«Поэзия» номинациясы: Үлкен қарт hәм құбыла

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Baibaraq

Үлкен қарт hәм құбыла                                                  

 

Бисмилла сөздің басы әлмисақтан,

Жарасар бір Аллаға барлық мақтан.

Сөз қадірін ұғынар адам болса,

Сыр шерттім түсінгенге өткен шақтан.

 

Жаным бар тәніме бір қонақ болған,

Иманым сол жан үшін болар қорған.

Алайда пенделікке тартып тұрар,

Нәпсімді дей алмаймын қурап қалған.

 

Ес білгелі келемін екі жолмен,

Таласып ертелі кеш оңы солмен.

Жаным мен нәпсім қатар арпалысып,

Бұл күні қашты тіпті ұйқы менен.

 

Бағамдай алмай біраз таразымды,

Бір ұлы күш тамырдан қан ағызды.

Ойға батып тереңін түсінуге,

Ақылымда жете алмай құлазыды.

 

Дәл осындай жағдайды бастан кешіп,

Жыр жаздым анам берген астан ішіп.

Анам бізге беретін адалынан,

Адал ризық кететін қанға сіңіп.

 

Жегенім болса егер адалынан,

Ниетім алда болар амалымнан.

Бір істі бастамақта алдыменен,

Сыр ұғамын әкемнің қабағынан.

 

Отбасында көрінер дәстүр,тыйым,

Қазақтың өміріне бәрі бұйым.

Балалық кезімдегі әжем айтқан,

Бір сырды сіздерменен бөлісейін

 

Жүргенде бала болып сырттан кірмей,

Ел айтқан тыйымдарға құлақ түрмей.

Бір күні үй айналып ойнап едік,

Бала көңіл бұл жайттың мәнін білмей.

 

Бұл досым неге менен озбайды деп,

Басқасы да қуалап тұрмайды тек.

Сөйткенше іштен әжем шыға келіп,

Тәйт, балалар, бұларың болмайды деп.

 

Біз тұрық әже сөзін түсінбестен,

Неге әже деп тіл қаттық көз ілместен.

Ее,шырақтар,бұл үй бізге қағба болмас,

Үлкен қарттың ол жерге мерейі түскен.

 

«Қандай қағба,үлкен қарт?» ол қандай күш,

Деген сұрақ жаудырды бала білгіш.

Сұрасаңдар айтайын,қарақтарым,

Естерің де қалатын болар бұл кеш.

 

Көрген едік көненің адамдарын,

Зікір еді әр басқан қадамдары.

Әдеппенен өмір сүрген жақсыларды,

Жер астына жасырды-ау заман бәрін.

 

Ол кездің халқы жомарт,байы мырза,

Мұсылманның маңдайы жайнамазда.

Парыздарын өтемек ниетпенен,

Меккеге сапар шеккен талай молда.

 

Жұрты бар сол мекенде пайғамбардың,

Қамын жасап қажылыққа барғандардың.

Қағбаны барша момын айналыпты,

Көрмеген соң менде рас қайран қалдым.

 

Сол қара тас барша момын құбыласы,

Көмкеріліп қорғалар айналасы.

Біздің де жерлегенде адамдардың,

Сол жаққа қаратылар ғазиз басы.

 

Бұл бағытқа алынбас дәрет мүлдем,

Ол жақтан үмітті тек көре білген.

Үйге келген қонақта сұрайтыны,

Құбылаңның бағыты қай жақта екен.

 

Міне осылай қағбаның сыры мәлім,

Үлкен қарттың бергені бізге тәлім.

Құбыламнан адастырма деп тілеймін,

Сол жолда шырылдайды шыбын жаным.

 

Үлкен қарттың сұрадың мағынасын,

Уақыт келер сырыңда ашылар күн.

Кезінде құдай атын атай алмай,

Оқи да алмадық-ау құранды шын.

 

Тап болып заманға бір аласұрған,

Артық ас таба алмай қара судан.

Дінімізді ескінің жұрнағы деп,

Талай өттік тікеннің арасынан.

 

Жат елдің діні басқа,заңы қатал,

Амалсыз іштен тынып тағың атар.

Астарлап құдайды біз айтушы едік,

«Үлкен қарт» деп онда да кешке жатар.

 

Міне осылай мәнісі балаларым,

Тағылыммен толықты-ау саналарың.

Танысаң үлкен қарт пен құбылаңды,

Алла болар әркез де паналарың.

 

Момын деген ешкімге зиян бермес,

Тер төгіп халыққа әркез қылар үлес.

Екі дүние қамымен арпалысып,

Ертелі кеш  нәпсімен болар күрес.

 

Жадымда сақтаулыны тәңір білер,

Көнеден келіп жеткен әңгімелер.

Әзірше баяндадым шетін ғана,

Басқаның да айтылар кезі келер.

 

ҚАРТ ҚҰЛПЫТАС

 

Аңыздар да ақиқат-ау кейде шын,

Тылсым дала сыр ұқтырды төтесін.

Қорым жақтан көрінеді құлпытас,

Күнбатысқа қарсы қойған кеудесін.

 

Қаз-қаз біткен құлпытасың азалы,

Тарқағандай дәуірінің базары.

Бірақ біздің бабалардың моласы,

Киелі жер хақтың түскен назары.

 

Айыра алмас алыстаса өң-түсін,

Сағым болып көрінеді тас мүсін.

Әрбір жерде аза тұтып тұрғандай,

Жиып алып таусылмайтын хақ күшін.

 

Беткейінде қасиетті жазулар,

Өң бойында амалсыздан қажу бар.

Кең далама қорған болсын дегендей,

Құлпытастың күзетердей жаны бар.

 

Жалғағандай екі ғасыр арасын,

Құлпытастың білсек сірә бағасын.

Түгенделмей жатса егер шежірең,

Қорымдардың арасынан  табасың.

 

Рухың асқақ болсын десең еңселі,

(Бабалардың басына бар деседі...)

Қарт бабаның кейпіндегі құлпытас,

Құлпын ашсаң көп-ау сірә шертері.

 

Уа,туған жер! 

 

Уа, туған жер, киелі қасиетті,

Жаратқаным төсіңді асыл етті.

Қара суың жаныма шипа болса,

Топырағың тәніме басу етті.

 

Көз жанарым көргенде сыр ұшқынын,

Білінеді болмысың дұрыс құның.

Дүниеге қарыздар болмасамда,

Туған жердің алдында борыштымын.

 

Ең алғаш естірткенде бесік жырын,

Жүрегіме нәр берген кәусар нұрың.

 Әлі де қанбай келем уызыңа,

Тұнығыңды іздейді мендік жырым.

 

Қара жолың тәнімді жатсынбаған,

Жалаң аяқ жүргенім жақын саған.

Тұла бойға күш берер әр тасыңның,

Табаныма тигені қымбат маған.

 

Сен арқылы түсінгем өмір мәнін,

Туған жерден басталар қоңыр әнім,

Мұхит аңсап жүргеннен артық шығар,

Сары өзеннің суына шомылғаным.