«Проза» номинациясы: Ерніңнен сүйген ыстық жаңбыр

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Қолтаңба

 

ЕРНІҢНЕН СҮЙГЕН ЫСТЫҚ ЖАҢБЫР

(Вашингтонда сарнау айтып жаңбыр жаудырған Еділ Құсайыновтың басында болған оқиға)

 

Нота тіліне түспейтін, иірімі қым-қиғаш, дүркірей төгілген, асау бұрқақты, қуатты, шымыр әуеннің өзімен бірге ентелеп келген сөздерін қосып айтып, теңселе тебіренгенімде мен бұл сарнаудың бұрын-соңды дыбысқа жазылмаған, жүректен жарық әлемге енді ұмтылған жаңа әуен екеніне шексіз сенемін.
Бірақ, бұл әуен мен үшін жаңа болғанымен, оның басқа бір мен секілді есіл көкіректің кеуде құдығында мөлтілдеп, әлде бір уақытта оның да кеудесінен атылып шығып жарқ әлемге ұмтылған болуы да мүмкін екенін, мұндай сирек сарынның осыған лайықты адамдардың әлемін, таңдайын, тілін қалауынша таңдай алатынын айтқым келеді. Сондықтан, менің аузыма ұйтқып аяқ астынан келіп қалған, төгіліп тұрған көне Түрік сарынын бірден «менікі» деп айтуым әділ шешім бе? Асығыстық па?

2005 жылы Қазақтың құт-берекесі ернеуінен асып төгіліп Қазақтың жүзін айдай әлемге жарқырата бастаған Құдайдың санаулы оқиғалары белең алып жатқан тұс. Бұл оқиғаның бірі АҚШ-тың Вашингтон қаласында, әлемге құмырсқа қимылындағы ғажайыптың өзі кең нәсихатталатын ең жақсы ортада орын алды. Еділ Құсайынов көптеген саз аспаптарын құшағына жинап алып, оларды іркес-тіркес тартып, төңірегінде сүйемелдеп тұрған  дабылшылар, басқада саздарды 4 адамнан тұратын үйлестірушілердің ықпалымен өзі ортекедей ойнап, көзі бағжаң етіп, саз әлемін сапырылыстырғанда, арқасы көтеріліп, кішкентай ғана денесі бұл кезде қасқырдың тамағына жабысып алысыудан қорықпайтын шұбар күзеннің батылдығына кіріп, тиіннің ептілігіне еніп адамдарды баурайды. Айтулы «Анс Роксанаки» тобы ұрмалы аспатардың үстінде өршелене алақан ұрып, синтезаторды сілки басып, бас-гитара мен гитараны құшақтарында құлдыраң қақтырады. Еділдің екі қолының саусақтары тілінің жыбырынан бетер қозғалып, сәл бүгіліңкі аяғы мен еңкейтілген иығы құныса түсіп, иіліп шабады. Кеудесі сан сілкінеді, иық ырғақпен қозғалып отырады. Кеудесінен бір ағыс қайта-қайта атқып шығып, жамырасып қараған жанарлар оның сүйемелдеуші, дабылын даңғырата ұрған тобына емес, олардан оның бейнесін бөлектеп алып соған қадалады. Осындай концерт берудің бір кезеңінде жергілікті көрермендерден ортақ ұсыныстар келіп түсті. Еділ Құсайынов тыңдап көрсе, олардың айтқаны:

- Қазақстан, уа, қандай керемет өнерпаздарға ие ел. Сіздер көшпенділер, Алтайдан тараған елдердің ұрпағысыздар ғой. Музыка күшімен жел шақырып, жаңбыр жаудыратын күшке ие бақсылықпен ұштасқан өнер сіздерде емес пе, әлде қателесіп отырмыз ба?
- Бізге жауын керек. Ауарайы көрсеткіші бойынша бүгін күні бойы ми қайнаған ыстық болады. Бүгін бізге жауын керек.
- Иә, жауын керек...
