«Поэзия» номинациясы: Анашым

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Sozben_salyngan_suret

 

Анашым

 

Анашым – ардақ тұтар қасиеттім,

Мейірімен көзін жойған қасіреттің.

Бар әлемді әнімен әлдилеген...

Пірім сенсің құрметтеп, бас иетін.

 

Анашым – жарық дүние сыйлағансың,

Перзентіңді жаман іске қимағансың.

Аман болсын, адам болсын тілекпенен,

Ырыс пен бақ – береке жинағансың.

 

Өзіңсің шаңырақтың гүл – базары,

Жылуы, қамқоршысы, бір ғажабы.

Анашым, бір өзіңе құрмет аз – ау,

Айтылса да балаңның мың мадағы.

 

Анашым – мір оғындай сұрапылсың,

Анашым – қайрат, жігер, қуатымсың.

Анашым – басымдағы бақытымсың,

Анашым – інжу, лағыл, жақұтымсың.

 

Арналса да алуан сөз құндақтаған,

Асыл жан, тылсым жайың жұмбақ маған.

Аялаған ып – ыстық алақаның...

Күн нұрынан әрине, қымбат маған!!!

 

Сескенбе

 

Үмітіңнің...

Шоғы сөніп өшкенде,

Алынбайтын...

Болмау керек шеп сенде,

Тағдырыңның...

Лай - батпағын кешкенде,

Сенім,

Төзім,

Сабыр болсын тек сенде.

 

Басыңнан кеп...

Дүлей көшкін көшкенде ,

Үнсіз,

Дымсыз,

Құнсыз қалма еш жерде.

Күле қара...

Тілдеп, күндеп сөккенге,

Сынсыз,

Мінсіз,

Мұңсыз болмас еш пенде.

 

Өкінбе еш...

Өткен менен кеткенге,

Қуан әркез...

Осы күнге жеткенге.

Тұлпар өмір...

Көкіректен тепкенде:

Қарсы ұмтыл,

Тойтарыс бер,

Сескенбе.

 

Азаттығым

 

Керей мен Жәнібектен бастау алған,

Абылай аңсап өткен асқақ арман.

Алаштың ойлы оғлан арыстары

Салған із таңба болып таста қалған.

 

Жоңғардың жорығында ұтылмағам,

Орыстың орағынан тұтылмағам.

Ашаршылық, репрессия, соғыстың да

Арандай азуына жұтылмағам.

 

Желтоқсан желіменен жігерленіп,

Төнген қауіп-қатерді шідерледік.

Алаштың аманатын арқалап біз

Қазағым қайсарлықпен шын ерледік.

 

Тәуелсіз, бейбіт өмір, азат күнім,

Ел мен жер, ұрпақ үшін ғажап құның.

Тым ыстық, тыныштығың жасай берсін

Артта қап көрген қайғы, азап, мұңың.

 

Бірінші байлық

 

Денсаулық - күлдіретін, ойнататын,

Денсаулық - тағдырыңды жайнататын.

Денсаулық - сандуғаштай сайрататын,

Денсаулық - тірлігіңді қайнататын.

 

Денсаулық - бес қаруды сайлататын,

Денсаулық - қиындықты жайрататын.

Денсаулық - белді бекем байлататын,

Денсаулық - жігеріңді қайрататын.

 

Жасымда, үлкенімде, кәрімізде,

Бірінші байлық болсын бәрімізде.

Денсаулық - сәніміз де, нәріміз де,

Көк тиын қалғанының бәрі бізге.

 

Қарасаз

 

Елшенбүйрек етегі.

Алжан ата мекені.

Қасиетті Қарасаз

Туған жерім кешегі.

 

Тұсауымды кескенде ел,

Айдарымнан ескен жел.

Кіндік қанды тамызып

Томағамды шешкен жер.

 

Ойы, қыры, саласы,

Адыр, қырқа, сағасы.

Өткен күннің куәсі

Қарасудың жағасы.

 

Асау мініп, алысып,

Көкпар тартып, қағысып.

Тоғыз қақпақ, асықты

Ойнайтынбыз жарысып.

 

Балық аулап, қой бағып,

Кең даланы жайладық.

Шалғы шауып, қи ойып

Тірлік қамын ойладық.

 

Өтті осылай бала шақ,

Күтті бізді болашақ.

Арман қуып аттандық

Он сегізге тола сап.

 

Жүндей түтіп жібекті,

Талай - талай жыл өтті.

Тау Баласын, Тас Қала

Жабықтырды, жүдетті.

 

Сағындырды Ауылым,

Туған – туыс, Бауырым.

Сағынады, бек сенем

Ауылым да Тау Ұлын.

