«Проза» номинациясы: Қызыл галстук

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Тораңғы

 

Қызыл галстук

(әңгіме)

Ермек бүгін де түс көрді. Түсінде қызыл галстугі өзіне жеткізбей қашып жүр. Кәдімгі төрт жыл бойы сарыла күтіп енді ғана қолы жеткен, мұғалімі сабақта «құрбандардың қанына боялған» деп жиі айтатын қып-қызыл галстугі. Бастабында «менікі емес шығар» деген үмітпен мойнын сипалады, қолына ештеңе ілінбеді. Қойны-қонышын ақтарды, табылмады, енді анық көзі жетті, көлбеңдеп ұшып бара жатқан өзінің галстугі. «Құдай-а, күрмеуі де шешілмепті. Мойнымнан қалай шығып кетті екен?» деп кеңірдегін тырмалаған күйі тұра жүгірді. Әлденеге сүрініп жығылды. Атып тұрып, қайта ұмтылды. Галстук құйрығын сабалап қашып барады. Бірақ ұзап та кетпейді, анадай жерге барып қайырылып қарайды. Сықылықтап күлгендей болады. Дауысы жоғары сыныптағы ұйғыр Мәметтің дауысынан аумайды. «Апыр-ау, мынау Мәметтің өзі болмасын, мені галстук болып, елітіп, оңаша алып шығып сазайымды беріп жүрмесін?» деді тіксіне. Сәл іркіліп қайта жүгірді, бір кезде қуып жетіп қолын соза бергенде галстук шылбыр бойы тік көтеріліп, жалт етіп артына бұрылды. Арбаған жыландай басын қақшитып алыпты. Сұсты кейпі суық жымиятын Мәметтен аумайды. Жіңішке екі құйрығы қасына ерген құйыршықтары секілді жалаң-жалаң етеді. «Айттым ғой, бұл галстук емес, Мәмет» деді зорыға қыстығып, бойын діріл басып. Есін жиып үлгергенше қызыл галстук тұра ұмтылды. Жанталаса артына бұрылып, қаша жөнелді. Қыр желкесінен ысқырған демі естіліп, галстук қуып келеді. Бір кезде орағытып алдына шықты да, алқымына жыланша орала кетті. Ермек шошып оянды.

Қара терге малшынып, бастырылып жатыр екен. Зорыға тыныс алып, ентігін басты. Ақырын кеудесіне қолын салды, үш бұрышты тері тұмар ілінді. Сырты жіпсіп терлеп тұр екен. Оны жып-жылы алақанына салып, ұзақ қысты. Таң әлі ата қоймапты. Жатақхананың іші қап-қараңғы. Бұрыш бұрыштан балалардың қорылдаған, пысылдаған дауыстары естіледі. Күн шығыс беттегі үлкен терезеге болымсыз ақшыл сәуле жүгіріпті. Алдымен терезенің орта тұсы ақшылданып, бірте-бірте жыбырлап шетіне қарай жайылып барады. Жарықтан ығысқан қараңғылық терезеден көшіп, бұрышқа қарай жиыла түсті.

Ермек галстук туралы үрейлі түстен айыға алмай, мең-зең күй кешіп ұзақ жатты. Оқ жыланша атылған қызыл галстукті неге жорырын білмей, ділгірді.

