«Мұғалім Talks» білім саласындағы мәселені мұғалімдер зерделеу үшін құрылған еркін форматтағы алаң – Жадыра Сабырқызы

«AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен «Мұғалім Talks» жиынында конкурстық іріктеуден өтіп алты педагог өз баяндамасын жасаған болатын.

Солардың бірі – Қарағанды қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназия директоры Жадыра Баймолдина. Қарбаласы көп жұмысынан бір сағаттай уақытын арнаған «Ұстаз – ұлт айнасы» арнайы төсбелгісінің және Қарағанды қаласының «Ең озат мектеп директоры» атағының иегері осы жоба және де орта білім туралы бізге айтып берген еді.

– Жадыра Сабырқызы, «Мұғалім Talks» платформасына қатысып, көпжылғы тәжірибеңізбен бөлісіп қана қоймай, көптен оза шауып орта білім туралы баяндама жасаған екенсіз. Жалпы орта білімде бізге не керек? Нені білуіміз керек? Неден озықпыз, неден қалып қойдық?

– «Мұғалім Talks» мұғалімдері қолдау мақсатында қолға алынған өте тиімді жоба. Қоғамда, білім саласында болып жатқан мәселелерді мұғалімдердің ойымен зерделеу үшін құрылған еркін форматтағы алаң. Жиында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы білім беру саласы әркез Мемлекет басшысының назарында екенін атап өтті. 

Ал кейс платформаға қатысқандағы мақсатым өз ойымды ашық жеткізгім келді. Бүгінгі қоғамдағы мұғалім мәртебесі, қоғамдағы орны туралы оймен бөлістім. Мысалы, табысты мектеп, табысты мұғалім, табысты бала формуласы қандай деп ойлайсыз? Айтайын дегенім, әр мектеп директоры, әр ұжым осы сұрақ төңірегінде көп ізденеді.

 

Мектеп – балалар үшін өмірдің бастамасы, алғашқы қадамдарын жасайтын шағын қоғамы. Бірінші жеңісі, жеңілісі, қуанышы пен әттегенайы – осында өтеді. Бала білім алуы үшін өзін мектебінде бақытты сезінуі керек.

Ол үшін не істеуіміз керек? Баяндамамда осы туралы да сөз қозғадым. Мысалы, әр баланың үнін есту үшін «Бақытты бала» ойынын тәжірибемізге енгіздік. Балалар ойын барысында «мен бақыттымын, себебі...» деп ойын хат арқылы жеткізеді. Сондағы мақсатымыз – оқушыларымызға олардың қалаған ортасын жасап беру. Олардың басқа мектепке қарап, қызығып, қол жеткізе алмайтын арман мектебі емес, өз мектебінде сүйіп оқитын жағдай қалыптастыру.

Ол орта – тек  зәулім ғимарат, әдемі қабырға, жақсы мүлік қана емес, ол – баланың жанын түсінетін мұғалімдер.

Ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин сөзімен айтсақ: «Мұғалімі қандай болса, мектебі де һәм сондай болмақ». 

– Сіздің ойынызша кім мұғалім бола алады?

– Болашақ педагогтар үшін ҰБТ-дағы шекті балл 75-ке дейін көтерілгеннің де пайдасы тиді. Бұл –  «қомақты  жалақы алсам», немесе, «әйтеуір, бір жоғары білімді деген дипломым болса», дегендерді ысырып тастап, мұғалімдікті жанымен тандағандарды іріктеуге мүмкіндік. Біздің мектепке де университеттерді үздік бітірген бірнеше жас маман келді. Білімді, белсенді, жұмысқа құлшыныстары жоғары. Білім беруді әрі қарай сапаландыруға кепіл бола алатын азаматтар. Міне, өз ісіне адал жандар, нағыз мұғалім деген атты иемденетіндер осылар болуы керек.

Әрине, білім саласы – бұл жылдам нәтиже күтетін жер емес.

