«Поэзия» номинациясы: Әлихан баба!

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

 

Бүркеншік аты: Aisha

Әлихан баба!

 

Жайсыздық орнап, аспан түскендей ғайыптан

Ел саналылары надандықтан тез айыққан.

Қазақ жұртына бір ғасыр бойы белгілі

Алашорданың құрылғандығы тарихтан.

Азаматшадай тарих сырына қаныққан

Алаш аталса өрлеу бойымда жарық бар

Есте сақтадым, Ахмет, Жанша, Хәлелді,

Бұлармен қатар Әлихан Бөкейханов бар.

Қазақ  қайғырса ауырсынатын тән кемде

Оданша Алла жаралы болған жанды емде

Шынтуайтында соншамалықты құдірет

Қазақ деп төккен, қазақ деп жұтқан әр демде.

Сөнбеді үміт халықтың оты сөнгенмен

Қара басына соншама қайғы төнгенмен

Нанымды болып, нар тәуекелменен күресті

Қаралы күннің қаһарлылығын көргенмен.

Мақалалары газет беттерде сайрап кең

Сан еңбектенді сиясын сарқып, қайнап тер

Біз ұмытпаймыз Әлихан баба себебі, -

Жүректен өшпей, жадыда қалар қайраткер.

Әділетсіздікті көрегендікпен тыйды ары

Сансыз сұрақпен шақшадай басын қинады

Өзіндік емес халықтық мұңға жан тербеп,

Өлмейтін рухы – өшпейтін елдік сыйлады.

Күнде естиміз тәуелсіздіктің саз үнін

Халық ұмытпас сіздік бейнеттің қарызын

Айбынды бабам жәннаттық болғай жаныңыз,

Ұрпақ атынан ұлы тұлғаға тағзым!

 

***

Маңызды адам боп кеткенім!

Тарихым-келерім, өткенім,

Өмірге еш өкпем жоқ менің

Барыма шүкірлік қылмасам,

Барымды түсінбей кеткенім?!

Барынша мейірім сепкенім,

Жанымды мұңдардан шектедім,

Жақсылық көрмесе тірі жан,

Қалайша адам боп өткенім?!

Армандар асуым көп менің,

Кешірдім сөзбен де сөккенін.

Тағдырдай шым-шытыр тарихта

Маңызды адам боп кеткенім?!

 

***

Жан ана!

Жан ана

Даусыңды сағындым, жанымды еліткен

Сан дауыс санамды азғыртып, желіткен

Аңсадым сарыла шыдауым керек те неліктен?

Өзіңсіз тағдырдың өтіне

Асылым

Мендік жан бейне бір қасқалдақ

Кей-кезде жыладым жанардан жас парлап

Құшағың мен үшін жәннатқа апарар баспалдақ

Сен бар да бақытта жанымда

Қамқоршым

Қанатты қаққанда есемді бермеген

Бақыттың бір мендік жолында терлеген

Өзіңнің қасыңда сынақты сынақтай көрмегем

Сен жоқта жасықпын!

Жүрегім

Жүректің астынан жаралғам

Қайсарлық қыңырлық ақ сүттен таралған

Бойдағы қасиет құрсақтан жаралған

Сол үшін қарызбын мәңгілік

Тәңірім

Періштем ғазалым бір менің

Жаныма жағатын жымия күлгенің

Осылай сау болып, күлімдеп жүргенім

Дұғаңның арқасы!

 

***

Кейбіреулер қимайды көңіліңді

Кей адамар құртады өміріңді

Кейбіреулер жаныңды жегідей жеп,

Кей адамдар келтірер көрігіңді

Кейбіреулер кенелтер қуанышқа

Кей адамдар жарамас жұбанышқа

Кейбіреулер жасынан көшті бастар

Кей адамдар ілесер құр ағысқа

Кейбіреулер бағыңды арттырады

Кей адамдар уайымға баттырады

Кейбіреулер ертеңін ойламайды

Кей адамдар есінде «Хақ» тұрады!

Кейбіреулер қалайды көктегіні

Кей адамдар аңсайды оттегіні

Кейбіреулер қаталдық танытады

Кей адамдар түсінер өкпеліні

Кейбіреулер мінезі пасық болар

Кей адамдар жақсыға асықтырар

Кейбіреулер бағыңа балта шапса,

Кей адамдар жалғанға ғашық қылар!

 

***

Жалғанның бар сыры уақытта!

Өмірдің жалғаны шыны да

Тағдырдың айнасы тұлым жыр

Фәнидің мұңы да сыны да

Жауапсыз сезімдей бұлыңғыр

Өмірдің баспалдақ жолында,

Батырың қорқақпен табысар

Бастағы бағың да сорың да,

Мезгілдей уақытша ауысар

Әп сәтте күз болар көктемің

Ақ жүрек сындарға ұрынар

Оралмай кететін көктемің

Жанардай мәңгіге жұмылар

Болмағын алтынға тым құмар

Қызықпа, албанба, жақұтқа

Зуылдар, ал кейін жым болар

Жалғанның бар сыры уақытта!

