«Проза» номинациясы: Жансебіл

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Siko

ЖАНСЕБІЛ

(әңгіме)

Күн ми қайнатып тұр. Бетінде жалын ойнаған асфальтті әрең тауысып үйімнің қақпасына жеттім. Арсалаңдап қара күшік қарсы алды. Күшік деппін ғой,  мен кеткенде күшік еді, үлкен төбет болған екен. Жаздың күні жабағсы да түспепті байқұстың. Жасқанып, бұраңдай басып, балағымды иіскей қыңсылады, мен еңкейіп басына басымды тигіздім.

Менің атым Себіл. Әсілі Жәнсебіл екен, мен жеті жасқа шыққан жылы тракторшы көршіміз қалаға сайман алғалы барғанда жол-жөнекей мені нопосқа қондырып қайтқан сияқты, атымның басындағы «Жан» сол күні жоғалыпты. Амалың не, куәлікте солай, Себіл атала бердім. Мен бала жолдасыммен әлде шаранаммен бірге, «қорабым» ашылмаған қалпымда туылыппын. мұндай сұмдықты кім көрген дейсіз, бітеу туылған кесекті көріп бәрінің есі шыққан. Шешем есінен танып кетіп, шуласқан жұрт мені көміп тастауға үлгірмеген сәл ғана әредікте, дорбада жатқан шаранамның ішінде қозғалып қалғанымды апам жарықтық көріп қалмаса мен сол күні-ақ жерленіп кетер едім. Мен сүйтіп мына дүниенің есігін іңгаламай-ақ, жым-жырт ашыппын. Шешем мені емізбепті, сол күннен бастап жеріген, тіпті, әлі күнге дейін маған сол бітеу етке қарағандай үрейленіп, жатырқап қарайтынын әбден сеземін. Онысына өкпем жоқ, ол жақсы адам. Оныкы өшпенділік емес, қатыгездык те емес, тек қана жеккөру, оған амал да жоқ, көп адам солай, мені себепсіз жеккөреді.

Сонымен мен апамның етегінде өстім. Мен жетіге келген жылы атам қайтыс болды. Жеті жасыма дейінгі күндерімді атамсыз есіме түсіре алмаймын. Атамды ойласам ғана балалығым есіме түсетін сияқты. Ал, жеті жасымнан кейінгінің бәрі есімде, бірақ, атам жоқ. Өлеріне дейін мені тапсырумен болды; көршілерге, көңілін сұрап келген барлық адамға мен жайлы айтатын. Соның арқасында атам дүниеден қайтқаннан кейін мен жер бетіндегі адамдардың тізімдігіне кірдім. Енді мені шын, шексіз, шартсыз жақсы көретін жалғыз адам – апам ғана қалды. Ешкім айтпасада бұл маған түсінікті. Бақиға басын сұғып туылған баланың кіндігін қара қайшысымен кесіп, етегіне салып алған кемпір үшін мен тәңірінің берген сауғасы шығармын! Ал, өзге жұрт үшін мен бәрібір өліп қалған адаммын ғой. Олар тек жеккөреді, неге екенін кейін білетін боласыздар, әрі сіз де мені жеккөре бастайтыныңызға сенемін.

Сегіз жасымда оқуға түстім. Апам үш күн бойы мектепке апарып, қайтарымда тосып алып жүрді. Ауыл шағын болғанымен бала көп еді, менің балалармен жауласуыма көп уақыт кеткен жоқ. Әке-шешелері мені жеккөретіндері үшін шамам жететіндерге өзім тистім. Сабақтан тарап, ересектерінің қолына ілнбей қақпадағы апамның жанына кетуге де жаттығып үлгердім. Мен ешқашан жолмен жүрмейтін едім, менің елден ерек үш ерекшелігім бар; бірі сол мен мектепке дуалдардың үстімен, үйлердің төбесімен келетінмін, жерге түссем жауым көп. Екіншісі, мені ит қаппайтын, қаппақ түгіл маған үрмейтін. Ересек балалар амалы таусылғанда маған иіттерін айтақтар еді, жоқ, ешбір ит маған қатер төндірген емес. Үшіншісін айтсам, бұны әлі ешкім де білмейді, мен ешқашан ауырмайтынмын, ауырсынбайтынмын да. Балалардың көздеп жіберген кесектері кейде қызыл асықтан, кейде басымнан тиіп жатады, әкемнің де шапалағы басымда жиы ойнайды, мен ауырсынған бейне байқатамын. Өйткені оларға сол керек, таяқ жегеннен де қорықпайтынымды білсе, мүмкін, мені одан ары жеккөрер ме еді, кектеніп те кетер, олай болуын қаламадым, олар жақсы адамдар ғой.

