Қазақта «Жақсы сөз – жан азығы» дейтін салмақты ұғым бар екені ақиқат. Ата-бабадан келе жатқан дәстүр сабақтастығына адал халқымыздың дүниетанымында аталы сөздің төресі – баталы сөз деп те айтылады. Хакім Абайдан қалған өсиетте «Істің нәтижесі оның қалай аяқталғанынан емес, қалай басталғанынан білінеді» деген тағылымды толғам мәңгілік мұра-мирасымыз боп қалған.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы ғасырлар бойы жинақталған мәдениетіміз бен құндылықтарымызды дәріптеу, тұрғындардың отансүйгіштік санасын қалыптастыру мақсатында ұлттық дәстүрден қол үзбеген өлке ретінде Түркістан облысы партияластарымыздың арасында «Баталы елге бақ қонар» эстафетасын өткізіп, аудан, қалаларда «Батагөй қария» байқауларының өтуіне ұйытқы болды.
Ресми деректерге сәйкес, қазыналы жұрт болып айқындалған Түркістан облысында бүгінде 200 мыңға жуық адам – аға буын өкілдері санатына жатады екен. Өңіріміз бойынша 60-тан астам қарияның өмірлік белесі – жүзге жеткен және одан асып, ақылшы даналарымызға айналған. Алдыңғы буын аға ұрпақтың ізімен келе жатқан жаңа толқын жастардың үлесі облыс бойынша 650 мың адамнан асады. Өсудің, өркендеудің маңызды көрсеткіші болған осы деректерден-ақ, ежелгі Түркістан топырағы әрі көне, әрі жас, көпті көрген шежірелі, көпті берер тағылым мекені боп қала беретіні айқын.
Аға ұрпақтың тәжірибесі, өмірлік жолы – кейінгі буынға үлгі-өнеге екенін «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Түркістан облыстық мәслихатындағы партиялық фракцияның жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев мәлімдеді. Еңбегі елеулі, елге сыйлы, ерен ойлы, парасат-пайымы биік, данагөй қазыналарымызды ортақ ырысымызды арттырған ел ағалары деп бағалады.
«Сіздерді партиямыздың «Ардагерлерді ардақтайық», «Ұлттық мұра» жобалары аясындағы «Батагөй қария» облыстық байқауында көргеніме қуаныштымын. Қасиетті өңірімізде ата салтын ардақ тұтқан, айтар сөзін салмақтай білетін, жастарға ағалық етер өнегесі бар, аузы дуалы қарияларымыз көп деп білемін. Түлкібас ауданынан бастауын алып, кейіннен облысымыздың барлық аудан, қалаларында өткізілген «Батагөй қария» байқауы осыған куә, байқауда айтылған көптеген ақ баталы тілектер оған дәлел деп нық сеніммен айта аламын», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Байқау шарты бойынша оған қатысушылар екі кезеңдік тапсырмаларды орындап шықты. Оның біріншісінде қариялар «Ел бірлігі – Аманаттың мұраты» тақырыбы аясында елдің береке-бірлігін арттыру, ынтымақ-татулыққа шақыру бағытындағы ақ тілектерін білдірсе, екінші кезеңде ел ағалары еркін тақырыпта тәлім-тәрбиелік мәні бар баталар топтамасының тиегін ағытты.
Текті тәрбиенің өзегі болған бата дәстүрі түркілердің төрі болған Түркістанда осылайша жаңғырды. Бірауыз сөзімен дүйім жұртты өзіне қаратқан, сөзін тыңдатып, орнықты ойын орнатқан абыздардың мәңгілік дамыл тапқан мекені, алдағы уақытта да елдің береке-бірлігіне үздіксіз қызмет ете береді деген сенімдеміз.