Осы кезде Еділ Құсайыновтың ойына жаңбыр жаудыру ниеті келді. Ниет тұңғыш рет бұрқ етіп қозғалғанда, өз көкірегінің ақ толағайы сеңдерді қалай соғылыстыра бастағанын аңғармай қалды. Енді мұның көкірегі, сезімі өз қалауына бағынбай, ұлы ойынға Құдай араласты. Төгілтіп, бұрын орындала бермеген саздармен дабылды қатты ұрғызып, көп түрлі аспапты іркес-тіркес жалғыз өзі орындап, жетігенді жайғап, қурай, сазсырнайдың сабырын тауысып күй орындап, енді шаңқобызбен бүгелең қағып тұрған Еділ бірде шаңқобыз, бірде көмей күйді күркіретіп, күркіреме мен шаңқобыз сарыны тоқтаусыз кезек алмасқанда Еділдің құлағы шыңылдап, аспанда көк түйдек болып келе жатқан бұлт көшінің ауыр да, қаяулы түсін көріп қалғандай болды. Бірақ, мән берген жоқ. Көзін бір ашып, бір жұмып иығын селкілдете берген. Көзін енді бір ашса бұлт та жоқ, сол шайдай ашық аспан. Аспанға көз қиығын қадап қойды да, еңкейіп, бұлқынып, екі қолы мен ерні тынымсыз жанталасып ойнай берді.
Тістеніп...
«Шілде деген менмін» деп аспанда шідерленіп күн тұр. Сол кезде Еділ басқа орындаған аспаптарынан көрі, шаңқобызбен саз орындап, онымен сарнауды күркіреме күшімен, неше түрлі ұқсамаған ырғақпен алмастыра айтып бұрқанғанында бір ғажайып лепті сезінгенін айтады, мұндай леп әженің немересінің маңдайын сұлулата сылап бар қызуын түсіріп, кірпігіне самал тидіргендей, жанын жарқыратып, жасыл нұрмен жанап өткендей күй екен. Сонда жаны жаз патшасына еріп жадырап, маңдай терін сүрткен болып аспанға бір қарап алды. Түрік сарынын естіп тербелген жұртта ес жоқ. Кенет сары шаштары толқындап, жотадай жонды денелерін тіктеп, дельфиндей секіргелі тұрған қауым көтеріле бастады, барған сайын өрекпіген жүректер кеуде ішінде шайқалып, сары шаштылары басым, қара, қоңыр шаштылары аралас көрермендердің тоқтаусыз қозғалысқа түскен бастары сары сең болып қозғалып, күйді жаңа көктем болып қарсы ала бастады. Біреуі ойланса, біреуінің езуі жиылмай, біреуі қол шапалақтай жөнелсе, бірі тамырының түбінде теңселген өмірдің рахаты мен тыныштығын сезіп, енді бірі тікесінен тік тұрып, көз жасы парлап, қолдарын айқастырып қақиып тұр. Ол өзін іздей бастаған адам. Еділ Құсайынов келесі бір аспап ауыстырып орындау барысында шаңқобыз бен күркіремені кезектестіріп айтуға қайта асықты. Бұл кезде мүйіз сырнайының тұншыққан үнін түбінен қаққылап тұрып, одан кейін үрлеп бірер мөңіретіп алды да, ағаш шаңқобызының уызын бір ашып, аралықта орынлалуға тиісті бірді-екілі аспапқа кезек бермей, шабытын шапшытып, шүмектетіп, күш қырынан қысып шаңқобыз бен күркіреме сарынын аспаннан құйылып тұрғандай көрді де, төменнен қарсы алып көпшілікке жаудырды. Жаудыра түс, құйғыт, тоқтама, іркілме! Сенің екі түрлі буынды көмей кезегің өз дегеніне жетіп тынды. Үскірігің не дейді енді?!...