Әлі есінде, бала кезінде де үзік-үзік буалдыр түс көретін. Бірақ онда түсіне қызыл галстук емес, түлкінің күшігі кіретін. Кәдімгі танауының ұшы ноқаттай қап-қара, жон арқасының қызғылт жүні жылт-жылт еткен жәудір, біреу емес, бірнешеу. Әр күні ұйықтар алдында атасы Ермекті жып-жылы қойнына алып, жәудір туралы ұзын-сонар әңгіме бастайтын. Ермек оны көзі жәудіреп, жымың қағып, сүйсіне тыңдайтын. «Шыбартораңғыдан қой қайырып келе жатсам, екі жәудір (кейде үшеу) іннің аузында асыр салып ойнап жүр екен. Атымнан ақырын түстім де, білдірмей баспалап барып (Ермек осы кезде жәудірді үркітіп алмайын дегендей бұғынып, атасының қолтығына кіре түседі) қасқыр ішігімді жаба қойдым, сонсоң бір-бірлеп ұстап қалтама салдым, (Ермек осы кезде ішіктің жағасынан басын қылтитып, атасына елбірей қарайды) сөйттім де, «Ермегіме тездетіп алып барайын» деп атыма шапшаң мініп, желдіртіп жүріп кеттім. Әбден атаағашқа келгенде қарасам, жәудір жоқ, ішігімнің қалтасы тесік екенін сонда білдім» дейтін атасы сәл жымиып, жіңішке мұртын ширатып, өкінгендей әлпетпен. Дәл осы кезде Ермектің көзі жәудіреп, жұп-жұқа ернін жымырып, кемсеңдеп жылай бастайтын. Атасы оны бауырына қысып: «Қашып қайда барады дейсің? Ары кетсе, Шыбартораңғыда жайылып жүрген болар. Бүгін тәтеңе (Ермек шешесін «тәте» дейтін) ішіктің қалтасын жақсылап тіктіріп, ертең ұстап, алып келем, енді ұйықтай ғой құлыным» дейтін маңдайынан иіскеп. Ермек лезде балбырап ұйықтап кететін. Түсінде Шырбартораңғыдағы түлкінің ескі інінің алдында бірін-бірі қуалап, майда құмға жығып, тістелеп ойнақтап жүрген екі (кейде үш) жәудір көретін. Ал бұл жолы түсіне нарттай қызыл галстук кірді. Оқ жыландай атылып, мойнына оралды.

Қызыл галстук жайлы құбыжық түс Ермектің миын әбден шырмап алды. Оны-мұныға көңілін шаптыртып, өзін алдарқатады, бірақ сәлден соң қайтадан сол ойға келіп көміледі. Ары қарай ұбақ-шұбақ ойдың шөңетіне батты.

 

***

Алғаш рет қызыл галстукті көргені, күні кешегідей Ермектің анық есінде. Ол кезде төрт жасар ойын баласы еді. Ел жайлауда отырған кез. Ағасы Ержет бірінші сыныпты бітірген жылы: «Үздік оқушылардың қатарында пионерге өттім» деп мойнына қып-қызыл галстук тағып келді. Үйдегілердің бәрі оны бетінен сүйіп, қауқылдасып, қуанып қалды. Ермек ағасының қызыл мойыншағына әрі жақтырмай, әрі қызғана қарады. Шетінен ұстап көрмекші болып еді. Ержет басын кекжитіп, маңына жолатпады: «Алдымен қолыңды тазалап жуып кел, бұл құрбандардың қанына боялған киелі галстук» деді паңданып. Ағасының мына сөзінен ол ештеңе ұғына алмады, «қайдағы құрбандар, неге қызыл қанымен галстукті бояды?» деген сұрақтарға да бас қатырмады, тек мойыншақтың бір ұшын ұстатпағанына бұртиып, ренжіп қалды. Кішкентай көз ұяшығына лып етіп жас үйірілді. Онысын ешкімге көрсетпей, теріс айналып, қолының сыртымен сүртіп, құрғатты.

Түстен кейін жайлауда көрші отырған төрт-бес үйдің кішкентай балалары Ержеттің қасына үйіріліп, шықпай қойды. Бәрі де қызыл галстукті қызықтап, мәз-мейрам. Ержет кеудесін кере, биіктеу сандықтастың үстінде малдас құрып отыр. Ұсақ балалар айналасына тізерлей жайғасқан. Жамырап, жарысып сұрақ қойып жатыр.

– Аға, пионерге тек үздік оқушылар ғана өте ме? – дейді.

– Әрине, тек үздіктің үздігіне ғана қызыл галстук бірінші сыныпта-ақ бұйырады. Ал оқуға шабандау болсаң, екінші, әлде үшінші сыныптарда ілініп-салынып өтесің, – дейді Ержет кербезденіп.

– Аға, галстук құрбандардың қанына боялғаны рас па? – дейді.