Мен он жеті жасқа толған жылы, балалық шағым кенеттен ақырласты. Менің барлық еркеліктерімнің иесі, кешірім жасаушым, мені жеккөрмейтын соңғы адам – апам өлді. Мен ержетуге, ес жиуға үлгірмедім. Түнде ұйықтап қалған апам тәңертең ойанбады, мені ешкімге тапсырып, аманаттап кетпегені үшін қаншалық өкініп кеткенін мен сеземін, көзі ашық кетті апамның.

Мен жылай алмадым. Апама менен жақын емес адамның бәрі жылады. Ал, мен туғанда да жыламаған баламын ғой, өмірі көзімнен жас шыққан емес. Бәрінен маған сол батты. Тәнімнің ауырмағаны сияқты, қайғыға да жаным ауырмайтын сияқты. Апамның жалғыз бауры бар еді, соның жалғыз ұлы менен үш жас үлкен, өзі үлкен қалада оқуда. Сол Қанат елден көрі көбірек қайғырды. Апам үшін және мен үшін. Апам мені үнемі оның қасына қоса беретін, ол маған да ұнайды, мені өзге жұрттай жеккөрмейтінін мен де ептеп сезетінмін.

Күндер есепсіз өтіп жатты. Менің біраз уақытым Қанаттың жанында, біразы әр кімнің үйінде ауыр жұмыстарына көмектесуге арналыды. Бұның өзі менің жамандығымды кешіретін адамның жоқтығы екенін түсінерсіздер. Ондайда, жұрт мені бұрынғыдай жеккөрмейтін еді. Үйдегі барлық жұмыс менің мойнымда, менен кейін бір інім, бір қарындасым бар, менің ең бір қызықты ермегім олардың аузындағысын тартып жеу.

Осы арада айта кетерлік бір іс болған. Бір күні Қанат маған қой қораның қиын ойғызып жатып: – Апаңды сағынасың ба? – деп сұрай қалды. Мен аңтарылып қалдым. Неге дейсіз ғой, Қанат айтпаса апамды ұмытып та барады екенмін. Сосын есіме апамның тығып беретін  кәмпитінің дәмі келді. Одан ары апамның иісі, дауысы, ақ жаулығы... Тым жәйсіз, жантөзгісіз бір күй алқымыма тығыла берді. Тұншығып, «уууһ» деп қаттырақ күрсініп жіберіппін. Сәл жеңілдеп қалғаныммен кеудемді әлдене әлі қысып тұр. Өліп тірілген жүрегімнен тұңғыш өксік осылай шықты.

Мен Қанаттың үйінен түн ортасында қайттым, қайтып келе жатып иен жолда, тым-тырс түнде тұңғыш рет айқайлап ән салдым. Оны да Қанат үйреткен, «Апаңды сағынсаң ән айт» деген сол еді. Сол күні әнімді ауылдағылардың бәрі естіп таңдайларын қағысыпты. Ертесі орнымнан тұра салып көшеге шықтым, ауылдың бір топ жігіті ұстап алды, ән айтшы деді олар. Қашпақ едім, құтылмасымды білдім. Ақысына бір қорап шылым алып, білетін әнімді айттым. Сол күннен бастап мен ауылдың үлкен-кіші тойында ән салмай кетпейтін болдым. Мені ешкім тойға шақырған емес, бұрын да солай, сондада  тойдан қалмаймын. Ал, қазір мені қалайда әнге шақыратын. Мен ән салғанда жұрттың бәрі тынып тыңдайтұғын, жүздерінде мен бұрын көрмеген жанашырлық па, мүсіркеу ме, әйтеуір бейтаныс бір жылы шырай тұрады. Мен әнді сол үшін саламын. Әкем мен шешемнің де, тұңғыш рет сол ән салғанымда жай бір адамға қарағандай ренішсіз жанарын көрдім. Мен әнді сол үшін де салғым келетін болдлы.