Еділ Құсайынов үскірігін уілдетіп ала жөнеліп, орындықты дабыл емес, күн табақтай дапты таяқшасымен дүсірлете ұрып, алақұйын дапқа бір соғылып, бір қайтып кетіп жатқан. Одан кейін ішіне бура шөгіп шаңқобыз үні мен өз күркіркін алма-кезек ауыстырып айтқан сол әсерлі сәттің күшін бәрінен артық қойып, әлі емірене еске алады. Сыбызғы қурайды тартқан, дабыл ұрған оның бәрі ештеңе емес. Жұмбақ әуен шаңқобыз бен күркіременің қатарласқан сәтінде ұйып қалған. Сол еміреністен кейін жеңін қаққанда Еділ мырзаның сазгерлігі ұстап, аяқ астынан бұрын өзінде болмаған жаңа сарын келеді. Бұл сарын нота тіліне түспейтін, иірімі қым-қиғаш, дүркірей төгілетін асау бұрқақты, қуатты, шымыр әуеннің өзімен бірге ентелетіп ала келген, қысқа иірімді сөзі де, кең айналған сазы да дайын сұлтан сарындар еді. Еділге келіп қалған соққы-әуен тебіреніп концерт беріп тұрған Еділді теңселте топырлатқанда бұл сарнаудың бұрын-соңды дыбысқа жазылмаған, жүректен жарық әлемге жапырақ жайып ұмтылмаған жаңа әуен екеніне шексіз сенеді. Дегдар әуен... Бұл әуен сахнада бойына әуен болып құйылып келіп қалғанда ол үшін жаңа шығарма болғанымен, өзі секілді көкірек ойығында саз ойнап, таңдайын сөз шырмаған басқа бір жыраулар мен дала сазгерлерінің, бақсыларының ішінде тура осы әуеннің бір кезде ойнақ салып, олардың көзімен мөлтілдеп, тірі дүниеге айналып, әлде бір уақытта солардың кеудесінен ыршып түсіп, бүгін міне Еділдің кеудесіне қызынып кіріп кеткен болуы да мүмкін ғой. Сарнау нотаға бағынбайтын, иір-қиыр иіріммен, шырма-шату тексті өзінде дайын, қағазға түспейтін жанр болғандықтан ол еркін, ол ешбір оқулық бетіндегі мәтіндерге байланбаған. Табиғаттың жұмбақ тілімен жүретін сарнаулардың ара-кідік кейбір жолдары ғана фольклор ішінде кездескені болмаса, ол әлі бағынбай, ешкімге меншіктелмей кең толқын болып, ауа мен теңізде қатар өмір сүруде. Мұндай сирек сарынның өзінің қонақтауына лайықты адамдардың әлемін, таңдайын, тілін қанағат тұтып таңдай алатыны қандай қымбат жәйт болса, оның оларды тұрақты мекендемей табиғат дүниесінде перілерше көшіп-қонып жүретіні бұл әуеннің тірі адамдарға тән өмірін елестетеді. Сондықтан, менің де, Еділ ағаның да аузына аяқ астынан келіп қалып, ағыл-тегіл сүйсініспен төгіліп, өзінің күшіне көмген, көрерменді бағындырып, буындырып, қыстықтырып барып, ыстық ықыласымен ысытып алып сарнайтын. Жабыла беретін жан сарайын қайта ашып кете беретін алкеуде әрі сетер үнді «Көк Түрік сарыны» немесе «Ата-Алтай сарындары» деуге болатын шығар?! Алайда, оны жеке шығармашылық иелеріне теліп «менікі» деп айтуымыз әділ шешім бе? Асығыс жалтылдаған көзқарас па?
Егер, мұндай сарындарды «менікі» деп айтып, біразын бағындыра алсақ, толағай күшке ие бұл сарындардың қуаты музыкаға қаңсыған әлемімізге асау толқындарын жөңкілтер еді, емкөс ырғағы көптеген рухсызданған адамдарды жанұшыра емдейтін еді. Бізге осы сарындар аяқ астынан келіп қалғанда, кейбірін ұстап қалуымызға, өңдеп, еңбектеніп, құшағымызға қиқуын сіңдіріп құшақтап қайтуымызға болады. Құшағыңа жылай кірген аққу сол,құшаңыңнан қимай шығар аққу сол...
Өкінішке орай, Вашингтон сахнасында аяқ астынан тіліне жабысып, таңдайына толып қалып, еріген сары майша сорғалай жөнелген, қым-қиғаш сөз бен әуені аспан текті сарынды Еділ сол келіп қалған күйінде лақылдатып төгеді де, сол төккеннен мол төгіп, сахнада есеңгіреп, сахнаның тауында мас болып, сол жерде тұлпар боп тулап, сол жерде бүгелектеп, сан арпалыс, сан сүйікті қимылмен бұл концертін тебіреніп бітіргеннен кейін бұл әуен де ұмыт болады. Арада үш сағат өткен соң Вашингтон аспаны төбесінен тесіліп, лақылдатып жаңбыр жауады-ай! Еділдің ернінен ыстық жаңбыр сүйеді. Адамдар ежелгі сарынды бұрқыратып орындаушылардың әрекетінен кейін, ауарайы көрсеткішінде «ми қайнаған ыстық болады» делінген Вашингтон көгі мен тағанының аяқ астынан ақ жаңбырмен тазаланып кеткенін тісі-тісіне тимей сөз етеді. Еділ Құсайыновтың 2005 жылдың көкірегіне аңыз болып қашалған, Вашингтон «Силк роуд Вашингтон» фестивальінде сарнаумен жаңбыр жаудыруы осы еді.