 

Бүгінгі бейне

 

Кесіртке өңді, түлкішіл таңда,

Қасқырша жортып, қыранша самға.

Жылқыша тек қу, қоян боп қалма,

Құмырсқа болып тірлікте танба.

 

Барысы мысық, маймылы молда,

Есекке ерген тотықұс торда.

Шошқадай батып жуынды сорға,

Басыңнан шіріп, балықтай болма.

 

Қарға мен құзғын қаптаған күнде,

Қойдайын көніп, айдаққа жүрме.

Бөкендей босып, түзде өмір сүрме,

Серкеше шеп құр, иттейін үрме.

 

Ақырса аю циркке сүйре,

Айдаһар шашса отына күйме.

Айбатты көрсет арыстан болып

Патшасы аңның ордаңды биле.

 

Ұстаз, шәкірт

 

Тілім, Ділім болған негіз,

Мектеп - кеме, білім - теңіз.

Бірін бірі толықтырар...

Ұстаз, шәкірт ұғым егіз.

 

Ұстаз ашар зейініңді,

Ұстаз - Ана мейірімді.

Шәкіртінің шамын жағар...

Ұстаз - Дана пейілі үлгі.

 

Білсең егер ғылым құнын,

Бала жастан ұғын күнім.

Жаһанданған заманыңда...

Күні жарық Білімдінің.

 

Оқы, оқы және оқы,

Ізден, үйрен, миға тоқы.

Инеменен құдық қазып...

Атан Ұстаз, Ғалым, Сопы.

 

Айым, Күнім, Құндыздарым,

Талаптанған ұл, қыздарым.

Дарабоздай дараланып...

Көкте жансын жұлдыздарың.

 

Асылдарым

 

Аналарым -

Әрқашан күннен биік бағаларың,

Ақ сүт бердің, өсірдің, паналадым.

Сенен туды текті ұрпақ, бабаларым,

Қадіріңді "Жұмақ кілтпен" бағаладым.

 

Жаным, Жарым -

Сүйгенім, бақытым мен барым, бағым

Серттестім, сөз байластым, дамылдадым.

Сан сауал туындаса жадыңда мың,

Арқа сүйе, әрдайым жаныңдамын.

 

Әпкелерім -

Ақылшым, қамқоршымдай деп келемін,

Дәрумендей жанға шипа, сепкен емін.

Жаза білген ет жақынның өкпелерін,

Қуаныш, шаттық болсын тек көрерің.

 

Жеңгелерім -

Әулетімнің дәулеті, ең керегім,

Өрісімді кеңейткен сендер едің.

Жат жерді жатсынбаған ер дер едім,

Жалғанда өздеріңе тең келер кім?!

 

Қарындасым -

Сен менің барымдасың, бағымдасың.

Ұятым, намысым мен арымдасың.

Бір көріп сені ешкім сағынбасын,

Тағдырыңнан болсын тек бағың басым.

 

Ұлық болсаң, кішік бол

 

Жетістікке түсіп жол,

Өс, өркенде, пісіп тол.

Бай - бағлан, Би, Төре...

Ұлық болсаң - Кішік бол.

 

Өреңе сай іс қылып,

Кекірейме күш құрып.

Тәкаппарлық - тар ұғым

Көрсететін сұстығып.

 

Атақ, мансап, мықтылық,

Көрген түстей тұп - тұнық.

Қолдың кірі барлығы...

Езсең кетер күс қылып.

 

Бастық бол,

Ел басқарған азамат бол,

Биік мінбер,

Төрлерді аралап шол.

Бақталас,

Тақ таластың иелері...

Кісі емес,

Кіші болған ғажап ат сол.

 

Ер мен Әйел

 

Еркек

Ісімен, мысымен,

Турашыл тұсымен,

Қаталдау сұсымен,

Тірлікте күшімен,

Басым болсын.

 

Әйел

Қазанын қайнатып,

Баласын ойнатып,

Шаңырағын жайнатып,

Күйеуінің жігерін жанып,

Намысын қайратып,

Бес қаруын сайлатып,

Белін бекем байлатып,

Оғландай ойлатып,

Тереңдерге бойлатып,

Келседағы қай уақыт,

Асын беріп, шайлатып,

Думандатып, тойлатып,

Ерте тұрып, жай жатып,

Құртын жасап, майлатып,

Силай білсін сай бақыт.

 

«Пешенемдегі періштем менің,

                 қайдасың!? »

Жүрсің бе сен де.....

Елеңдеп мендей сырласым,

Күрсінбе мүлде.....

Келер деп сенбей қимасың.