– Әрине, рас. Қызыл галстук Отанымызды жаудан азат ету жолында шыбын жанын пида еткен қаһармандардың қызыл қанына боялған, – деді иығын қомдап.

– Сонда мына сіздің мойныңыздағы галстук те құрбандардың қанына боялған ба?  – деді Ғалымбек дейтін басы қазандай қара бала орнынан қозғалақтап.

– Балалар, сендер әлі кішкентайсыңдар. Қызыл галстуктің тарихын айтқанмен түсінбейсіңдер, – деді Ержет паңдана.

– Түсінеміз аға, айтып беріңізші, – деді балалар тұс-тұстан жамырап. Ержет еріне ыңыранды. «Осылар не біледі, сөзімді қор қылып қайтемін» дегендей, асықпай керіліп, созылды.

Ермек манадан бері қораланған балалардан шеткірек тұрған. Ақырын келіп, Ғалымбектің етегінен тартты. Ол жақтырмай ежірейе қарады:

– Жүр, асық ойнайық. Құлжа сақамның біреуін саған беремін, – деді, төменшіктеп. Әдетте ит мүжіген асық берем десе, жаны қалмай елпілдей жөнелетін Ғалымбек бұл жолы былқ етпеді. Кең танауынан жарыса шақпылап келе жатқан «ақбоз атты» қорыс еткізіп тартты да, қалғанын қақтанған жеңімен сүртіп:

–  Ойнамаймын, мұнда асықтан да қызық әңгіме болып жатыр, – деді қазан басын шайқап.

Ержет қылау қонбаған қызыл галстугін сүйсіне қозғап, түзеп  қойды да:

– Әй, сендер айтқанмен, бәрібір түсінбейсіңдер, оның үстіне жол жүріп, ат соғып шаршап келдім, айран ішіп, аз мызғап алайын,  – деді керіле есінеп. Сөйтті де сандық тастан қарғып түсіп, есігі ашық тұрған киіз үйге қарай жүгіре жөнелді. Балалар ұйлығысып, шулап қала берді. Ғалымбек Ермектің қасына келіп:

– Жүр, асық ойнайық, – деді, құлдилап келе жатқан «ақбоз атын» тартуға ерінгендей, күстенген жеңіне баттастыра сүртіп.

Жоқ, мен де шаршадым, ағам келеді деп таң бозынан оянғам, айран ішіп ұйықтаймын, – деді, өтірік есінеп. Балалар сәл топтасып тұрды да, бет-бетіне тарай бастады.

