Шымкентте театр фестивалі басталды

Үшінші мегаполисте Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық Академиялық қазақ драма театрының 95 жылдығына арналған Орталық Азия, түркітілдес мемлекеттер мен Қазақстанның кәсіби театр ұжымдары қатысқан Орталық Азия елдері театрларының ха­лық­аралық фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Екі жылда бір рет өтетін бұл фестиваль – еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің мәдени өміріндегі елеулі оқиға.

Салтанатты жиын Ж.Шанин театрының 95 жылдығына арнайы дайындалған бейнефильммен бастау алды. Фестивальдің ашылу салтанатына арнайы қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков ақжарма тілегін білдірді. 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауы­­мен ұйымдастырылған Фестивальде Қыр­­ғызстан, Өзбекстан, Түркия, Қарақалпақстан, Татарстан, Әзербайжан және Қазақстанның таңдаулы театрлары өнер көрсетті. Шымкент қаласындағы өнерсүйер қауым Әзербайжан мемлекет­тік академиялық музыкалық театры, Ғ.Мү­сірепов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Қырғызстан мемлекеттік «Учур» жастар театры, Өзбекстан «Дийдор» мемлекеттік жастар эксперименталды театр-­студиясы, Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театры, Түркияның Алания қалалық театры, Самарқанд облыстық музыкалық драма театры және Тукай атындағы «Әтнә» мемлекеттік татар драма театры сахналаған қойылымдарды тамашалау мүмкіндігіне ие болып отыр. 

Аталған өнер ұжымдары 6-11 қараша күндері Ж.Шанин атындағы Академия­лық қазақ драма театры мен Шымкент қалалық орыс драма театрының сахналарында С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр», Ш.Айтматовтың «Бетпе-бет», Х.Ниязидің «Сайқымазақтардың ойыны», П.Сейидлидің «Киллерден телеграм», Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан», Ш.Айтматовтың «Лувр үйрегі», Хэменгуэйдің «Шал мен теңіз», А.Навоидің «Ләйлі-Мәжнүн» және А.Гильязованың «Қар астындағы қайнар бұлақ» туындыларын көрермен назарына ұсынатын болады. 

Сонымен қатар фестиваль аясында театр мамандарының шығармашылық әлеуеті мен кәсіби деңгейін жақсарту мақсатында «Шеберлік сабақтары» өткізіледі. Онда театр мамандары Е.Вахтангов атындағы театрдың режиссері, «Алтын масканың» бірнеше дүркін иегері Юрий Бутусовтың, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Айгүл Наремгенованың және театртанушы, Өзбекстан мемлекеттік музыкалық комедия театрының (оперетта) директоры Бури Ганиевтің шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Назгүл НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы