Елордадағы «Нұрлы жол» вокзалы – мүмкіндігі шектеулі жандардың талаптарына сай толық бейімделген Қазақстандағы жалғыз теміржол. Nur Otan партиялық бақылау комитетінің отырысында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін инфрақұрылымның дамуы туралы сөз болды. Биыл 13-21 ақпан аралығында комитеттің жұмыс тобы Қазақстан бойынша 92 көлік нысанын, оның ішінде 25 теміржол вокзалы мен 31 автовокзал, сондай-ақ 24 теміржол және 12 автобус стансасын тексерді. Мониторинг нәтижесі жұмсақ тілмен айтқанда таңғаларлықтай. Мәжіліс депутаты, Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова теміржол вокзалдарының 38%-ы ғана ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келетінін айтты. Дегенмен мемлекеттік органдардың деректері басқаша сөйлейді. – Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, көліктік қызмет көрсету нысандарын бейімдеу және паспорттау жұмыстары барлық өңірлерде аяқталған. Яғни, нысандар ресми түрде қабылданып, барлық санаттағы адамдар үшін қолжетімді, – деді Жанат Омарбекова. Спикер қоғамдық көлікке ерекше назар аударды. Елімізде тұрақты автобус маршруттарында барлығы 11 563 автобус қатынайды. Алайда олардың төрттен бір бөлігі ғана ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жабдықталған.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау үшін 2 664 бірлік немесе 23%-ы ғана бейімделген. Бұл ретте, «Автомобиль көлігі туралы» заңға сәйкес, қоғамдық көліктер мүмкіндігі шектеулі жолаушыларды отырғызуға және түсіруге арналған құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Егер тіпті, заң нормалары сақталмайтын болса, онда бұл жерде қандай қолжетімділік туралы айтуға болады, – деді мүгедектер конфедерациясының басшысы.Айтылған сынға жауап ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов министрлік қоғамдық нысандарға (мектептер, ауруханалар, әуежайлар және т.б.) қатаң бақылау жүргізетінін мәлімдеді.
– Өткен жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша 1 300 тексеріс жүргізілді. 212 нысан бойынша 46 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Әртүрлі мекемелердің қолжетімділігінің интерактивті картасы көрсетілген inva.gov.kz портал жұмыс істейді. Оған бүгінде 31 мыңнан астам нысанның деректері енгізілген. Жергілікті атқарушы билікке мемлекеттік органдардың нысандарын бейімдеу, қайта жаңарту үшін толық көлемде қаражат бөлінбейтінін атап өту керек, – деді вице-министр.Мәжіліс депутаты, Партиялық бақылау комитетінің төрағасы Павел Казанцев қаржыландырудың жетіспеушілігіне күмән келтірді. Оның айтуынша, халық қалаулылары өңірлерге жиі барып, қолжетімді ортаны құруға назар аударады. – Саяси ерік бар, жоспар орталық деңгейде бекітілді. Ақша бар, қаржыландырылып жатыр. Тек құмға сіңген судай болып кетіп жатыр. Ал пандус – бұл ғарыш айлағы ма? Бұл ғимараттың тұрғанына 500 жыл болса да, пандус жасап, навигациялық тақталарды, көрсеткіштерді бекіту қиын емес, – деді комитет төрағасы. Бүгінгі күні Қазақстанда 700 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтар тұрады, ал халықтың 30%-ға жуығы әлеуметтік жағдайы төмен топтарға жатады. Айта кету керек, Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы аясында елімізде 20 мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар нысандар бейімделіп, заңнамаға 78 түзетулер қабылданып, ҚНжЕ және т.б. қайта қаралды. Nur Otan партиясының 13 мыңға жуық мүшесі – мүмкіндігі шектеулі жандар. Ерке ЕРҚОҢЫР