Ермек үйге келсе, Ержет төрге көлденеңдей салынған қос қабат көрпенің үстінде шалжиып жатыр екен, көзі ілініп кеткен секілді. Галстугін аяқ жағындағы керегенің басына іліп қойыпты. Ақырын тың тыңдады, Ержет жұмсақ қорылға басты. Енді ештеңені де сезер емес. Тәтесі сыртта, қазан басында күйбеңдеп жүр. Бұған қарауға мұршасы жоқ. Аяғының ұшымен санап басып, демін ішіне тартқан күйі галстукті іліп алды, жұмарлап қалтасына салып, сыбдырын білдірмей, шегінген күйі сыртқа шықты. Үйден едәуір ұзап алған соң, көлеңкеде жатқан Ақтөсті «кәәәләп» шақырды. Ол да орнынан еріне тұрып, асықпай керіліп-созылып алып, аяғын санап басып, Ермектің қасына жетті. Кішкентай иесін көрген бойда арсалаңдап, еркелей жөнелді. Екеуі бірін-бірі қуалап, үй артындағы жатаған қырқадан асып, қазанның түбіндей дөңгеленген көк жасаң шұңқырға келіп түсті. Ақтөс туырылған көк шалғынға бір-екі рет аунап, құрыс-тырысын жазып, дүр сілкінді де «ал баста» дегендей, құлағын тікірейтіп, Ермекке қарап шоқиып отыра қалды. Ермек мойнына қызыл галстукті тағып алып, ары-бері асыр салып жүгірді. «Мұның несі қызық» дегендей, Ақтөс аз ғана бөгеліп тұрды да иесінің мойнында елбеңдеген жаулыққа екпіндеп келіп шапшыды. Ермек жалт беріп шалғынға құлап, сытылып кетті, қайта ұмтылды, қайта жалт берді, бала сықылықтап, риясыз күледі, ит риясыз жұмсақ ырылдайды. Біраздан соң Ермек галстукті шешіп, Ақтөстің мойнына тақты. Тағып жатып: «Жер жүзінде қызыл галстук таққан ит сен ғанасың» деді сүйсіне жымиып. Алайда Ақтөс мойнына тағылған қарғыбаудан шошынып жұлқа тарып, Ермектің қолынан босады да, үйге қарай қаша жөнелді. «Кәкәллап» еді қарамады. Жатаған қырқадан асып, шауып барады. Ермектің бойында жан қалмады. «Ақтөс, Ақтөс, кәә кәә» деп, өкпесін қолына алып, соңынан жүгіріп келеді. Ақтөс шақпылаған күйі үйдің іргесіне келіп бір-ақ тоқтады. Сыртқа тәтесі мен Ержет шықты, шықты да галстук таққан итті көріп, аңырып тұрып қалды, іле-шала Ержет баж етіп жылап жіберді. Ермек мұны көріп кері қашты, жүгірген бойы жатаған қырқаның басына шығып, үрейлене үй жаққа қарады. Ержет «кәкәлеп» Ақтөсті ұстай алмай жүр екен. Осы аралықта манағы кішкентай балалар да шұрқырап жинала кетті. Бәрі де галстугі желбіреген Ақтөсті қаумалап алыпты. Ержеттің өңі қарасұрланып түтігіп кетті, тілі байланып, «Ақтөс» дегенді айта алмай, дір-дір етеді. Аздан соң тәтесі үйден нан алып шығып, Ақтөсті алдап, ұстады. Ермек осының бәрін қол-аяғы дірілдеген күйі қырқаның үстінде тұрып көрді. «Ендігі кезек менікі» деді өзіне-өзі күбірлеп. Дәл осы кезде үйдің өр жағындағы кенере жолда желдіртіп келе жатқан атасын көзі шалды. Жүрек тұсы лап етіп, қуанып кетті. Қырқаны қиялап, кенере жолға қарай құстай ұшты. Ержет манадан бері байқамапты, Ермекті енді көрді, көрді де, тұра ұмтылды. Соңынан ере жүгірген Ақтөсті қаңқ еткізіп, таяқпен салып қалды. «Ұстап алса, мені де солай оңдырмай ұрады» деді Ермек жанұшыра жүгіріп келе жатып. Ержет таяп қалды. Ермек «ата-а» деп айғай салып, жылап жіберді, атасы аттан түсіп, құшағын ашып, таяй берді. Ержет ентігін баса алмай түтігіп, тұрып қалды.

 

