«Поэзия» номинациясы: Астанаға алғаш келгенде

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Airaqty

 

Астанаға алғаш келгенде

 

Бозбала ақын алғаш рет ашты,

Астана қақпасын.

Елестеді кезіп жүрген шайырлардың елесі,

Көшті бастап қарт Қасым.

        

Іркілдім де ілбіп бастым қадамды,

Көзім тайып жасқандым,

Шал-шауқанын қарғып қапқан үскірік,

Шәрі екен жастардың.

 

Естір ме екен, дүр-дүрсілін жүрегімнің

бұл халық?

Аяңдадым Астананың төріне,

Зор толқыныс кірпігіме шырғалып.

 

Дәл өсітіп бұлдыр ойға шырматылып,

Бараттым.

Аяқ асты нұрлы бейне жарқ етті,

Жарқ етті де қаратты.

 

Күннің қызын көрдім тоба,

Гүлдестесін тағынған,

Жарық күндей шашынан,

Бейне сәуле төгілген,

Ғажайыптан соғылған.

 

Ақ жауындай толқынша ұрған,

Есімді алды тарсыл үн.

Мен де үнсізбін,

Ерке Есілге мұң шаққан,

Ұқтым көзден жан сырын.

 

Махаббаттың белгісіндей келдің сен,

Сүйсең, оны сүйе гөр.

Тәкаппар ма, қағылез бе қабағын,

Ауық-ауық түйеді ол.

 

Ес жиғызбай құйынша кеп үйірген,

О, сұлулық мас қылдың.

Жүрегімді тәрк етер ем алдында

Қауыз жарған жас гүлдің.

 

Сұлулығын бар әлемнің жамалына көшірген,

Алжастым ба есімнен?..

Кете бардым.

Қызғандым да бойжеткенді Есілден.

 

Есімі оның «Астана ару» екендігін,

Кейін жұрттан естідім.

Дұға тілеп отырамын аруға,

Күн менен бұлт қауышатын

Кешқұрым.

 

Мен енді өмірге «Өлең» деп ат қойдым

 

Жолдар мен жылдардың сорабы,

Бейопа кезеңнің талабы,

Ең лағыл сөзімді,

Ең жарқын сезімді суырып кеудемнен,

Қайда алып барады?

 

Дәуренім кешікті жан бүрлер,

Көшеде сабылған тобырдың ішінде,

Өзімнен көз жазып қалдым мен,

Лайланып қан-жүлгем,

Ең қымбат сертімді саудалап,

Ең құнды үміттің үр-жібін үзгеннен,

Не шықты?

 

Шектемей санамды,

Неше бір сұлудың кілегей,

Аяулы арманын, ынтызар аңсарын,

Қалтама сап қойдым!

Мен енді өмірге «Өлең» деп ат қойдым,

Ал өзім үстінде жатырмын ақ мамық тәтті ойдың...

 

Қорықтым, жоспарсыз аттанған сапарым,

Баянсыз болар деп.

Байқаусыз сермелген жұдырық,

Сұлатып салар деп.

Аңдаусыз түйіскен жанарым,

Ұнатып қалар деп,

Жосықсыз қойылған кей сауал,

тап басып сырымды табар деп.

 

Жүзі өткір жанымның сәулесі мың рет қайралды,

Түнектен жол тауып шығарға,

Шуақты шақтарым, шынайы, жайдарлы,

Келер деп, уақытқа байландым...

Кешірші сен мені, жан достым,

Жалбақай жалшыға айналдым,

мен қазір –

«Жәрмеспін!».

 

Дидарын еске алсам ауылдың, анамның,

Өзімді қоярға жер таппай,

Мазамды алар мұң.

Ұғар ма, 

Тағдырдан сый күткен парықсыз ұлын ол?

Жүрексіз ойыма қамалдым...

 

«Өзіңе үңіл» дейді ағам

 

Ар алдында ақтай алмай өзімді,

Жауап іздеп қиналам.

Жан алдында жұптай алмай сөзімді,

Өтірігіме иланам.

 

«Ғақлия көзге дүние – ғажап», ойлашы,

Жаһлы көзге мына әлем бос, қираған,

Әр адамның айналасы – айнасы,

Өзіңе үңіл», - дейді ағам.

 

Кейін ойлап, жан-жағыма қарасам,

Жақсы адамдар аз қалыпты, сирепті,

Көп сұқтанған сұлуларды санасам,

Көңілді ауыр түйрепті.

 

Алды жеңіл ағаларды «ақ көйлек»,

Артынша ауыр боқтаппын,

«сенен асқан азғын адам жоқ қой» деп,

әй, көкіппін, оттаппын.

 

«Жарамсақ» деп жолдасты да ұға алмай,

тек шекісе беріппін,

махаббаттың азабына сыналмай,

опасыз деп жеріппін.

 

Жан-әлемім кірлеп содан қалғандай,

Қара басым арылған бір дау бар ма?