 

Бірақ қыруар жұмыстар жасалып жатыр. Сонда да мектепті, бағдарламаны, оқулықты, білім сапасын сынаушылардың қарасы азаяр емес. «Өзгенің бақшасы қашан да жасылдау көрінеді» деген тәмсіл бар. Сондықтан ба, үнемі басқалардың білімі жақсырақ болып тұратындай. Дегенмен, елімізде үлкен жобалар жүзеге асуда. Білімге деген құлшыныс артып келеді.

Біздің де білім саламызға қызығушылық танытып, өз тәжірибесіне алып жатқан елдердің бар екендігін айтқым келеді.  Мысалы, көршілеріміз бізді Орталық Азиядағы білім державасы деп жиі атайды.

Сондықтан өзімізден сын іздегеннен гөрі мүмкіндіктер іздегеніміз білім сапасына негіз болады дер едім. 

Яғни, кім болса да мәселені айтқанымен соны шешу жолын да нұсқауы керек.

– Мұғалімдердің біліктілігін қалай жетілдіруге болады? Осы туралы не айтар едіңіз?

– Әрине, бәрі жақсы десем, ол шынайылыққа жатпайды. Мәселе жеткілікті. Мұғалімдердің де біліктілігі әртүрлі. Мысалы, бес саусақ бірдей емес демекші. Жүргізушінің де бірі үздік, бірі орташа деңгейде. Дәрігер де, агроном да солай. 

Сондықтан мұғалімнің кәсіби даму да бірнеше сатылы. Бір мұғалімге біліктілікті арттыру курсы керек, бір мұғалімге тәлімгерлік керек, келесісіне – менторлық қолдау, енді біріне өздігінен оқу, ұжымда командалық оқу қажет. Ең маңыздысы – мектепішілік коллаборативтік ортада, мектеп ара ортада белсенді оқыту әдістерін шыңдап, әр сабақты түрлендіре оқыту. Мұның бәрі мұғалімді кәсіби дамытумен қатар, оқушыға сапалы білім берудің бірден бір көзі.

Ал бүгінгі қолданыстағы «Білім туралы» заңда тек біліктілік арттыру мәселесі ғана бар. Ал ол мұғалімді  кәсіби дамытудың тек бір ғана жолы.

Мен осы платформада: «Мәжіліс депутаттары осы мәселені зерделеп, заңға өзгерістер енгізуді қолға алса, құба-құп болар еді» дегенді айттым.

– Сөз басында «білім беру саласы әркез Мемлекет басшысының назарында» дегенді айтып қалдыңыз. Сіз басқарып отырған мектепті Мемлекет басшысы лентасын қиып, ашып кеткен еді. Осыған тоқтала кетсек...

– Иә, білімге деген, ұстазға деген қамқорлықты сезініп жүрміз. Бірнеше жоба қолға алынды. Жақында ғана Мемлекет басшысы екі бірдей педагогты Қазақстанның Еңбек ері атағымен марапаттады. Бұл да жоғары дәрежелі құрмет.  

 

2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы келіп лентасын қиған бұл Абай атындағы мектепті салудағы негізгі мақсат – үш ауысымды білім беру жүйесін жою. Мектептерге түсетін жүктемені жеңілдету. Мысалы, біздің мектеп тұрғызылғанша қасымыздағы №81 мектеп үш ауысымда оқып келді. Сол мектептен оқушылардың біразы келді. Солай болғанның өзінде мектеп орналасқан 30-шы шағын аудан мен Күнгей шағынауданында бірнеше көпқабатты үйдің іргетасы қаланды. Яғни, халық саны көбейіп, 3 жылдың ішінде бұл мектептегі оқушылар саны 2 мың баладан асып кетті. Негізі 1200 балаға арналған болатын. Сондықтан үш ауысыммен оқыттық. Қазір елімізде Президентіміздің бастамасымен Жайлы мектептер салынып жатыр.  Соның бірі Күнгейде салынды. Күнгей шағынауданынан қатынайтын оқушылар сонда ауысты. 

 

Сіздер арқылы «Мұғалім Talks» платформасында өз ойымды жеткізуге мүмкіндік берген «AMANAT» партиясы басшылығына алғысымды жеткізгім келеді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