«Ер мен ел» тарихынан сыр шертеді

Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ханада Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, жазушы, өлкетанушы Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты тарихи-танымдық кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов, жазушы Алтыншаш Жағанова, ғалым, академик Дихан Қамзабек­ұлы және басқа да қоғам қайраткер­лері, зиялы қауым өкілдері, көрнекті ғалымдар мен қалам­герлер қатысты. Жиын басында тарихшы-этнограф Қойшығара Салғараұлы жас зерт­теуші-қаламгерге ақ батасын берді. 

«Ұлт тұлғаларының тарихи еңбегін, тағы­лымын, даналығын жан-жақты, толық толғап, ұғынықты тілмен жатық түсіндірген. Әрбір кемеңгер тұлғаның өмірбаянын тарихи дерек­термен нық дәйектеп отырады. Кемел мысал­дар келтіріп, афоризмдермен тұздықтай білген. Кенжебек Сержанұлының «Ер мен ел» атты тарихи-танымдық еңбегі киелілердің, әулие-әнбиелердің, абыздардың, бұлбұлдай сайраған дүлдүл жыршылардың, «алдынан қара кетпеген, артынан қара жетпеген» жорықшы жыраулардың, Еділдің қызыл желіндей «ақиқаттың ақ жолында қырандай батылдық, шешімпаздық, тәуекелшілдік танытқан би-шешендердің мүбәрәк мекені – Маңғыс­таудың шежірелі тарихына бағышталған. Салиқалы жинақтағы жазбалар Маңғыстаудың қасиетті жұртының басынан өткен қасіретті ғасырларды гөй-гөйлете сөйлетеді, замана суреттеріне жан бітіреді, ел жадында жатталған ғибратты ойларға, асыл сөздерге қанат бітіреді, сөйтіп халықтың тарихи зердесін дәуір мәлі­меттерімен, шежірелік деректермен, таңдаулы тәмсілдермен, ойлы да оюлы әңгімелермен, та­рихи-мәдени, ұлттық-рухани құндылықтар­мен байытып толықтырады», – деп баға берді профес­сор Серік Негимов. 

Бұл кітапта автор маңғаз өлке, майлы қиян Маңғыстау түбегінен шыққан, есімдері халық арасында кеңінен танылған марғасқа тұлға­лардың өмір тарихынан сыр шертеді. Ел басы­на күн туғанда ұлан-ғайыр жерін жау табанынан қорғап, ереуіл атқа ер салып, қиын да күрделі кезеңдерде намыс туын жеңіс жалауына айналдырған қаһарман ерлердің ел алдындағы ерен істері баяндалады. Сонымен қатар елдік істердің ұйытқысы бола білген қайраткер азаматтар жайлы да кеңінен әңгімеленеді.

«Кейінгі ұрпаққа ұлттық рухани тәрбие беруге тағылымды ғұмыр кешкен азамат ерлер әрдайым үлгі болары сөзсіз. Бұл еңбегім өлке тарихы мен әдебиетке жаны жақын оқырман қауымға арналады», – дейді Кенжебек Сер­жанұлы.  

Асыл ТҰМАР