***

Ермектің әке-шешесі жаз жайлау, қыс қыстау малдың қамымен көшіп-қонып тіршілік етеді. Әкесі ғана емес атасы, тіпті арғы аталары да Жоңғар ойпатын, Тянь Шань тауын ежелден бері мекендеп, қойын құрттап, айранын ұрттап, қоңыр қалта тіршілігін кешіп келеді. Аталарының мұнда қашан, қайдан, қалай келгенін Ермек анық білмейді. Тек бар білетіні – бесінші әлде алтыншы атасының аты Шыңғыс. Мұны өз атасынан алғаш естігенде: «Шыңғыс хан ба?» деп көзі жарқ ете қалған, сонда атасы иығын қозғап рахаттана күліп алып: «Жоқ, құлыным, біздің түпкілікті атақонысымыз қасиетті Шыңғыс тау. Бір замандарда сол Шыңғыс таудан үдере көшкен елге ілесіп Балқыбек деген бабамыз Алтайға келіпті. Ұзақ уақыт ел қатарлы сонда баяшат өмір кешіпті. Тек кіндік қаны тамған топырағын, атақонысын сағынса керек, Алтайға жеткен соң туылған бір ұлының атын Шыңғыс қойыпты. Онан кейін де небір аумалы-төкпелі, қиын, қысталаң замандар өтті, сондай бір кезде аталарымыз Алтайдан ауып, Еренқабырғаға келіп қоныс теуіпті. Осында келген соң да ел іргесі тыныш болмады. Менің дәл сендей бала кезімде «қызылдан қашқан ақтар» келіп, ауылды шапты. Іле-шала қызылдың қуғыншы жасағы жетті. Бұлар ақтан да бетер екен, ауылды үптеп тонап, қырғын салды... (Ермекке осы кезде бір ой сап ете қалды, «қызылдар дегені кім, әлгі галстукті қанымен бояған құрбандар осылар болмасын?!» Өз ойынан өзі шошынды, «жоқ, галстук халықтың емес, құрбандардың қанына боялды. Ал атам қызылдар елді қырды дейді, демек бұлардың галстукке еш қатысы жоқ, бірақ «қызыл әскер», қызыл галстук?» тууу, не болып кетті, әбден шатыстым» дейтін, атасының сөзіне қайтадан ұйып). Атасы салалы саусақтарымен Ермектің басын сипап қойып, сөзін сабақтап отыр: «Сонымен ақ қашты, қызыл қуды, одан кейін мұндағы ел жергілікті үкіметтің қанды шеңгеліне ілінді. Ел дүрлігіп атқа қонды, Алтайда, Іледе, басқа жерлерде де көтеріліс басталды. Дәл осы кезде Ермек атасының сөзін бөліп: 

– Ата, сонда қызыл галстук осы көтеріліске шыққан ағалардың қанына боялды ма? – деді.

– Жоқ, құлыным, ол кезде бізге қызыл галстук әлі келмеген – деді. («апыр-ау» деді Ермек «сонда қызыл галстук қайдағы құрбандардың қызыл қанына боялып жүр? Түсінсем бұйырмасын») Атасы әлі сөйлеп отыр: «Жергілікті көтерілісшілерге кейіннен Совет өкіметінен көмек келді. Оның соңы – «Үш аймақ», «Шығыс Түркістан» үкіметтеріне ұласты. Ең ақырында бәрі тынышталып, Шыңжаңға Қытай коммунистік үкіметі біржола орнады... Құлыным-ай, мұның бәрін саған несіне айтып отырмын, алжиын дегенмін-ау, ер жеткенде зейінің болса, өзің-ақ ұғынып аларсың» деп атасы сөзінің аяғын күрсіне тұжыратын. Ермектің бала зердесіне шынымен де көп дүние түсініксіз. Миы шыңытып кетті. Елді шапқан ағы не, оны қуған қызылы қайсы?! Үкіметке қарсы көтеріліс... Шығыс Түркістан, Үш аймақ («Ә, мұны білемін» деді өзіне таныс бір сөзді құлағы шалғанына қуанып, күнде радиодан естіп жүр. «Үш аймақ дегені – Алтай, Іле, Тарбағатай», сонда «Шығыс Түркістан қайда?» қойшы, оны итім біліп пе? Бір жаққа көшіп кеткен шығар» деп ойлады іштей) Ермек қанша толғанса да атасы айтқан бұл әңгімелердің көбісінің түбіне жете алмайтын. Басын көтеріп, атасына қарады. Ауыр ойдың шөңетіне батып кеткен секілді. Түкситіп түйіп алған қалың қасының астындағы кішілеу көз шанағы болымсыз шам жарығында қарауытып көрінеді.

– Ата, Шыңғыс тау қай жерде? – деді. Атасы селт ете қалды. Түксиген қасы серпе көтеріліп, көлеңкенің астынан көз алмасы жарқ етті:

– Шыңғыс тау алыста, тым алыста құлыным. Қасиетті қонысты мен көре алмаспын. Дәм тартса, сенің табаның тиер құлыным, – деді. Атасының қабағы қайтадан түксиді. Көлеңке жапқан көз шанағы ай жарығындағы құдықтың беті іспеттеніп жылтырап шыға келді. Ермек жеңіл күрсінді. «Атам жылаған жоқ, үлкен адамдар жыламайды, маған тек көзі суланған секілді көрінді» деді өзіне-өзі. Мұны атасынан батып сұрай алмады. Сәлден кейін қасқыр ішіктің ішіне сүңгіді де, балбырап ұйықтап кетті.

