«Поэзия» номинациясы: Қайрау

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Qantubit

 

Қайрау

 

Қан сасыған қаралы күн артымда,

Шерлі ғасыр, шеменді, сол қалпында.

Азаттығым, аппақ таңым арайлы,

Әр минутың бергісіз ғой алтынға.

Көтер басты, сөйле тура, тартынба,

Жаның барда шар алмастай жарқылда!

 

Бұл азаттық  – бар арманы бабамның,

Көз жасынан бүр жарған гүл анамның.

Өз иесін құшағында аймалап,

Шын, риясыз қуанғаны даламның.

Ей, еркіндік, ынтық емес саған кім?

Сен қазақтың бағы үшін жаралдың.

 

Бағасына жетпедік пе, жеттік пе?

Дәргейінде біздер шүкір еттік пе?

Желтоқсанда «азатпыз» деп көкиміз,

Азаттықтың түпкі мәні – көп нүкте...

 

Ана тілім ақсаңдайды әлі күн,

Дамуы да жүрісіндей кәрінің.

Тек қазақша шығатындай кез келді

Тілі шыққан жаны бардың бәрінің.

Ана тілім, семірмейтін арығым...

Ұзақ болсын көрер сенің жарығың.

 

Салтым қалды естелік боп өткенде,

Шапаным бар киілетін көктемде.

Тәуелсіздік алған қазақ қазақ па?

Аты қазақ, заты өліп кеткен бе?

Сөзім ауыр болғаны үшін кектенбе,

Мен де сорлы «азат» қазақ, жек көрме.

 

Күмәнім бар еркіндікке елдегі,

Басшыларың құдайыңдай жердегі.

Сол бодандық, сол езгі ғой әлі де –

Қара жұмыс жасағанның көргені.

Өлімші боп жүрсе-дағы өлмеді,

«Тәуелсіздік» деген сөз ғой сенгені.

 

Адал қызмет етсе адам Отанға әр,

Баса алмайды цунамилер, топандар.

Бейқам жүріп, беталды ойнап күлсеңдер,

Кездескен әр кекешің де қоқаңдар.

Азаттығын сезіне алмас ешқашан

Тәуелсіз ел ішіндегі отарлар...

 

Бір теңге

 

Көп ойдың жетегінде көше бойлап,

Күні кеше келе жатып, кешені ойлап.

Жолымда жатыр екен «бір теңгелік»,

Құдай білсін, жатқанын неше ме айлап...

 

Тот басыпты, қарайған өңі кетіп,

Арқадағы елтаңбаға иелік етіп.

Туған жерде шалқадан жатыр екен,

Рәмізді баспасын деп небір етік.

 

Жатқан соң, жаным ашып, жолымда анық,

Еңкейіп, екі қолмен қолыма алып,

Тұрғанда бір бойжеткен таңырқайды,

«Пұл қылмақ па?!» дегендей оны барып.

 

Расында, пұл қылмасым анық еді,

Кім саудаға бір теңге алып барып еді?

Айтыңдаршы,  бір теңге ненің құны?

Бір теңгеге кім не нәрсе алып еді?..

 

«Сәлем сөздің анасы» ғой білгенге,

Ата салты амандасу үлкенге.

Амандаса білмейтін адамдарға

Салт-дәстүрдің құны, бәлкім, бір теңге?..

 

Өзге тілде өз тіліндей сайрайтын,

Тамырына шет тілдердің бойлайтын.

Адамдарға Қазақ тілі – «бір теңге»

Ана тілін нашар тіл деп ойлайтын.

 

Опасыздық боп кеткен мұратындай,

Өмір мәні ақша деп ұғатындай,

Ұлтын сатқан арсызға ақша үшін

Ардың құны бір теңге тұратындай.

 

Мәселені шешетұғын ақшамен,

Ақшам барда деп ойлайтын «патша мен».

Қылмыс жасап, тұтылмайтын жандарға

Заңның өзі көрінеді жақшамен.

 

«Маған бәрі болады» деп ұғады,

Алдында оның темір кісен бұғады.

Адамдығы жоқ қылмыскер адамға

Адам құны бір-ақ теңге тұрады.

 

Сөкпеңіздер неге бұлай жырлайды,

Айтқым келіп тұрған да жоқ мұндайды.

Қолымдағы бір теңгеге қарадым...

Құны олардың бір теңге де тұрмайды.

 

Әжем айтқан ертегі

Ертегі мен аңыз айтып беретін,

Ертегіге өзі қатты сенетін.

Әжем  – менің ең қымбатты адамым,

Бар адамнан артығырақ көретін.

 

Әңгімесі жақсылыққа құралған,

Кейіпкері  жомарт жандар бір алуан.

Сенетінмін, сендіріп ол айтатын,

Аят оқып отырғандай құраннан.

 

Жетім өскен, құлағы да керең-ді,

Білмейтін-ді бірақ жасу дегенді.

Не көрсе де жақсылыққа сенетін,

Дейтін ылғи: Жақсы адам бол сен енді!

 

Кезекті бір әңгімесін бастады,

Шын оқиға, не ойынан қосқаны?..