Қасиетті Мұзтаудың етегінде, аппақ балмұздақ қарды үшкіл шыңдары жалап тұрған Алтайдың сүйкімділігі мен кербездігіне қараған көздің талғаны барма?! Өрел, Берел деген қатарласа жатқан, аттары да, тұрағы да ағайынды қасиетті молалардың қонысынан шығысқа қарасаң оқулықтарда «Рахман қайнары» деп басылып жүрген «Пері арасаны» бар. Осы жерде тұрып батысқа қарасаң Қараайрық бар. Қараайрықтың жанына жақын, Пері көліне де тұстас келген елі кеткен киелі сайлардың арасын жосып өту өмір сапарының айрықша жасалған жолымен жүріп өтуді білдіреді. Өрелде ағып жатқан судың сол жағына қарай табиғат алғашқы қарға аунаған түлкінің жүніндей құлпырып, ертегі әлемі ашылғанда «кішкентай ауыл» деген мағына беретін Заимка атауын арқалаған Климова алдыңда тұрады. Оның тұрақты тұрғыны Вера Павлонаның аты кейде бұл сайдың аты ретінде айтыла береді. Оның үйі осы жерге ит арқасы қияннан, қиялап басар тау көліктерін мініп келген құрметті қонақтарға дастархан жайып, өнерпаздарды шақырып оларға концерт қойып беріп кіріс кіргізеді. Суретшілерді шақырып неше күн күтіп, сурет салдырып алып қалады. Осындай суретке қонақтардың көз маржанын қадап, сүзіле қарап тұратынын Вера Павлона жағы талмай сөз етеді. Перілер көшкен табиғаттың жұмбақ әлдиімен бұл Вера Павлонаның жаны да барған сайын жазға ұласып, тыныштығы қыспен құба қабықтанып, қайыңдай табиғаттың сырғалы сары жапырағымен адамдарға сылдырай қарап, оқшау әңгімелерін айтатын болған. Осы өзгеше әңгімелерге келіп құлақ төсегендер ұйып тыңдап, оның табиғат адамы екеніне сенген.
Франция, АҚШ елшілері Мұзтауды аңсап келіп, жұмсақ жонына жамбастап жатқан кезде, осыған дейін бұл жерге бірнеше рет келіп қыдырып кеткен Еділді осыдан екі жыл бұрын Вера Павлона «келіп, қонақ болып кетуге» шақырады. Катонқарағайда жұмыс істеп жүрген Еділ бірнеше саз аспабын орап алып барады. Қонақтардың ит арқасы қияннан келген, ыстық жүздесуге ие адамдар екені айтылып, «аспаптарыңды ала келерсің!» деген Вера Павлонаның айтқанын қабыл көріп, әдетте бір рет концерт қоюы қымбатқа тұратын Едекең бұл жолы қонақ ретінде шақырылған соң ақы дәметпей, сыйлас болып қалған адамының қиылған өтінішімен келіп жеткен беті. Қонақтармен танысып, түстеніп, азырақ қыдырыстан кейін, қыдыра келіп жеткен қараңғы түнде қонақтар байыз тауып ұйықтай алмай, тамаша табиғаттың ауасына қойын-қоншын толтырып, аяқтарын жазып сыртқа отырып, күмбірлеп, күбірлесіп жатқан алыс судың сыңғырын тыңдап, Мұзтаудың қасиетін түннен күтеді. Тау оларды бірден тазалап жібереді.
