Бүркеншік аты: Sun
***
Көктем келді, япыр-ай, көктем келді,
Қуанышқа толтырып көк пен жерді.
Су шаяды тағы да өткелдерді,
Тағы да гүл басады көк белдерді.
Құлпырады табиғат, өзгереді,
Қаһарына ол қыстың төзген еді.
Төрт мезгілді жаратқан төрт түрлі ғып,
Немене екен Алланың көздегені?
Төрт мезгілдің адамға берері не?
Жаратса екен әйтеуір керегіне.
Тағдырың қыстай суық кездерден соң,
Көктемдей құлпырады дегені ме?
Күйбеңіне тірліктің толы күнде,
Бұл ғажапты сезбейді көбі мүлде.
Көктем – бала, жаз – аға, қыс – ақсақал,
Әлде бір жыл – адамның өмірі ме?
Көктем келді, япыр-ай, көктем келді,
Үміт келді, күн келді – көктен белгі.
Алма ағаштар тағы да бүршік атар,
Тағы да гүл басады көк белдерді.
Және мына жалғанда ұмытпайық,
Алма кезек өмірден өткендерді.