Жания Бекмұхамбетова халықаралық турнирде чемпион атанды

Бекмұхамбетова бұған дейін Сомбатхейде U13 жасқа дейінгі спортшылар арасында үшінші орынды иеленген еді.

Қазақстандық Жания Бекмұхамбетова үстел теннисінен Венгрияның Сомбатхей қаласында болып жатқан WTT Youth Contender турнирінде қатарынан екінші медалін жеңіп алды. Бұл жолы ол 11 жасқа дейінгі санатта “алтын” медаль иегері атанды,  деп хабарлайды Aikyn.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Турнир барысында Жания Венгриядан келген Сара Сондиды 3:0, испаниялық Лора Урияны 3:0, украиналық Александра Бецті 3:0 есебімен, сондай-ақ  испаниялық Джулия Фернандесті 3:1, Кармен Гоместі 3:0 және румыниялық Бьянка Томуды 3:0 есебімен жеңді.

Айта кетсек, бұған дейін Сомбатхейде Бекмұхамбетова U13 жасқа дейінгі спортшылар арасында үшінші орынды иеленген еді.