«Поэзия» номинациясы: Алаштың қырандары

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Ертіс

 

АЛАШТЫҢ ҚЫРАНДАРЫ

 

Жыр жорығы

 

Отан ана!

О менің орда далам!

Көрдің талай көз жасты сорғалаған.

Бір жоқ іздеп ағады білесің бе?

Бұл даланың бұлағы жорғалаған.

 

Арасынан табар ма көп дүрмектің,

Ақ бұлтынан табар ма сеңгір көктің.

Ізде ақынды Тұранның даласынан,

Ізде ақынды ізінен «Теңбілкөктің».

 

Құт кетпеген кең далам құрсағынан,

Ақын қайда, ел қайда жыр сағынған.

Сұра ақынды сар дала самалы мен,

Өлең иісі аңқыған жусанынан.

 

Дауылына құлақ түр даланың кең,

Дарыныңды жоғалтсаң талабыңмен,

Жұлдызды аспан жаққанда өлең отын,

Сәкен жырды көсеп көр қаламыңмен.

 

Өзің айтшы өлеңнің ескі жұрты,

Қайда апармақ соқпағы көштің ілкі?

Тау ішінде салғанда  әуенге ескі,

Көңілімде бабамның көшті ғұрпы.

 

Қаралы жыр

 

Жаттанды әнін жарық күн тәмам қылып,

Көлеңкелер қарайды маған күліп.

Батқан күннің артынан баспалап кеп,

Бар ойымды бас салды қараңғылық.

 

Тарам-тарам тағдырлы ой таратардай.

Құрқылдайды құзғын құс қара таңдай.

Бассыз кеткен бабамды жоқтағандай,

Бүрген түбі бүріскен қараторғай.

 

Қайғысы бар өзіндік қаралы ол да,

Тоз-тоз болған торғайда пана бар ма?!

Ұры ажалдан жасыған рухымды,

Қарқ-қарқ етіп шоқиды қара қарға.

 

Тәлкегімен тағдырдың таласып Ар.

Қарауытқан көз алдым қара шұбар.

Көлеңкенің ішінде көлбеңдейді

Кесілген бас...

көзінде наласы бар.

 

Қап-қара түн. Қолымда қара қалам.

Қаралы жыр оқиды дала маған.

Жаралы ойдың соңында жалғыз нүкте,

Бабам басы секілді домалаған.

 

Жіберердей мына түн ақымақ қып.

Сыр бермейді мәңгірген атырап түк.

Қаралы ақын хат жазып отыр әне,

Жыртып алып жүрегін жапырақ қып.

 

Қилы тағдыр көңілді етті сынық.

Кеудемдегі шер болған кекті ысырып.

Қаламымның ұшынан құлаған мұң,

Қара өлеңнің ішіне кетті сіңіп.

 

Фәни-құс

(Phoenix)

 

Біздің жүрек кесе толы кекті ішкен,

Ту тігем деп аспан тектес көк түстен.

Қайсы бір жыл жасын ойнап сеңгірде,

Қанатына жыл құсының от түскен.

 

Қай ғасырдың тәрк етесің қылмысын?!

Тағдырына тәбарак қып тұрмысын,

Фәни-құсқа кетті айналып ақыры,

Көк жүзінен таппаған соң Күн-құсын.

 

Алаш қамы десек дағы әр игі іс,

Өкініштің өрті кейде қариды іш.

Отар жұрттың ошағының басында,

Қанатымен от көседі фәни-құс.

 

От көседі көкірегі көк тіреп,

Кеудесінде шоқ боп жанып от жүрек.

Көр соқырдың көсеуіне айналды,

Күлім көкке ұшпаса екен деп тілеп.

 

Құса болып ішкі мұрат, ішкі арман,

Топырағы, туған жұрты тыс қалған.

Күлден, гүлге айналармын деп жатты,

Көк тәңірге сәлем жолдап құстардан.

 

Ғасырларға қиыр-қиыр салдықта із,

Ғұмыр жолын әуелеттік ән қып біз.

Тағдырыңды табытыңнан алдықта,

Аңыз, жырға айналдыра салдық біз.

 

Солай өмір – әрі шаттық, әрі мұң.

От кешерміз кім біледі әлі мың.

Күлге айналған фәни-құстың мүрдесін,

КҮН қып бізге сыйлай салды Тәңірім.

 

Аңыз-құс

 

Қанатына тұмар тағып, хат байлап,

Баянды да бейбіт тірлік бақты ойлап,

Ғасыр бұрын бейбіт құсы қазақтың,

Бұлтты аспанға көтерілген қақ бойлап.

 

Көтерілген көк жүзіне көгершін.

Басқа салса бәріне де көнерсің.

Деп тіледі тәңірінен күні-түн,

Алты Алаштың көсегесі көгерсін.

 

Ыңғайына іліне  алмай ылдидың,

Құс жолынан жолығып сор, ылғи мұң,

Тас түрменің тоғытылды торына,

Қаһарына қарсы келіп қырғидың.

 

Бел буған ұл ақ боз үйде белдеулі,

Белең асты, қанды асулы бел көрді.

Тал бесіктің әлдиінің айы өтіп,

Тас бесіктің тепкісінде тербелді.

 

Қайғы, шермен жазып тағдыр кітабын,

Үміт қылып түбі әйтеуір ұтарын,

Алтайына жатты армандап жетуді,

Тістеп алып зәйтүн ағаш бұтағын.

 

Қолын кісен, көкірегін кек қысып,

Опат болды ой арманы от құшып.

Аспан көшіп жанарынан ақыры,

Қақырады қауырсыны көкке ұшып.

 

Пенде өмірі сызығынан асқан ба?!

Қайда барса Қорқыт көрі қашқанға.

Көгершіннің көкке ұшқан рухы,

Аңыз құс боп айналып жүр аспанда.