«Поэзия» номинациясы: Біз өмірге Қожа болып құлшындық...

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Қаламгер

 

Біз өмірге Қожа болып құлшындық...

(Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арнау)

 

Біз өмірге Қожа болып құлшындық,

Бала қиял жетектеген, бұл – шындық.

"Жантастарды" шертіп қалып маңдайдан

Қара кешке доп қуалап, жұлқындық...

 

Талай-талай "Жанарларға" хат жаздық,

Ұстаздардың алдында сан ақталдық.

"Майқанова апайларды" жылатып,

Мектептен де қуылуға шақ қалдық.

 

Кіршіксіз еді "бала Қожа" пейілі,

Сабаққа да ұшқыр болды зейіні.

Тентектікпен үйір болып, достастық,

Әжеміз де, анамыз да кейіді...

 

Азамат боп өсу үшін жан - жақты,

Араластық тіршілікке салмақты...

"Он алтыда– болсақ дедік, – Чемпион,"

Таң қалдырып, ауыл менен аймақты.

 

Күллі қоғам, барша адамдар дем беріп,

Соғыс салған жарамызды емдедік.

Әкелердің аңсап өттік мейірін,

"Өлгендер қайтып келмейді" десе, сенбедік...

 

"Балалық шаққа саяхатпен" астасып,

"Аяжан", " Гауһар" – үлгі тұтқан қос ғашық...

Нарынқолдың "Нар ұлымен" туыс боп,

Бала күннен кеткен едік достасып.

 

Тарих — қазы өткен күнді тергейді,

Бұра тартып, бұлғақтауға келмейді.

Ұрпақтардың жүрегіне от жаққан,

Ұлы Адамдар ешқашанда өлмейді!..

 

Мұралары – ұлт мақтаны, аты – аңыз.

Рухына тисін дұға-батамыз.

Көшін бастап, Ұлы Қазақ елінің,

Мәңгі жасайды Соқпақбаев Атамыз!..

 

ҮШ БӘЙТЕРЕК...

(Қазақтың үш алыбы: Сәкен, Ілияс, Бейімбет — «Үш бәйтерекке» арнау)

 

Момын жұрттың мойнын бұрап, құса қып.

1894... Патша елірген күш алып.

"Алақұйын долы дауыл" ішінде,

Дүниеге келген екен " Үш Алып"...

 

Ортаудан Күн ауып кешкі бесінге,

Келген шақ еді...Күллі Арғынның есінде...

Сәдуақас Сейфолла ұлы туыпты,

Кербез сұлу Көкшетаудың төсінде.

 

Үш шамшырақ жанған Қазақ көгінде,

"Үш бәйтерек" бір жылғы төл тегінде,

Осы жылы Қостанайда Бейімбет,

Жетісуда кепті Ілияс өмірге.

 

Шын Даналар шеттерінен дарынды,

Жазушы, ақын, сөз ұстасы алымды.

"Үш бұрышты тұмарындай" киелі,

Ұлы Елімнің мойнына кеп тағылды!..

 

Сәуле шашып, ұйқыдағы түнекке,

Сыйғызды елін жұдырықтай жүрекке.

"Марсельеза"болып Сәкен ұрандап,

"Майданға!" – деп, білек қосты білекке.

 

Осылайша, "Қара түнек серпілді,

Ұйқысынан көтеріліп ел тұрды."

Ілиястың "Құлагері" гуілдеп,

Табанымен жер қуырып, шоқ тілді.

 

Әңгіменің һас шебері –  Бейімбет,

Сөнбес енді Жансүгіров жаққан от?..

"Үш бәйтерек" жол нұсқап тұр ұрпаққа,

Бағдаршамның адастырмас көзі боп.

 

1938... Қаралы!..

Өлім жайлап, өксік басты даланы.

"Халық жауы!" – болып шықты Арыстар,

Үшеуі де арқалап бұл жаланы...

 

"Үш бәйтерек," "Бес Арыстан" айрылдық,

Құса болып, жербауырлап қайғырдық.

Зиялылар – "шпион" боп шетінен,

Молда, байды келеке етті "маймыл" қып (қылып).