Тым тәкаппар, қиянатшыл, сор маңдай,

мен тек өзім болғам ба?..

 

Тазару – тәтті бір кезең

 

Кеңістік – үнсіз,

көңіл – бос,

мендегі осы жаңалық.

айтатын сөзім мәлім дос,

іңкәрлік, сезім тоналып,

 

қалғандай... кеуде – тынымсыз,

уақыт қарайды сазарып,

әуезім – қазір жұғымсыз,

әсерсіз, сырсыз, дірілсіз...

 

жүрегім жатыр тазарып,

Тазару – тәтті бір кезең.

кеткенде жаның қажалып,

мұңға толғанда жыр көзең...

 

бұтақ та сыбдыр қақпайды,

бұлақ та толқып ақпайды,

бұйығып алған бір бақыт,

бұрылып саған соқпайды.

 

бұп-бұйра толқын күндерім,

мінбелеп алып желкемде,

бірде бар болып, бірде жоқ,

жалғасам қазір ертеңге...

 

Есіме алдым ессіздеу, мөлдір шақтарды

 

Мерзімі жетпей өзін сарқыған ғапылдай,

ұйтқиды боран.

Суырып күпсек, ақ қарды,

сырты кіжініп, іші мүжіліп, сақылдай,

есіне алды ессіздеу, мөлдір шақтарды.

 

Өз құштарлығын құрастырғандай қиялмен,

иә, қиялмен.

Қиял қанатты ақ боран,

Үдей түседі, құйын қосылып биі әлден,

көңілін оның бейопа үміт таптаған.

 

Құмартқан сайын құшары – құса-мұң ғана.

уай, биің қандай, ырғағың қандай есалаң,

сәл болмағанда кете жаздапсың жындана,

қандай қошемет көрсетсем жарар о саған?

 

Күркіре боран, сілкілей алсаң сілкіле,

Ақиқатыңа алшақтау қонған қауымды.

Ақ көкірегіңе тұнған сырыңды іркіме,

арқырап, асыл қозғашы Әруағымды.

 

Шіркін ашуың, тасуың мынау – жойпан бір!

Ысқыла бетін, аязбен сырқау қауымның..

Періге арбалған,

Құйрығы бұлаң қай тағдыр?

Өрнегі өзің бейдауа осы жанымның....

 

Мезгілден кешіккен күлкінің сыңғыры

 

Терісі күлдіреп,

жанары тайғанап жылауық,

күмәннің тынысы тарылып,

ойларым бағыттан жаңылып,

алғысы дәйектен құралып,

соңғысы үлбіреп,

үздігіп, үзіліп,

аяқсыз қалады жауабым.

Түрткілеп болмысын, әжуа қылардай,

Жалтырақ, сұр ала

Түстердің мәнісін ұға алмай,

Көзіңе қарадым,

Қызығып.

Сіз кімсіз?

Уақыттан кеш өпкен көктемнің самалы?

Мезгілден кешіккен күлкінің сыңғыры?

Өкпеге қия алмай,

Қиянат қылардай алғашқы бастауға,

Жан – жалқы,

Көшірме – мың көздің күркілі,

Кеуде іші тоналып, бос қалған.

Тым мәнсіз телміремін аспанға,

Өзімді жиі алдай.

 

Біздің қоғам – сырқау

 

Айналамдағы гу-гу сөздер мен ыбыр-сыбырдан шаршаймын,

басқосулардан қашамын қазір.

таусылмайтын талқылаулар мен жиналыстар,

жұрттың  әңгімесіне  құлағымды тосамын.

 

Әулекі сөз, ақ-көк әңгіме.

Бір-бірімен дабырласып жатады олар,

ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етіп.

Сөзге үйір жын иектеп алған ба?   

эмоция қосып, боқтайды, жекіп.

 

пайымдауымша, біздің қоғам сырқау.

ұқтыра алмайтын не айтқысы келетінін,

дүрмегіне қосылып, сандырағын құптаймын.

әйтпесе күн емес көретінің.

 

...дерттің тым меңдеп бара жатқанын ұқпай ма бұл сөзге үйір қоғам?

Ашуым келеді соған.

 

«Мені ұмытпа»

 

Қарашы,

қағаздан гүл жасадым. Ұнады ма?!

Ала ғой, қыстырып қой құлағыңа;

сосын сен жымия сал, бірақ сенші

бұл гүлдің мәңгі солмай тұрарына.

 

«Мені ұмытпа» ақ қағаз гүлдің аты,

«Мені ұмытпа» ақ көңіл жырдың аты,

ақ қағаздың бетінде аппақ көңіл

гүл болып саған қарай ұмтылады.

 

Бәлкім, сенің жаныңның бөлшегі – мен,

түсіңе де кірермін гүл шоғымен,

ал әзірге бұл гүлді мен жоқ кезде

көңіліңмен суғарып тұршы, өтінем.