Кейінірек мені қаладан іздеп келгендер де болды. Ол бір қызық әңгіме. Шамасы жирма беске шыққан жылым-ау деймін.Үйдің төбесінде отырғанмын. Қақпаға әдемі көліктер келіп тоқтады. Ондайдың менімен қатысы болған ба, елемедім. Олар үйге кірді, әжептәуір айланған соң, сыртқа әкем шыққан. «Ей, бері, түс!» деген жұмсақтап. Мен жердің шаңын бұрық еткізіп қарғып түскенде әкемнің артынан екі жігіт те шыға қалсын. Менен бұндайды күтпесе керек, аңтарылып бір біріне қарады. Әкем тыжырынды, мен сәлем бердім. Одан ары үшеулеп оңаша бөлмеге кірдік, жасымды, оны- мұны сұрап әңгімеге тартты, мен ыржақтап күле жауап беріп жатырмын. Мен бір естігенімді қайталап сұрай беретін әдетім бар тұғын. Домбырада немесе гитарада, тіпті, менің ешқандай аспапқа ойнай алмайтыныма олар үмітсізденіп қалды. Ақыры ән айтқызып көрмек болды. Қызық сонда болды, олардың таңданған жүзін сіз көрмедіңіз! Дәл менің баурымның сәби шағында нөсерді тұңғыш көрген кезіндегідей, бірде қорыққандай, бірде қуанғандай болып тыңдап шықты. Бірі жоғары, бірі төмен, бірі ойнақы үш ән айтқызды да, әкеме үш күннен кейін келерміз, дайын болсын деп тапсырып қайтып кетті.

Үш күннен кейін мен дайын болдым. Бірақ олар келген жоқ. Тағы үш күн өтті, бес күн өтті, он екінші күні «Ақыл- есі дұрыс бала болса әртіс қылар едік, бастығымыз қосылмады» деген шолақ сәлем жолдапты. Шешем жылады, әкем күлді, мен есіктен шыға жөнелдім. Ақыл есмнің қай жері қате екенін түсінбедім, дегенмен Қанаттың берген киімдері менде қалды.

Күндер есепсіз өтіп жатыр. Ауылдың ауыр жұмыстары мен тойларының әні менің мойнымда.

Қанат үйленіп, қалаға көшті. Үлкен сауда істеп жатыр дейді, ол кеткесін қолым босағандағы ермегім арақ болды. Ол анда-санда үйге телефон жалғап маған сөйлеседі. Ауыр жұмыстар көбейіп, той азайып барады, әлде мен мас болған күндерде өтіп кете ме, білмеймін.

Үш айдың алдында төсегімде ойандым. Зәрдің сасық исі шығып тұр, байлаулы жатырмын. Арақ ішкенімді сеземін, қашан, қанша ішкенім есіме келмеді. Есімде ештеңе жоқ. Өне бойым көгала, жарақат. Ұзақ жаттым, қарыным ашты, шөлдедім. Есіктен әкем ғана кіріп қарап кетеді. Ол көптен бері маған сөйлемейтін болған. Ал, мен сөйлегеннен қорқамын. Қанша сабаса да еш жерім ауырмайтынын білесіздер, бірақ, тек сөзден қорқамын.

Екі күн байлаулы жатқан соң, үйге Қанат кірді, мен ыржақтай бердім. Ол қатулы келді де жіпті шешті. – Сені әкетемін, – деді сосын, – бірақ шартым бар, арақ ішпейсің. – А, – дедім мен аңтарылып, – иә, – дедім изектеп.

Мені ұзатып салған адам болмады, ешкім бөлмесінен шыққан жоқ, қара күшігім ғана аяғыма орала еркелейді. Домаланып семіріп кеткен күшікті әрең көтеріп басына басымды тигіздім де қоя бердім. Өзеннің шетінде көктемнің мұздай суық суына жуындым, Қанаттың дайындаған киімдерін киіп, менің «жабағыларымды» лақтырдық та аттандық. Отыз жыл шықпаған ауылдан, тұңғыш рет Қанаттың машинасымен ұзап бара жаттым.

Үлкен рестроны бар екен, әсем сахынасы, әлем-жәлем шырақтары кинолардағыдай-ақ таңғалдырды. Маған тиген жұмыстар тым ауыр болмағанымен қолым бір босамайды. Қонақ та көп емес. Кейде тіпті мүлде жоқ. Қанат күнде келеді, күйгелектеніп жүреді. Бұрынғыдай емес, ол маған ұрса беретін болды, біздің ортамыздағы достық қайда кеткенін мен түсіне алмадым. Бір күні кеш, бірен-саран ғана қонақ отырғасын рестронның әншісі қайтып кеткен. Қызған қонақтар ән тыңдаймыз деп қиғылық салды, музыканыт баланың есі шықты. – «Қайықтаны» ойнай аласыңба? – дедім мен. Ән салмағалы қанша заман болды екен, ән дейтін дүниенің есіме қайта оралғанына да осы арақ ішпей кеткен бір айдың соңғы аптасы ғана болған. Музыкант басқа амалы болмай «Қайықтаны» жіберді. Мен шырқадым. Сол күні алты айрығымнан тер сорғалап, діңкем құрығанша ән салдым. Ол бір рахат кеш болды.

