Шағын жинақты мектеп салып берді

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.» (ҚПО) компаниясы Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында шағын жинақты мектеп құрылысын сәтті аяқтап, оны пайдалануға берді.

Объектінің ресми ашылу салтанатына облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған Батыс Қазақстан облысының басшылығы, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов, ҚПО бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев және мердігерлер мен қоғам өкілдері қатысты.

ҚПО бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев Жарсуат ауылы тұрғындары мен ашылу салтанатына келген қонақтарды жаңа мектеп құрылысының сәтті аяқталуымен құттықтап, барлық қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген жаңа заманауи мектеп оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында балалардың ауылда да, қалада да сапалы білім әрі тәрбие алуына тең жағдай жасау қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын. 

Жаңа мектеп барлық заманауи талаптарға сай салынған және онда білім алуға барынша қолайлы жағдай жасалған. Жоба бойынша мектепте 108 оқушы білім алуға тиіс.  Мектепте барлық қажетті оқу құрал-жабдығы мен кабинеттер, оның ішінде акт залы, бөлек салынған жуыну және әжетханасы бар спорт залы, оқу кабинеттері, қазіргі заманға сай асхана мен әкімшілік бөлмелері бар. Сондай-ақ жоба аясында шағын жинақты мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, спорт алаңы мен жүгіру жолы орнатылды. 

ӨБТК бойынша әлеуметтік міндеттемелері шеңберінде ҚПО жыл сайын жергілікті билік органдарымен бірлесіп, көптеген әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырып келеді.