Жатаған Жетіген, қурай, сазсырнай, уілдеген үскірік, мөңіреген мүйіз сырнай, шаңқобыз, ағаш шаңқобыз, дапты бірінен кейін бірін орындап, құйқылжыта күй тартып тұрған Еділ шаңқобыз бен күркіремені тағы да алма кезек ауыстырып айта бастағанда, 17 жыл бұрынғы тәкаппар таңғажайып қайталанып, оқиятта түнге лайық қоңыржайланып басталған концерт үні жуасуын жоғалтып, қанатты әуен періште көңілмен адамдарды баяу емдеп, содан олардың рухын жинап аспанға көтеріп әкете бастаған сарынмен шоқыта басып, бүлкілдеп ойнады-ай! Сол тербеліс самарқау тартып қайта бастағанда адамдар бұған жаппай саусағын шошайтып, мұның арт жағын ымдайды. Ойын бүкпесіз айтуға үйренген қонақтар ағылшыншалап:
- Look behind you(Арт жағыңызға қараңызшы),- деп аптыға сөйлейді.
Баяу бұрылып артына қараса жұмарланған кірсіз, жасыл тұман арқа тұсына жақын келіп жасыл бұлт болып көтеріліп тұр екен. Жап- жасыл мұнардың бір шумақ болып ұйысуы деп түсінуге де болады. Осы нефрит бұлттың арғы жағына аралық сақтап, т осындан аумайтын екінші жасыл мамық түйдектеліп, жасыл буы бұрқырап тұр. Мұны не деп түсінуге болады? Еділ саздарые әлі толық орындап болмағандықтан, тіпті де беріліп, тістене шаңқобыз тартып, бүлкілдей желіп сарынды күре тамырынан шығарып сан түрімен санап айта, кеуде қуысы лезде толығып, жан тыныштығын өркешіне артып, қомданып барып өзін босатқанда, енді артына қараса арқа тұсына келіп саябырлаған екі қатар кірсіз, жарық жасыл бұлт кетіп қалыпты. Бағанадан ойын бөлмей, жалғыз адамдық концертті міз бақпай, ұйып тыңдаған қонақтар:
- Сіз музканы толықтай орындап болғанша қыбырсыз тұрды. Сіз тамамдағанда ғайып болды,деген еді.
- Иа, солай!...
- Бұл бір ғажайып болды...
Сонда Еділ пері көшіп жүретін қасиетті Мұзтаудың бауырында өз концертін жолай өтіп бара жатқан екі перінің жасыл бұлт қабатын көрпе өтіп, өздерін көрсетпей көлегейлеп тұрып бұл концертке ұйып, тыңдап болып жылжып кеткенін білді. «Перілер аман болсыншы!» деп езу тартып, ән салған ауыздай аңырып, тісі ашылып шалқайды да қалды.
- Не үшін соншама жылғы музыкалық ғұмырымда сарнаудан кейін орын алатын осындай екі ғажайып оқиға тек шетелдік ең маңызды қонақтардың алдында орын алды? Неге ел ішінде емес, уа? 49 жыл бойы музкаға тігілген қостың ішінде отырыппын.
Бұл Құдайдың Қазақты әдем алдында абыройға жуындырып, ағартып алғаны ма? Вашингтон аспаны астында ернімен сүйген ыстық жаңбырды ұмыта қойғам жоқ. Жошы ханнан тараған әулет ежелден домбырашылар көп шыққан әулет саналады. Төрелер күйге аса құрметпен қараған соң, ел ішіндегі дәулескер күйшілердің бәрі салтанатты ортадан түспей ақсүйек есебінде қадірленген. Ол - ол ма, Жошы ханның өзі күйші болған. Жошы ханның ұлын ақсақ құлан тапап өлтіргенін домбыра күйі арқылы жеткізгенде, ханның өксігін ішіне жұтқан сағынышын басу үшін шерткен өзінің құлақ күйі Алтай Қазақтарында сақталған. Күй аңызы, тәттілігі оларда мүлдем басқа. Мұнда «Ақсақ құлан» күйі ютубта кең таралып жүрген жалған «Ақсақ құлан» күйіндей мылқау емес, «Ақсақ құлан жосыған, Балаң өлді, Жошы хан» деп кәдімгідей сөйленген жолдарды ести аласың. Бұл бір таңғажайып қазына еді. Шыңғыс ханның отбасы - Тәңірі мәпелеген әулет. Оның тұқымына бұл ғажайыптар бекер көрініп жатқан жоқ. Марко Поло еңбегінің 127 бетінде «Шыңғыс ханның руының көсемдері мен оның өз кіндігінен тараған барлық ұлы хандар қай жерде өлседе, жүз күндік жолдың қашықтығында болсада жерлеу үшін Алтай тауға алып жүру керек болады... Мөңке ханның мәйіті осы тауға жеткізілді» десе, Еділ басым сол Алтайдың ең қасиетті Мұзтауында бақа табанымен байыпен жүріп, жасыл бұлттарды арқасына тіреу етіп сарнау төкпеді ме? Япыр-ай, Жошы әулетіндегі кейінгі Дәулеткерейді қайда қоясыз? Өзім болсам сол Дәулеткерей атаммен аталаспын, Әз-Жәнібектің немересі Бөлекей ноянның тұқымымын. Атырауда өссем де, жарты денем Алтайға сіңісіп, айналып, толғанып Катонқарағайдан шықпаймын.
