2025 жылы ең төменгі жалақы мөлшері көбейе ме?

Бүгінде медианды еңбекақы мен ең төменгі жалақы көрсеткіштері арасындағы айырмашылық 34% құрайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова келесі жылы жалақы мөлшеріне қатысты қандай өзгерістер болатынын айтты,  хабарлайды Aikyn.kz

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында министр еңбек өнімі мен медианды жалақыны біріктіру мәселесіне тоқталып өтті.

– Келер жылы да осы 85 мың теңге көлемінде қалады. Біз ең төменгі жалақыны тағайындау әдістемесін әзірледік. Ол бойынша жаңа еңбек өнімі мен медиандық жалақыны біріктірдік. Медиандық еңбекақы мен ең төменгі жалақы көрсеткіштерін салыстырсақ 34% айырмашылық бар. Біз енді әр жұмысшының еңбек тәуекелдері картасын жасап, жұмыс берушілермен бірлесіп қарастырамыз. Әрине, жұмыс беруші мен жұмысшы арасында келісімшарт жасалады, ол Еңбек кодексіне негізделеді. Бірақ  бизнес саласындағы кейбір жұмысшылардың медиандық еңбекақы мен ең төменгі жалақы көрсеткіштері 9%-ға жетпейді, – деді ол.

Светлана Жақыпованың мәліметінше, медианды жалақы мен ең төменгі жалақы арасында айырмашылық бар, сондықтан оны арттыру да жоспарда тұр. Бұл ретте ол аталған бастама ең төменгі жалақы мөлшерін көбейтуге себеп болатынын атап өтті.