«Проза» номинациясы: Желтоқсанның ызғары

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Байғана

 

Желтоқсанның ызғары

 

Желтоқсан айының бел ортасы. Семей қаласын қақаған аяз құрсаулаған. Ертең сабақ жоқ. Бүкіл ел болып тәуелсіздік мерекесін атап өтеміз.

Кеші сағат сегіз. Есжан әлі келмеді.

– Қап, қайда жүр екен. Бекер жіберген екем.  

Жүрегім аузыма тығылып, өзіме орын таба алмай жүрмін. Ішім алай-дүлей. Араның елеуіндей дызылдаған ойлар маза берер емес. Уайым жеңіп бара жатқандай.

Бір кезде есік тоқылдады. Уфф, келді ғой әйтеуір.

– Бұл кім?

– Мен ғой, балам, аша ғой, – анамның даусын бірден таныдым.

– Мама! – деп құшақтай алдым. Бір дорба азық-түлік алып келіпті. Әдеттегідей, сүт, нан, алма.

– Әкең келді ме?

– Жоқ.

– Мақаншы мен Көктал арасында жол жабық. Құдай сақтаса екен, - деді анам жабырқаулы үнмен.

Қыс басталысымен әкем Алакөлден балық аулап, қалаға әкеп сататын. Әр келгенде үй молшылыққа кенелетін. Бірақ соңғы кездері ісі алға баспай жүр.

– Есжан, Роза, сендерге алма әкелдім. Келіңдер! – деді анашым жылы үнмен.

– Роза ұйықтап қалды, әлі қызуы бар сияқты, шекесі ыстық, -  дедім.

Роза кеше қатты ауырып қалған еді. Анам дәрігер болған соң, дереу шара қолданды. Бүгін беті бері қарағанмен, әлі әлсіз. Анам оны құшағына қысып, «тәттім» деп еркелетіп отырды.

– Есжан қайда?

– Жаттығуына кеткен.

Түнгі оннан асты, Есжан әлі жоқ. Анамның мазасы кете бастады.

– Бұндай ұзақ болмаушы еді, – деп, жаттықтырушы-Азамат ағасына қоңырау шалуға оқталды.

– Есжан көмірге кетті. Қасында Ринат, Равиль, Юра, Ваня бар – деп шыдай алмай айттым.

– Айтпап па едім, жолама деп! Несіне барды? Аллам, сақтай көр.

Анам байыз таппай, орнында отыра алмады. Бізді қалдырып, Есжанға қарай жүгірейін десе, түн қараңғы, бізді кімге қалдырады?  Роза сегізде, ал мен он екіге енді толған едім. Жоламанда тұрамыз. Айналамызда ішімдікке салынғандар көп, жағдайы төмен отбасылар. Қалай қалдырады? Кейінгі кезде жарық дұрыс болмай, жиі сөніп, үй іші тас қараңғы боп қалады.

Осыдан бір ай бұрын, Роза сабақтан келсе, үй іші азынап тұр.  Босағада ірі тас, ал ас үйде төгілген су айнадай жылтырап жатыр. Үйде біреудің болғаны анық. Роза аң-таң, әлі кішкентай, болған жайттың мәнін ұға алмайды. Кіре берістегі көрініс оған үйреншікті емес: үстел үсті астаң-кестең, жерде сары май жағылған қасық жатыр. Терезенің сынған әйнегінен салқын жел үйдің ішін аралап өтіп, Розаның жалаңаш қолдарын қарып барады.

– Апа, аға қайдасыңдар? – деп дауыстап жіберді ол үрейлене. Бірақ жауап болмады. Кішкентай жүрегі атқақтап, бір сәтке не істерін білмей қалды. Әлдекімнің бұл жерде болғанын ұғынған Роза терезеге жақындап, сыртқа көз тастады. Бірақ ешкім көрінбеді. Сол мезетте сыртқы есіктің ілмегі сықырлап ашылғандай болды. Роза жүрегі дүрсілдеп, есіктен шыққан дыбысқа құлақ түрді.

Есік қайта жабылған соң, Роза қимылсыз қалды. Қорыққаннан денесі мұздап кетті.

– Роза, не болған? – дедім даусым дірілдеп. Сабақтан келген бетім. Еденге төгілген судан, аяқ астында жатқан тастан, ыбырсып кеткен ас үйдің көрінісенен бірден жағдайды сездім.