 

"Алаш жұрты", оның асыл ұлдары,

Кейбірінің қалмады ұрпақ, жұрнағы.

Саясаттың: қуғын - сүргін, үркіннің,

Әлі толық ашылмай тұр жұмбағы...

 

Қазағына теңдік жолын әперген,

Демеу болып, рухымызды көтерген.

Дауылдарға қарсы ұшатын қаймықпай,

"Альбатрос" –  үлгі алайық Сәкеннен?!..

 

Қараңғыға сендер жаққан жарық бар,

Аттарыңды ұлықтайтын халық бар,

Замананың ауыр жүгін тең бөліп,

Иығына ала білген, Алыптар!

 

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАЛДЫҚОРҒАН...

 

Туған жерім – құт мекенім, ардағым,

Бүршік жарды сенде балғын арманым.

Жұдырықтай жүрегімнен ұшырған,

Пәк жырымды, ақ жырымды арнадым!..

 

Алып жатқан Ару қала аумағын,

Қараңдаршы, қандай көркем бауларым!?

Жер Жәннаты – Жетісудың кіндігі,

Жұмақ қалам – әсем Талдықорғаным!..

 

Сымбатыңа салтанатың жарасқан,

Оған куә асқар таулар, көк аспан.

Күннен - күнге бойжеткендей құлпырып,

Көз алдымда гүлдей жайнап, сәні асқан...

 

Ән-жырыма арқау болған келбетің,

Көз сүйсініп, көңіл толған суретің.

Сендей әсем, жарқ-жұрқ еткен жақұтты,

Таба алмаспын, араласам жер бетін!?

 

Айналайын, сендегі өр халқымнан,

Жүрегіне мейірім мен Ар тұнған.

Тамшы суың – зәмзәм, дерттің дәруі,

Түйір тасың қымбат маған алтыннан.

 

Кенересін көмкерген гүл, баулармен,

Жиектерін әдіптеген таулармен.

Туған жерім – Талдықорған, сен менің,

Жүрегімді жылытасың сәулеңмен...

 

Әнге бөлеп, саған арнап күй шертем,

Талдықорған –  арайлысың, тым көркем.

Қарыс жерің – тарихтың көмбесі,

Қазағымның шежіресі әр өлкең...

 

Ұлылардың ізгі үміті бүр жарған,

Сенде Ілияс, Мұқаметжан қуды арман.

Туын тікті Біржан – Сара айтыстың,

 Шәмші ән арнап, Мұқағали жыр жазған.

 

Төре қанша орын алған төріңнен,

Шоқанның да көріп, көңілі семірген.

Жүз жыл бұрын "Говриловка" аталып,

"Талдықорған" боп қауыштың еліңмен...

 

Қойнауыңнан тартылмады құнарың,

Қараталың – мойныңдағы тұмарың.

Жаралғаннан бері қарай, жұмыр Жер,

Жеті өзенің – қол ұстасқан сыңарың.

 

Алғашқы Адам жаралыпты өзіңде,

Хауа Анамен бөленіпті сезімге.

Асатаяқ қалдырыпты киелі,

Қазығұрт пен Сайрамға өтер кезінде.

 

Аң менен құс мекендеп көл, сай - сайын,

Сан мың шайыр арнаған жыр шырайын.

Қорқыт пенен Асан қайғы – құмартып,

Шыңғыс Қаған тигізген жер маңдайын.

 

Қоныс болған талай Би мен Батырға,

Жыр жаздырған, шабыт беріп ақынға.

Қабан жырау, Балпық Би мен Ескелді,

Мәңгілікке тыныс тапқан осында...

 

Қадырғали – қала сәнін кіргізді,

Қабанбайды "Қубас атқа" мінгізді...

Ұрпақтары ұмытпай, Ер есімін,

Туған жерге мәңгі мүсін тұрғызды.

 

Ешқашанда үзілмейді көш Ұлы,

Боп тұр қалам – "Даналықтың бесігі,"

Арыстарға көше бердік ұлықтап,

Ұмытылып қалмау үшін есімі!..

 

Абай менен Сүйінбай бар, Жамбыл бар,

Жырдан, ойдан, от өрбіткен даңғылдар.

