Мемлекет басшысы CMA CGM компаниясының президентімен Ақтау теңіз портына инвестиция тарту мәселесін талқылады

CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement – Compagnie Générale Maritime) – 1978 жылы Францияда негізі қаланған жүк кемелерін құрастыратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі.

Мемлекет басшысы CMA CGM компаниясының президенті Родольф Саадты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президент кездесуде Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытуға ерекше назар аударды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы Шығыс – Батыс, Оңтүстік – Солтүстік көлік бағыттарын дамытуда негізгі рөл атқаратынына тоқталды. Жүк тасымалының көлемін арттыру мақсатында әлемнің ірі компанияларымен бірге инвестиция тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. 

Мемлекет басшысы өңірлік штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан CMA CGM компаниясымен ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді. 

Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-қимыл жасау, Ақтау теңіз портының логистикалық инфрақұрылымына инвестиция тарту, сондай-ақ Каспий теңізіндегі айлақтарға арналған жүк кемелерін құрастыру мәселелеріне баса мән берілді. 

CMA CGM (Compagnie Maritime d’Affrètement – Compagnie Générale Maritime) – 1978 жылы Францияда негізі қаланған жүк кемелерін құрастыратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. 

Кәсіпорынның 160 елді қамтитын жаһандық желісі бар. Оның құрамында 400-ге жуық кеңсе мен 600-ден астам контейнер тасымалдайтын кеме жұмыс істейді. Былтыр компанияның сауда-саттық көлемі 47 миллиард доллар болған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.