– Уһ, сен екенсің-ғой! Білмеймін, үйге біреу кіріп кеткен сияқты, – деді ол көздері үрейлене.

Бөлмелерді тез аралап шықтық. Ішімізді қорқыныш кернеді. Бізден басқа ешкім жоқ. Мен еденді сүртуге кірістім. Роза үстелдің үстін ретке келтіре бастады.

Енді ғана байқадық: су таситын фляг, магнитофон, мамам жуып қойған қазан, жақында ғана алынған телевизор мен әкем әкелген аң терілері орнында жоқ болып шықты. Үйдің ішіндегі бұрынғы жайлы атмосфераның орнына бір суық, тылсым үрей тұрып қалғандай болды. Екеуміз де ұрылардың үстінен түспегенімізге шүкіршілік еттік.

Бірақ сол күннен кейін үйге кіруге деген үрей бірталай уақытқа дейін  кетпей жүрді.

Анам ұры түскенін көріп, бірден қатты қорықты. «Балаларымды қалай қорғай алмадым? Ұрылардың үстінен түссе, не болар еді? Ертең тағы не болатынын кім біледі?» – деген ойлар оның жанын қинап тұрды. Бізге төнген қауіпті ойлаған сайын жүрегін ашу, шарасыздық, қорқыныш жайлады.   «Ұры алыстан келмейді» деген сөздерді күбірлеп, айналаға күдікпен қарайтын болды.  

Әкем есіктен кірген сәтте үй ішіндегі көрініс  жанын ауыр салмақпен басты. Әдетте мықты, бәрін өз бақылауында ұстайтын әкемнің жүзі сол мезетте өзгеріп шыға келді.

– Қалай ғана бұған жол бердім? – деді ол сыбырлап, көзі бөлмедегі сынған терезеге қадалды. Әкеме тән салқынқанды, мықты бейне әп-сәтте жоқ болып,  орнын өзіне риза емес, кінәлі адам басқандай болды. Бұл сұрақты бізге емес, өзіне қойып тұрғандай.  «Әке бола тұра, отбасымды неге қорғай алмадым?» деген ойдан арыла алмады.

Жанын ашу кернеп, көршілерге кетті. Сұрастырып еді, ешкім ештеңе көрмеген, тіпті естімеген. «Үйіміз енді қауіпсіз емес» деген ой басымыздан кетпеді. Әрбір естілген дыбыс, сырттан шыққан сықыр бізді үрейге салатын болды.

Қазір анам мүлдем байыз табар емес. Бізді киіндіріп, көрші Гүлбаршын апайға қалдырып, жүгіре жөнелді. Есік алдында көзі алайып көрші апайымыз тұр. Аяқ киімді шешіп не кірерімізді, не кірмесімізді білмей Роза екеуміз бір-бірімізге қарап, жалтақ-жалтақ етіп тұрып қалдық.  

Сол сәтте есік тоқылдап, ар жағында Есжан мен анам келді. Роза Есжанды бас салып құшақтады. Ағасына еркелейтін әдеті. Есжан да Розаны құшағына қысып жатыр. Көзінен жас парлап тұр.

Сыртта тағы бір бөгде кісі бар екен. Жылы шырай танытып, бізге қарап тұрған Аян ағайымыз екен. Бізге тарих пәнінен сабақ береді. Есжанның сынып жетекшісі еді.

Есжанда өң жоқ. Бүгін кешке көргенін баяу қоңыр үнмен баяндап отыр. Жүні әбден жығылған, өңі суалған, көзі шүңірейіп кетіпті.

Аягузкая көшесі маңына состав, состав вагонмен көмір келеді. Сол жерде жарты сағат көлемінде аялдайтын көрінеді. Есжанмен құралпас балалар қаптарын алып, сол көмірді қаптап, шанамен үйлеріне әкетеді. Семейдің аязы қатты. Солай үйлерін жылытып, қыстан амалдап шығатындары бар екен.