Етікші шал жайындағы әңгіме

Шамаменен елу-алпыс жастағы.

 

Соғыс көрген адам екен етікші,

Болған екен не партизан, не тыңшы.

Екі бірдей аяғынан айрылып,

Елге қайтқан жылы қырық екінші.

 

Содан бері етікшілік кәсібі.

Кимесе де өзі етік, мәсіні,

Жөндейді екен тозған аяқкиімді,

Адал екен кәсібіне, асылы.

 

Білетін ол сау аяқтың қадірін,

«Аяқ жылы болу керек ақылым»,

Дейді екен аяғы сау жандарға,

Арбасымен келе жатып ақырын.

 

Екі қолмен ескі арбасын айдайтын,

Өзгелердің амандығын ойлайтын.

Жөндейтұғын елдің аяқкиімін,

Болмаса да өз етігі майлайтын.

 

Етікші шал өз ісінің шебері,

Кәсібіне адал, ерте келеді.

Тозған табан, жыртық аяқкиімді

Ептілікпен жөнге салып береді.

 

Еңбегіне ақы сұрап жатпайтын,

Ол заманда ешкім ақша таппайтын.

Адамдары адал еді ол кездің,

Ақша үшін бірін-бірі сатпайтын.

 

Әжем солай әңгімесін қорытты,

Ертегі, әлде шыныменен болыпты.

Осылайша төрт сыныптық біліммен

Төрт жасымда-ақ адалдыққа оқытты.

 

Сәби шақта тыңдап өскен бұрыннан,

Әңгіме ғой шын көңілмен ұғынған.

«Адал бол,  деп отыратын қарт ана,

Тәнің суып, шыққанынша шыбын жан!»

 

«Арам астан кетсін,  дейтін, садағам!»

Не жесе де, адал асты қалаған.

Тегін келген тоқшылықтан бабалар,

Тәтті дейтін термен келген қара нан!

 

Бабам тілін артығырақ сүйемін!

 

Осы жылы 24-тің жазында,

Сол шіліңгір шілде айы басында.

Шипажайға демалуға барғанмын

Орналасқан Бурабайдың қасында.

 

Табиғаты көркем екен Көкшенің,

Бұрыннан-ақ барсам, көрсем деуші едім.

Қалт жібермей сәті келсе деп жүргем,

Тілеп іштей бір орайлы келсе күн.

 

Жол ашылды сексен көлді көруге,

Мен секілді талай адам келуде.

Елу ұстаз бір Оралдан келіпті,

Ем қабылдап өз бағасын беруге.

 

Қазағы бар, бар ғой және орысы,

Орысшалап сөйлейді екен көбісі.

Бурабайды мекендейтін қазақтар

Орыс тілді, ұнамады сонысы...

 

Дәрігерден жолдама алып бірден біз,

Алғашқы күн ем қабылдап жүргенбіз.

Ығы-жығы массажы да, балшығы,

Ұзын сонар кезекпенен кіргенбіз.

 

Соңғы болып тұрған едім кезекке,

Жерлес әйел жетіп келді безектеп.

Кто крайный? – деп сұрады асығып,

Жауап бердім: Мен соңғымын кезекте.

 

После тебя, – деді-дағы жөнелді,

Бұдан басқа кабинеттер көп еді.

Бір уақытта өзбек әйел келді де:

Соңы кім?деп қазақшалап сөйледі.

 

Менен кейін тұрасыз, – деп үн қаттым,

Деп ойладым адамы емес бұл жақтың.

Кезек ұзақ, ішке сыймай сол ойым:

Қай жақтансыз?  деп әйелге тіл қаттым.

 

Сарыағаштан келдім, балам. Өзің ше?

Ана тілім сайрап тұрды көзімше.

Қандай жақсы өз елінде жүргенде,

Өз тіліңнің үстемдігі сезілсе.

 

Бір мезетте кезек келді маған да,

Ұзақ күткен кезегімнен қалам ба?

Емімді алып шықсам, жерлес банағы

Орысшалап өзбегіңді талауда.

 

Өзеурейді, өзбек оған көнсін бе,

Бір-біріне сөйлеп жатыр қол сілтеп.

Мені көріп өзбек әйел бұрылды:

–Сұрайықшы жас жігіттен, құрсын! – деп.

 

Қазақ апам: После тебя я, – дейді,

Өзбек әйел: Мен емес пе, а? дейді.

Қазағыма бір бүйрегім бұрғанмен,

Орысшасы жүрегімді қариды.

 

Дәрігер де шықты іштен сол сәтте,

Мойын бұрып, маған қарап бір сәтте:

После тебя кто?–  деді, әкеңді..

Өксіп жылап алғым келді бір сәтке.

 

Қазақ-тұғын дәрігер де, жерлес те,

Семсерім жоқ оңды-солды сермеске.

Өз тіліне өгейлерді көргенде,

Амалым жоқ, өзбекке жол бермеске.

 

Анау қазақ жерлесім ед, білемін,

Қазақ еді, ұлтым үшін күйемін.

Қанша жерден ұлтшыл, жершіл болғанмен,

Бабам тілін артығырақ сүйемін!