16 жасқа толмағандар үшін әлеуметтік желілерге тыйым салынады

Ата-аналар балаларының интернеттегі қауіпсіздігіне қатты алаңдайды. Олар үкіметтен шектеу қоюды сұрап отыр.

Aikyn.kz желідегі балалардың қауіпсіздігі мәселесіне арналған BBC News мақаласына сүйеніп, үкіметтің қандай шешім қабылдайтынын талдайды.

 Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторлығы: Umang Mehta аккаунты

Ата-аналармен, әлеуметтік медиа платформалармен және сарапшылармен интернетті қолдануға балаларға шектеу қою туралы кеңес жүргізгеннен кейін үкімет қатаң заң қабылдамақшы. Әлемде алғаш болып Аустралия үкіметі 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды жоспарлап отыр.

Аустралия премьер-министрі Энтони Албанезенің айтуынша, келесі аптада парламентке ұсынылатын заңдар әлеуметтік медианың жас балаларға тигізетін «зиянын» азайтуға бағытталады.

«Бұл аналар мен әкелерге арналған. Олар да мен сияқты балаларының интернеттегі қауіпсіздігіне қатты алаңдайды. Аустралиялық әрбір отбасы үкіметтің де олардың жағында екенін білгенін қалаймын», – дейді премьер-министр.

Заңдардың әлі де көптеген нормалары талқылауды қажет етеді. Десе де үкімет бұл тыйымның әлеуметтік желілерді пайдаланып жүрген жастарға қолданылмайтынын мәлімдеген.

 Фото stablediffusionweb.com сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ

Әлеуметтік медиа жасөспірімдердің психикалық денсаулығына зиян 

Ата-анасының келісімін алған балалар үшін жас шектеулері болмайды. Әлеуметтік желіні қолдануға рұқсат берген ата-ана бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті толығымен өз мойнына алады. Үкімет ақылға қонымды шешімдерді қалайтынын көрсету үшін үлкен жауапкершілік әлеуметтік медиа платформаларға артылатынын жеткізді.

Қабылданатын заңдарда пайдаланушылар үшін айыппұлдар болмайды. Оның орындалуын бақылау Аустралияның интернет-технологияларды реттеу органы – Электрондық қауіпсіздік жөніндегі комиссарға жүктеледі. Заң жобасы қабылданғаннан кейін 12 айдан кейін күшіне енеді.

Сарапшылардың көпшілігі әлеуметтік медиа жасөспірімдердің психикалық денсаулығына зиян тигізуі мүмкін деген пікірмен келіссе де, көпшілігі оны толығымен тыйым салудың тиімділігіне күмәнмен қарайды.

Кейбір сарапшылардың пікірінше, мұндай тыйымдар жастарды пайдалы және зиянды онлайн ресурстарды ажыратуға үйрете алмайды. Тек TikTok, Instagram және Facebook сияқты қолданбалармен жұмыс істеу мерзімін кейінге шегіндіреді.

Фото.mcmillenhealth.org сайтынан алынды

Балаларды буллингтен құтқарар тыйым

Бұл жерде жасөспірімдерді әлеуметтік желілерді қолдануын шектеу әрекеттері сәтсіз болғанын да ескеру қажет. Мысалы, Еуроодақ қабылдаған тыйымға қарамастан әлеуметтік желілерде жасты тексеру рәсімдерін айналып өтетін құрал өте көп.

Сондықтан Аустралиядағы балалар құқығын қорғайтын ең ірі топтардың бірі ұсынылған тыйымды сынап, оны «тым дөрекі құрал» деп тапты. Қазан айында үкіметке 100-ден астам ғалым мен 20 азаматтық қоғам ұйымы қол қойған ашықхат жіберілді. Онда аустралиялық бала құқықтары жөніндегі жұмыс тобы бұл заңның орнына әлеуметтік медиа платформаларда «қауіпсіздік стандарттарын» енгізуге кеңес берді.

Сондай-ақ, бастамашыл топ «ұлттық саясатта балаларға цифрлық ортадан пайда алуға және оларға қауіпсіз орта жасауға» көңіл бөлу керектігіне назар аударды. Дегенмен қоғамның басқа белсенділері балаларды зиянды контенттен, жалған ақпараттан, буллингтен және әлеуметтік қысымның басқа түрлерінен қорғау үшін тыйым салу бірден-бір дұрыс шешім екенін айтты.

125 мыңнан астам қол жинаған 36Months петициясында балалар 16 жасқа дейін «әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалануға әлі дайын емес» және қазір «әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдалану жастардың тұлға ретінде қалыптасатын, психологиялық даму кезеңі кезеңінде ой-өрісін бұзып, психикалық ауру эпидемиясының тудыратынына» алаңдаушылық білдірілген.

Әлеуметтік желілердің қаупі жайында мына видеодан көре аласыздар: 

Балаларға желіде болудың пайдасы мен қауіп-қатерін үйрету үшін «кеңірек таныстыру, насихат пен тәрбие жұмыстарын күшейту керек пе?» деген сұраққа Албанезе мұндай тәсіл жеткіліксіз болатынын айтты. Өйткені интернетте «жақсы мен жаманға үндейтін күштердің арасалмағы бірдей емес» екенін мәлімдеді.

«Сізде қалай екенін білмеймін, бірақ менің жүйемде (интернетте) өзім көргім келмейтін нәрселер шығады. Қорғансыз (өз бетінше жақсы мен жаманды ажырата алмайтын) 14 жастағы жасөспірімді айтпағанның өзінде», – деп заң жобасынан бас тартпайтынын білдірген.

Әрине, әлеуметтік желілерді басқаратын технологиялық компаниялар керемет қуатты, қаржылық әлеуеті зор. Олар миллиардтаған қаржыдан айырылып қалғысы келмейді. Ал ол табысты жүздеген миллион, миллиардтаған жастар аудиториясы жасайды. Әлеуметтік медиа қолданбалары балалар мен жастардың психологиялық әлсіздігін пайдаланып, арнайы тәсілдермен қызықтыра отырып, өзіне тартады, шырмауынан шығармайтын алгоритмдерді қолданады. Сондықтан жас балалардың әлеуметтік желілерді қолдануына тыйым салу қарапайым шектеу емес, бұл үкімет пен технологиялық алпауыттар арасындағы соғыс. Нәтижесі бүгін, ертең емес, 20-30 не одан да көп жылдардан кейін көрінеді. Бұл болашақ ұрпақтың психологиялық саулығы үшін жүріп жатқан нағыз соғыс деп түсіну керек.

Әлеуметтік желілердің қауіптері жайында мына видеодан көруге болады:

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.