Нұрғисаның, Мұқан менен Бикеннің,

Аттарына ие болды сарайлар.

 

Білім алып, қуған жастар арманды,

Тілектері орындалып, таң қалды.

Талай-талай өндірістер өркендеп,

Құрылыстар бой көтеріп жанданды.

 

Қырық бір ұлт – бір қалаған елдікті,

Біздің достық айнымайтын ең мықты!..

Қабанбайдың, Бөгенбайдың тұлпары,

Тұяғымен тасқа жазған Ерлікті.

 

Жетісуым – жер Жәннаты, бұл – шын, хақ!

Адамзаттқа жайлы тұрақ, нұрлы бақ.

Нұрмолда мен Зылиқаның еңбегін,

Ұмытпайды, үлгі етеді жас ұрпақ.

 

Талдықорған танымастай өзгерген,

Тамсанадым келбетіңе көз көрген.

Жетісудің тынбай соққан жүрегі,

Аузы ашылып, сүйсінеді кез-келген...

 

Аспанменен тілдескен үй қасынан.

Қарасаңыз, көңіл көкке тасыған.

Өтіп бара жатқан кезде талайдың,

Тақиясы түсіп кеткен басынан...

 

Мың құрылыс сымбатына сән берген,

Дән риза келбетіне, жан көрген.

"Балға батқан шыбынға ұқсап аяғы",

Кете алмайды қонақтары бір көрген.

 

Содан болар, келеді өсіп халқы да,

Берік өлке ұлттың дәстүр - салтына.

Тыңдайтұғын "Талдықорған" – ән аты,

Құлақ қояр күй әуені – "Шалқыма"...

 

Талдықорған – мәңгі дастан, жыр - әнім,

Жүрегіме таққан кием – тұмарым.

Елге еркелеп, өсіп келем алаңсыз,

Жер үстіне Құдай берген Жұмағым!..

 

Еңбектенген қамын ойлап халқымның,

Ел басқарған ағаларға тәнтімін.

Осы өңірдің Адамдары алып қой,

Қайыспастан арқалайтын нар жүгін!?

 

Ұлың болсам, үмітіңді ақтаған,

Сонда ғана "Ер жеттім!" – деп мақтанам.

Кірпішің боп, қажетіңе жарасам,

Одан артық Ұлы Бақыт жоқ маған!?

 

Ғасырлардан ғасырларға көше бер,

Іс көп болсын, ерлігіңді еселер.

Маңдайдағы жұлдызы боп Қазақтың,

Талдықорған, жарқырай бер, өсе бер!

 

Қал сұрауға қанша уақыт кетеді?..

 

Бес жағдайда қал сұрау парыз:

1. Еліңнің, Отаныңның жағдайын біліп, қал сұрас;

2. Ата-анаңның, туыстарыңның амандығын біліп, қалдарын сұра;

3. Достарыңның, сыйластарыңның қалын сұра;

4. Ұстаздарыңның, өмірге тәрбиелеп, үлгі шашқан Адамның қалын сұра;

5. Ауырып жатқан адамның, көрші - көлеміңнің, ағайын - жекжатыңның қалін сұрап тұр...

 

Ағайынмен мойындамай, "суығанын" арамыз,

Тұрмыс билеп, тірлік қуып, ұсақталып барамыз.

Пейілдердің пәс тартқанын өзімізше жасырып,

Уақыттың жоқтығына,"қол тимеуге" жабамыз.

Зәредейміз сылтау іздеп, ақталуға келгенде,

Жалпақтаймыз, көлгірсиміз, жақындарды көргенде...

"Сәлемнің де дертке дауа, жанға шипа екенін",

Түсінеміз басқа тиіп, денеге ауру енгенде.

 

Кіріп алдық, қойшы әйтеуір, "қол тимейтін сенімге",

Уақыт жоқ, – дейміз, қазір, тіпті, көңіл бөлуге...

Түсінбейміз, қал - жағдайын, жақын менен қимастың,

Бәлкім, ол жан сені аңсайды, бірер сәтке көруге?!

 

Сен құрсақта жатқаныңда: "Көрсем ғой?!" – деп, жарықты,

Тыпырладың, оны Анаң жүрегімен сан ұқты...