 

***

Пендемін баршаға тың жаны

Күн сайын уайымның артуы

Өмірдің шындығы, шын мәні

Өткен мен бүгіннің тартуы

Көп ойлап, ішімнен тындым көп

Дегенмен арсызда шаруам жоқ,

Жалғанды қайтейін шындық жоқ

Тағдырды қайтейін талғам жоқ

Бәрін де ойлайтын санам бар

Түбіне жете алмай шегінем

Жарама ем болар қалам бар

Несіне соншама егілем(ін)?

Барына қолдың да шүкір деп

Атырдым таңымды риза боп

Нала көп, алайда күпірлеп

Күрсініп жатудан иба жоқ...

Алла ұстаз ал біздер оқырман

Бір пендең тағы да қол жайды

Тағына тағдырдың отырман

Көппененн қатармын сол жайлы!

Шабыттан көп күйген ұртымнан

Жаныммен тілдесіп, емдел де

Алтынды іздеме сыртымнан

Асылым қашан да кейдемде!

 

Бір түйір ғажап!

 

Жұлдызым жарқырап жанардай,

Қарашық күлімдеп тұрады

Бір минут таусылып қалардай

Шынайылығының шыдамы

Жүйеден жүрекке үн барар

Дейді өмір, «қашан да күліп жүр»,

Сырт бейнем құрғаған мың арал

Ал іште талай сыр жүзіп жүр...

Әріден сан ойлап көр бәрін

Арманның жетелер бәрі алға

Сынатын хақың жоқ өр жаным

Шығатын асуың әрі алда               

Білерсің орнымен анығын

Сақтаулы сәттерің жадыда

Бағыңа сын айтпа жарығым,

Тағдырдың жазғаны тағы да!

Тұлғаға ең керек қаражат

Жақсыдан кеңес пен қадам нық

Жалғанда бір түйір бар ғажап,

Ол мүмкін-адамдық!

 

Қайсар мәрмәртас 

(Мәтжан Тілеужановқа)

 

Жақсы туса халық оның тілесі,

Жыр сезімнің әнге қосқан үлесі

Ең соңында елге аян боп шығады

Жақсылардың жанкештілік күресі

Дарабозға тұсау болар шабан кіл

Талай жүйрік шаптыра алған далам дүл

Бір жүйріктің тағдырына тоқталып,

Шабытпенен тербетейін қалам бір

Жарқын шұға, тұнған бейне, сыр әлем,

Ел сүюге тоқталғанда ұлы әбден

Адамдық деп сөз қозғасақ, ғажабы

Сан жанарға сәуле сепкен мұғалім

Мұнша ізденіс келмегенді-ау су тегін

Қалдырғандай аманаттап зор сенім

Мол өнерін, қол өнерін жинады.

Қасиетті Батысымдай өлкенің

Қазақ елге еңбектері еселі

Мақалалар, тың зерттеулер кешегі. 

Ғұмырында есепке де құр болмай,

Шахматты хобби қылған деседі.

Үмітте мол арайлы ақ таңдардан

Сіздей жаннан, сірә қандай қалды арман?

Бар жұртыма бір қаланған ескерткіш

Қайсарлығы, өр тұлғасы мәрмәрдан!

 

Тарихи Тасқала

 

Қазақ жұрт бүгін танымалдыққа қол созбақ

Ақындық болса, орын тәртіппен сөзді орнат

Өлең жазайын бұлқынған жүрек қағыспен

Танымал болған Тасқала жайлы сөз қозғап...

Талабын білген тарихи жылдар көшінің

Қасиеті бар кең даласының төсінің

Мүмкін әлі ешкім аша алмай жүрген сыры бар

Қарап отырсақ Тасқала сынды есімнің

Тақымдылықтың тұяғы әлі күшінде

Таңдайқақтырар Тасқала аты үшінде

Талай ғасырдың тарауын көрген мекенде

Танымдеректің талайы тізім ішінде

Бұл қала біздің Батыс өлкелік айнамыз

Туған мекенді Отан атаудан таймаңыз

Аталған әрбір төңірек тұнып тұрғандай

Тарихпен тығыз орнатылғандай байланыс

Оның ел-жұрты бірлескен үлкен қауымдай

Алыстап кетсе, жүрмейді жерін сағынбай

Айрықша айтар айырмашылығы өзге елден

Биік ол мүмкін әйгілі Ешкітауындай...

Бүгінде аудан тамашаланып кемелген

Қазба байлықтың талайын таптық кенді елден,

Ұлағат қылып, рухын өлтірмей бабамның

Құмында елдің қызыл әскері жерленген

Ән табиғаттың әсемі бейне айында

Жасыл алқабы жайқалған жайлау сайында

Қызығушылықпен ізденсең сансыз мәлімет

Белгілі болған «Бірқазан» қорық жайында

Жануарлары ерекше сұлу боз керім

Ауыз толтырсақ көп шығын болар сөз тегі

Арқалап арқау, болатын елге мың тірек,

Табыла бергей тарихтың көне көздері!