Мемлекеттен қайыр жоқ. Тәуелсіз болғалы он жылдан асса да, жұмыссыздық жайлап алған. Кезінде дүркіреп тұрған  Мясокомбинат, Семей су зауыты, Пуш-мех былғары зауыты тоқтағалы қашан. Жұмыс таба алмай сең соққан ел. Жалақы төмен. Күнкөріс қиын. Алайда біздің отбасы құрбыларыма қарағанда алда деп есептеуші едім. Себебі, мектепте еден жуатын апайдың ай сайынғы 30 теңге ақысын уақытылы төлейміз. Мұғалімді сан қақсатпаймыз. Жылда ремонтқа төлейтін 2000 теңгені де екі етпей өткіземіз. Киімдеріміз бүтін, ішер асымыз алдымызда деймін бала оймен.  

 

***

Бұл кеште не болды екен?

Есжан сабақта озат, тарих, география пәндерін сүйіп оқиды. Талай рет олимпиада жүлдегері атанды. Бос уақытында Дом офицеровтегі кик бокс үйірмесіне қатысады. Бізге қарайды, тамағымызды жасап, үйді тап-тұйнақтай ұстайды.

Әкем жарты ай болды келмеді. Жол жабық. Боран. Қашан келері белгісіз. Былтырғы түсірген көмір бітуге сәл-ақ қалған екен. Мамамның еңбек ақысы тамақ айыруға ғана жетеді.

Көмір бітсе, жағдаймыз қиын. Әкем тезірек келіп отынға барып қайтсақ, көмір түсірсек.  Қой отыра берген жарамас. Не де болса, көрейін, - деп іштей түйді Есжан. Достарымен ілесіп жылдам келе жатты. Аяқ астында аппақ қар шықыр-шықар етеді.

Көрші достары бұрынан барып, машықтанып алған екен. Күн еңкейіп қараңғы батты. Шана сиятын қуыстан әрең  өтіп, составқа жем көрген торғайша қона кетті. Қолдарында фонарь бар. Көмірді қаптап жатыр. Аппақ қар ай сәулесімен шағылып айналаға жарық беріп тұрғандай. Есжан да достарының соңынан қайталады. Үш мөшекті қаптағандай болды.

Кенет иттер арс-арс етеді. Ысқырық.

– Ұстаңдар! – Тоқта! – Қолыңды көтер, атам!

– Полиция! Қашыңдар! Состав қозғала бастады.

Көмірге келгендер жығылып, сүрініп тым-тырақай қашты.

Араларында біреуі құлап, екі рельстің біріккен жеріне аяғын қысып алыпты. Шығатын емес, поезд жақындап келеді.

– Көмектесіңдер! Кім бар, ааааа, кім бар, көмектесіңдерші. Жаны көзіне көрінді. Үміті сөнгендей көзінен ыстық жас парлап аға берді.

Кенет біреудің дауысы ту сыртынан шыға келді.

– Әкел қолыңды! Тарт аяғыңды! Бол тез, тез! Бар күшімен өзі тартып жатыр, шығатын емес.

Жан ұшырған айғай, құлақты жарып жібергендей болды. Есжанның алдында әлгі бала талықсып жатыр.

Кейін білдік, көмірге барған күні полиция рейт жүргізіпті. Мектебіміздің бірнеше оқушысын ұстапты, сынып жетекшілерін шақыртыпты. Мектеп лездемесінде мұғалімдеріміз болған жағдайды баяндап берді. Тек фамилияларын атамады. Үнемі рейт жүретінін айтып,  көмір ұрлауға мүлдем жолаушы болмаңдар деп қатаң ескертті. Мен іштей ууф дедім. Біздің фамилия аталса, кірерге тесік таппай тұрғанда мүлдем жер болғандай едім.

Баланы өзіне қарай тартқан Есжанның қолы қатып қапты. Дәл алдында аяғы рельске қысылған сорлы бала талықсып жатыр. Дін аман сияқты.  Желкесінен келіп полиция ұстағанда ғана есін жиды.  Қылмыскерді ұстағандай, аямай тергепті. Қолын көк сияға малып, саусақ ізін де алыпты.

Ол жағын Есжан ашып айтпады. Көз алдында поезд, арсылдаған иттердің дыбысы, серігінің жан ұшырған айқайы.

Сол жағдайдан кейін сыныптасым мектепке қайта оралмады. Үшінші қатардың соңғы партасы талайға дейін жетімсіреп бос қала берді. Ішкілікке салынған әлі баланың әке-шешесінен қайыр болмағасын, баланы ауылдағы кәрі әжесі алып кетіпті.

 

Семей 2002 жыл