Екі күн өтпей қонақ көбейе берді, сахынаға Себіл шақырылады! Менің мақтанышым сол еді ғой, мен шырқаймын- ау! Екі ай бойы осылай өтті. Қанат та маған ұрысқанын қойған, бұрынғы достығымыз қайта жалғасын тапқан, менған апамды қайта сағынатын күндер басталған еді. Бұрынғы есепсіз кеткен күндерімдей дәл осы күндер де есепсіз кете беретін шығар деп ойлайтынмын, қандай тамаша еді!

Үш күннің алды еді. Ән аяқтала бере жуан қарын бір еркек рөмке көтеріп жаныма келді. – Баурым, – деді ол, – сендей әншіні мен бұрын көрмегенмін, саған бір рөмке ұсынамын. Мен басымды шайқап, ыржақтай бердім. – ішпеймін, ішпеймін, – деймін қайталап. Қасымызға абдырап Қанат та жетті, – Аға, бұл ішпейтін еді, – деді ол. – Ішеді, – семіз қара да ышқынды. Мен ыржақтап, жұтына бердім, бірақ ішейін деген ойым жоқ еді, шын айтам, мен енді ішпеймін деп айтып едім ғой әттең...

Ертесі басым солқылдап ойандым. Өне-бойымнан зәрдің исі мүңкиді. Мен ресторонның есік жағындағы тар бөлмеде жататынмын, бөлменің аузында Қанат пен аспаз жігіт әңгімелесіп тұр.

– Қанша айтқанмен жынды ғой. Аспаз жігіттің дауысы, – арақ бермеу керек еді, қонақтардан ұйат болды.

– Ол ағаның көңілін қалдыруға болмайтын еді, амал жоқ болды. Қанаттың үні кейіп шығады. – Сауда дұрысталды ғой, ауылына қайтса жақсы еді, айлығын әкесіне бердім, енді өзіне айтуға аузым бармай тұр. Сұрағандарға ақыл-есі дұрыс емес екенін білмедік дейсіңдер, ұқтыңдар ма?!

– Мақұл , енді содан басқа амал да жоқ.

Олардың әңгімесінің аяқтауын тосып көп жаттым. Ақыры сыртқа шыққанда екеуі үстелде шай ішіп отыр екен, сонадайда даяшы балалар тұр. Қанат терс қарады. Мен амалсыз ыржақтай бердім. Бәрінің көзінде баяғы бала кезімнен таныс жеккөру. Аулдағылардан өзгешелігі бұлар да жиркену де бар.

Сыртта күн ми қайнатып тұр екен. Таңдайым кеуіп тұрғанына қарамай ауылға апаратын асфальт жолға түстім де тартып отырдым. Ешкімге қоштаспадым, сездірмедім. Тым құрыса түсте әкелетін зілдей ауыр көмірді көтерерде менің жоқтығым бататынына сенемін. Кімді болса да өкіндірсем деген ой келді. «Апыр-ай, Себілді бекер өкпелеттік-ау» дейтін, немесе «бекер жеккөріп жүр екенбіз-ау» дейтін болса. Жеккөрулерінен жалықтым. 

Жолда келе жатып: «Дүниеде Қанат болмаған болсашы» деймін, «оны көрмеген болсам, танымаған болсам, атам да, апам да болмаған болсашы». Бәріне  кінәлі апам еді, ол болмағанда мынау мені жеккөретін адамдармен оңаша қалмас едім ғой.

Күн ми қайнатып тұр. Бетінде жалын ойнаған асфальтты әрең тауысып үйімнің қақпасына жеттім. Арсалаңдап қара күшік қарсы алды, жасқанып, бұраңдай басып, балағымды иіскей қыңсылайды, мен еңкейіп басына басымды тигіздім.

Шөлдедім, қарным да аш. Қара күшіктің астауында да ас жоқ екен, бұл байқұс та аш шығар.