынау тұтқында отырып,
Орамалы еді тер сіңген.
Иіскеді шешем, мен де ауық-ауық
иіскеп ем шерім қатты ма?!
Халық жауына қорланып алып,
Күн кеше бердік,
Хақ куә!
Ол – халық жауы, үкім кесілді,
– Жазықсыз,
– Мейлі құрт, атқыз!
Қара жамылған бүкіл жесірді,
Жұбатып қалған ұрпақпыз,
Жұбатып қалған ұрпақ - БІЗ!