 

Мұхтар Әуезовке

 

Қаламгер атам бұлқынған асау жүрекпен

Қалам тербемек ұрпағың,

Жазылмақ болып, жалын жыр мынау жүректен

Өлең асылын қорытамын

Сіздік бейнеттің келбеті шықты кеш емес,

Хабарың бар ма бүгіннен?

Ел қамы үшін елеулі еңбек еш емес,

Дана қазаққа сіңірген!

Талаптың томы тоғысқан тылысым кеудеңде,

Дәл сіздей ешкім ендігі жазбас зор еңбек

Тағыда құрттың талай жылдарды өңдеуге,

Содан атанды әлем таныған құнды еңбек!

Туындыларың бар халық сырын сомдаған,

Хақымыз жоқ та айтпауға

Құтты мекенде риза боп жатсаң өр бабам,

Тілек жоқ сұрар хақтан да!

 

Киелі күй

(Жұмыр қылыш» күйінен туған туынды)

 

Тарих қойнау, өткен ғасыр жұмбағы

Сан оқиға көңілдерде жүр әлі

«Жұмыр қылыш» күйі сарнап құлаққа,

Еске салды Махамбеттей тұлғаны

Аңыздар бар сыр шертетін ерліктен

Далалар бар жаралғандай кеңдіктен

Ұлы дала аңызына айналған,

Батырлар бар бөрілермен тең біткен!

Бөлтірік жауға жапса жасына ма?

Адал ер байлық көрсе, тасына ма?

Қаламы демеу берер қорыққанға,

Жырлары жігер берер жасығанға.

Өсіп ең перзенті боп қараша үйдің

Ел үшін ерге қонып, жала түйдің

Өнердей құдіреттен құр да қалмай,

Киесін ұға білдің қара күйдің.

Қарындас, қазақ үшін қайғы алдың,

Ел қамын шын ойладың, қайранмын...

Ер жүректі өршіл бабам бүгінде

Жұмыр қылыш бейнесіне айналдың

 

Ұлыстың ұлы күні

 

Табиғаттың көктем келіп қайнауы

Жыл құстардың әнге шырқап сайрауы

Қатал қыспен келесіге қоштасып

Басталады Жер ананың жайнауы

Ұмытылған тойланбастан сан жылға

Дәулеттенер бай ұлы да, жарлы да.

Бар жақсылық мерекемен тұспа-тұс

Жаңа жоспар құрылады алдыға

Шаруалар да келетіндей ретке,

Жоғарыдан сұралады тілек те

Ең негізгі қасиеті бұл тойдың

Жылулылық жол табады жүрекке

Армандар да орындалар уақытпен

Барлық жанның таңы атар бақытпен

Адамдықтың ғана емес мейрамы

Барлық дала ән шырқайды шабытпен.

Бата тілек қабыл болсын берілген

Осы жылды өткізейік сеніммен

Бар ағайын қуанышқа мәз болсын,

Алла берсін молшылықты төгілген!

 

Өзіме анкета

 

Мен бейкүнә емеспін,

Жанымнан сатқындық іздеме 

Өмірді тым ғажап демеспін,

Дегенмен өкпем жоқ күзге де...

Мен кіршіксіз емеспін,

Жанарға тағдырым жазылмад(ы)

Өмірдей тым қатал елестің

Ғажабын іздегем азынап...

Мен жылауық емеспін,

Әкелік қамқорға тым зәру

Дегенмен мұңданбайм(ын) демеспін

Жаурасам тағы да қымтану...

Мен тәккәпар емеспін,

Менсінбей өтетін соншама

Дегенмен ашықпын демеспін,

Түсініп, содан соң жөн сана...

Мен тасбауыр емеспін,

Туғанды көрместей өтетін

Мендік жыр өзімдей елес-мұң

Шақтарым келмеске кететін...

Мен сорлы да емеспін,

Тағдырым кей-кезде шым-шытыр

Бақытым бес елі демеспін

Дегенмен бәріне мың шүкір!

 

 ***

Ең бірінші орында тұрған бүгін

Әр балаға сыйлайтын тұнған білім

Ғажаптың да, азаптың да дәмін татып,

Барлығына төзетін мұғаліммін!

Тағдыр сыны бітпейтін бұл өмірде

Тырысамын нұр беруге бар  көңілге

Мамандығым атынан уәде берем

Оқушыммен бір жылап, бір күлуге.

Мұғалімге қисынсыз жаман болу,

Ұлылық қой оқушыңды балаң көру

Әр жаралған адамның шындығында

Ең негізгі мамандығы адам болу!