Арада, Еділ тағы екі-үш рет келіп кетті бұл жерге. Бұл жерге әбден бауыр басып, Вера Павлонамен қабығы қатқан ағайын Катонқарағайдың  өзін қылауға сылатқан бурыл табиғатын күзде көрем деп жазда осылай қоштасты. Кетуден бұрын тылсым төңірек, жануарлар, музыка туралы онымен тіпті ғажап әңгімелер айтысатын болды. Арқалы Еділ саз аспатарын арқалай жүруді ұмытқан жоқ. Шағын концерт қойып берді бұл жолы. Бұл Вера Павлонаның адамға оғаш әрі қымбат қылығы бар. Мысық баласын өлтіруге батпай, тастауға көзі қимай марғауларын өсіре берген. Бір өзінің 23 мысығы, 4 иті бар. Кейде қарап бір түрлі боласың, кейде мейірім иесі ретінде құрметтейсің. Саралап ит өсіретін Қазақ үшін бұл сөлекеттеу әрекет. Әйтседе, осы мысықтар мен иттер қаланың қабағандары, сілеусін көзді сымпиғандарынан көрі иесіне ұқсап, табиғаттың тынысы қосылып, сазға үйір санаға жақын бола бастапты. Осы жолғы концертте, топ адамның бір шетінде мысық пен ит біткен бір төбе болып жиналып, көрермен болып ұйып тыңдап, иттер Еділдің аяғын жалап, салпаң құлағын қисайтып жатып саз тыңдап, маңдайы сары қасқаланған қоңыр төбет, шекесі бұдырайған, көзінің айналасы түйдектелген сары қоңыр ит, көк көзді, басы қара, құла жүнді мысықтың оған бауыр баса қарап, нәзік саздың тұсында ішегі жұлынған аспаптай кірпіктерінің бір тегіс дір еткені... Аяланған ақ марғау маужырап алып ұйып тыңдауды үйренуде... Осы көріністің бәріне Еділ де, Вера Павлонаның отбасындағылар мен азғантай қонақтар қайран қалысып, не дерін білмей үнсіз қалды. Бұл отырғандар «артыңа қарашы, анау не ғажайып?» деген, күй біткен соң «Сіз орындап болғанда екі ғажайып жасыл бұлт тайып тұрды» деген өткен жолғы тебіренісін тез төгіп, аспандай ашылып айтатын қонақтар емес, бұлар таңғалысын ішіне оқтаудай жұтып, кеудесін бүге алмай, оқ жыланша шаншылып отыратын ішті қонақтар. Осы мысықтар мен иттердің көкірегін күйге толтырған Еділ «Нар идірген» деген күйдің аңызын еске алды.
Ертесі кешкісін музыка аспатарын сылап-сипап, сүртіп қабына қайталап салып жатып, заттардың бетінде жатқан «Бұлбұл заман» деген күй табағын алып бетіне біраз қарап отырды да, мұңқ еткен дауыстан селт етіп шатыр аузына қарап қалса, дауысын көкте дамылдата бір бұлбұл қалқып тұр екен. Бұл сүріне-қабына орнынан тұра бергенде, ол бұлбұл мұның шекесін тырнап өтіп, тақырлап алған басынан асып ұшып, шатырдың арт жағына өте шықты.

(Соңы)