Сен өмірге келеріңде әніңе сап, іңгәлап,

Әке - шешең, біл, қаншама жанын беріп, зарықты!?

 

Атаң - әжең, әр нәрсені үмітпенен ырымдап,

Көрмеді ғой, сен туғанша тағат тауып, тыным да ап...

"Е, Жаратқан! Немеремді бір иіскет!?" –  деп, тіледі,

Оңашада жанарларын шытпен сүртіп, сығымдап...

 

Тосты ағаң да, әпекең де, барша жақын туыстар,

"Бауырымыз келеді!" – деп, "Батырымыз – Ту ұстар!"...

Сен солардың ақта үмітін, қадіріңше жарай ма,

Бері жоқ, қу жалғанның, соңынан бос қуыспай!?

 

Айтшы, қане, қал сұрауға қанша уақыт кетеді?

Әрі кетсе, он-ақ минут бәріне де жетеді...

Көпті көрген қариядан, рахмет, бата алсаң,

Бар өмірің шаттықпенен мәнді болып өтеді.

 

Адамдармен ешқашанда, сөзге келме, суыспа,

Түкке тұрмас дау - дамайды, өкпең өшіп қуыспа.

Өміріңе жететұғын нәрлі қуат беретін,

Қал сұрап жүр, айналайын, сәлеміңді дұрыста!?

 

Ойлан, Келешек!..

 

"Құдай хақ, Алла — ақиқат, елес — жалған,

Жаралған құдіретпен күллі ғалам.

Жеті қат жер асты мен жер үстінің,

Иесі – ең Ұлық күш, бір Жаратқан!..

 

Он сегіз мың ғаламның Иесі – Бір,

Дидарын сипаттауға жетпейді тіл.

Топас пен тоңмойынды жаратпайды,

Адамнан малға айналмай, осыны біл!..

 

Кеңістік – ол жаратқан, алтын сарай,

Қақың жоқ бүлдіруге әлдеқалай!

Тыржалаңаш жаралған күллі Адамзат,

Тыржалаңаш өледі, тағдыр солай!..

 

"Бай мен кедей, бар мен жоқ", – деп бөлмеген,

Біреуге артық, біреуге кем бермеген.

Ақиқатын осының біле тұра,

Түк көрмеген "надандар" қол сермеген.

 

Адамның шыққан түбі – бір тамшы су,

Не тозаң, не таңғы шық, не ұшқан бу...

Жұп қылып, жанды- жансыз табиғатты,

Бойына жан бітірген, Құдай – нақ Дүр!

 

Көп оқы, көп нәрсе үйрен, ғылымды қу,

Дүниені өзгерте алмас, залым мен қу.

Аяла, күллі болмыс, жаралғанды,

Шалыс бассаң, ес жиып, күнәңді жу!?

 

Баба айтқан: "Білімдінің беті – жарық,

Білімсіздің көр топас, беті – шарық!"

Мәз болма, құр қарныңды тойдырғанға,

Арамнан жиған малға, болма қарық.

 

Білім алмай, әрдайым, алдың жабық,

Ұмтылма мал табуға қулық сауып.

Маңайыңа нұр сыйла мейіріммен,

Ұялма, жұрт алдында қапы қалып.

 

Әр ісің, әр сөзіңе қазы – Халық,

Ілім ал, дүниенің сырын тауып.

Тығылып жар астында жатсаң дағы,

Аңдыған жауың алар бір күн шауып?!

 

Осылай Жаратқанға жақындайсың,

Әр таңды уайыммен атырмайсың...

Дін қуып: "Алла үшін қан төктім!" – деп,

Басыңды болмас іске қатырмайсың...

 

Түйін сөз: "Арлы болсын, әр Қазағым!",

Тартпасын ауыр күннің еш азабын.

"Халқым!" – деп, сыздаған соң, ет жүрегім,

Ұрпаққа үлгі болар жыр жазамын.

 

Сөзіме салсын ұрпақ, бар назарын,

Таза ұстап, кірлетпесін адал Арын.

Көп созып, айта берем мен несіне,

Сен аман, сен Бақытты бол Қазағым!..