Аңсаумен күткен,

Құмартқан тіптен жандарды,

Тағдырым кезғып бір - бірімізге силасын.

 

Жеткенше саған...

Қолдасын мейлі, қорласын,

Алдымды менің...

Шырмауықпенен торласын.

Кермені үзіп,

Әлемді сүзіп жетермін,

Іңкәрлік қуат тұрғанда тасып бойда шын.

 

Табиғат заңы...

Ынтыққып бізді қойғасын,

Күндіз күлкіде,

Түнде түсімде, ойдасың.

Елестеп маған,

Елес боп саған жүрмізғой,

Өмірлік серік, мәңгілік менің жолдасым.

 

Махаббатының таба алмай амал, айласын,

Бұл жүрек әсте сезімін қалай сайласын?

Сағымдай болған,

Арылмай қойған ойымнан.

Пешенемдегі періштем менің, қайдасың!?

 

Дүние есігін түресің,

Беріледі бір есім.

Өлетініңді білесің,

Сонда да өмір сүресің.

 

Сонда да өмір сүресің...

 

Ел қатарлы жүресің,

Қайғырасың, күлесің.

Өлетініңді білесің,

Сонда да өмір сүресің.

 

Еңсеріп тірлік тіресін,

Жеңесің тағдыр күресін.

Өлетініңді білесің,

Сонда да өмір сүресің.

 

Түймеден бастап, түйесін,

Жиясың мүлік, дүниесін.

Өлетініңді білесің,

Сонда да өмір сүресің.

 

Жалғанның таппай жүйесін,

Пісесің және күйесің.

Өлетініңді білесің,

Сонда да өмір сүресің.

 

Бәріне өзің иесің,

Қатын мен бала сүйесің.

Өлетініңді білесің,

Сонда да өмір сүресің.

 

Ақ дәке болып үлесің,

Бір күні көрге кіресің.

Өлетініңді білесің,

Сонда да өмір сүресің

 

Жоғалтқың келсе Досыңды,

Ақша бер оған қарызға.

Жасайды сонда тосынды,

Татитын түрлі аңызға.

 

Жоғалтқың келсе жақынды,

Тура айтып, жақпа туысқа.

Жөн көрмей айтқан датыңды,

Қиды дер жанжал, ұрысқа.

 

Жоғалтқың келсе сенімді,

Ант пенен сертті ар көрме.

Өтірік, өсек теруді,

Желдей естір әр жерде.

 

Жоғалтқың келсе қадірді,

Салтанат құрсын пенделік.

Жасасаң түрлі жәбірді,

Қалатын өзің сенделіп.

 

Кім болсаң да адамдар,

Бір кәдеге жараңдар.

Жасалса қиыс қадамдар. 

Толтырар орнын амал бар.

 

Ұзтаздық ұлы жол - Ұлылық

 

Даналықтың дәнін егіп санасына,

Шәкірттерін алатын панасына.

Тәлім беріп қазақтың баласына,

Айналатын екінші анасына.

 

Ұстаз - бала жанының бағбаны,

Білдіретін «Ұлы» дейтін мағынаны.

Инеменен игерген қазынаны,

Ұстаз аты алттынмен жазылады.

 

Әріптеп танытқан ғаламды,

Ұстатқан қолыма қаламды.

Толтырған ақыл мен санамды,

Дәріптеп өтемін бағаңды.

 

Тау адам, нар адам, ірілік,

Мейірім, шапағат, жылылық.

Көріңіз осыдан ұғынып,

Кім Дана?

Кім Дара?

Кім Ұлық?

Ұстаздық ұлы жол – Ұлылық.

 

Маған керек

 

Сыйға тартқан сұм жалған,

Меруерт, жақұт, кіл маржан.

Сыр - сымбатың ұрланған,

Сыртыңды қайтем сырланған.

 

Сан пиғылды өткерген,

Керек емес бет – пердең.

Жеңіл жүріс жат қылық,

Ерте кетіп, кеш келген.

Такаппарлықты өш көрген

Қылықты қыз көш керуен.

Маған керек аяулым...

Шынайы, сұлу бет – бейнең.

 

Адалдық - қамал, дүр қорған,

Арамдық - сусыз гүл, солған.

Қанағат - көңіл сыр толған,

Бақ құсым сенсің бір қонған.

Сені ойлап жүрек мың тоңған,

Өзіңе жету мұң болған.

Алайда әркез тың болғам,

Үмітті үзбей қыр қонғам,

Еркімді билеп сүр жорғам.

 

Сыйға тартқан сұм жалған,

Сыртыңды қайтем сырланған.

Ішің керек нұрланған,

Көктемдейін бүр жарған.