Ермек мектепке алты жасында барды. Бастапқы кезде ағасы Ержетпен бірге ауыл орталығындағы жиен ағасы Мақаттың үйінде тұрды. Алғашқы күндері оғаш ештеңе сезбеді. Тек әкесі әкелген үш қап ұнның түбі көрініп, құнан қойдың сүрленген еті түгесілгенде жеңгесі Назгүлдің көңілі кіртиіп, қабағы қатулана бастады. Алдымен тамақтан қысты. Одан соң үйдің күйбең шаруасының көбісін екеуінің мойнына іліп қойды. Таңбозынан тұрып екі сауын сиырды ашық қораға шығарып шөп салады. Ыбырсыған жабық қораны тазалайды. Сабақтан соң екі сиырды екеуі жетектеп, арық-тоғанды жағалатып, қас қарайғанша жаяды. Кеште отын жарып, құдықтан шелектеп су тасиды. Ермек оңашада ағасына: «Осының бәрін сонша жыл жалғыз істеп келдің бе, қайтіп төзіп жүрсің?» дегендей, үнсіз мөлиіп қарайды. Ержет көзімен жер шұқып, жұқа ернін тістелейді.

Бір күні таңертең Назгүл жылымшы шайға былаған кішілеу кеседегі жүгерінің талқанын тарс еткізіп екі баланың алдына қойды да, Мұқатқа ішіп- жеп қарап: «Қара күзде әкелген үш қап ұн тақа таусылды. Өзіміз жарымай отырғанда мына кебінін жалмағырларды енді қалай асыраймыз?! Айт ана әке-шешесіне, балалары аштан қатпасын десе, бірдеңе әкеліп берсін» деді. Мұқат тұқырған күйі отыра берді, басын да көтермеді, ештеңе де айтпады. Осы уақытқа шейін дәл мынадай зілді сөз естімеген Ермектің іші мұздап сала берді. Көзінің астымен ағасына қарады, ол да кесесіне түсіп кетердей көзін айырмай құнысып отыр екен.

Көп ұзатпай әкелері үш қап ұн, жылқының жарты етін әкеліп тастады. Осыдан соң аз уақыт үйге болмашы жылымық орнады да, қыстың басында Назгүлдің қабағына қайта төң жүгірді, жіпсіп, жібімейтін көкпеңбек төң.

Өстіп, итшілеп жүріп үш жыл өте шықты. Түлкі құрсақ, қам көңіл балалар оқуды да жарыта алмады. Ержет ілініп-салынып, бастауышты бітірді. Ал Ермек қатарынан үш жыл пионерге өте алмады. Оқуы мүлде нашар емес, әйтеуір қисыны келмеді. Әуелгі жылы «жасы тым кіші, пионерге жарамайды» деді, келесі жылы жаз шыға аяқасты ауырмай-сырқамай атасы қайтыс болды. Ботадай боздап, оқуын тастап, жайлауға кетті. Күзде пионер түгіл «сыныпта қалдырамыз» деп шүйлікті, ақыры қайтадан емтихан тапсырып жүріп, үшіншіге көшті. Одан кейінгі жылы мұғалімдер «пионерге өтесің не өтпейсің» деп ештеңе айтпады. Көздеріне көрінбейтін сияқты, бәлкім, ұмытып кеткен. Бұрындар «пионерге өткенімді, қып-қызыл галстук таққанымды атам көрсе» дейтін, қазір ондай үміті кесілген, оқуға да құлшынысы көп азайған, үнемі кеуде тұсы босап қалғандай құлазиды да жүреді. Тіпті 1-маусым балалар мерекесінде де еш серпілмейтін болып алды. Анығында, бұл күні мектепте ұлы дүбір мереке. Бала біткен ақ көйлек, көк шалбар киініп, мектептің алаңына жиналады. Жоғары сыныптың үлгілі оқушылары пионерге енді өткен төменгі сынып оқушыларының мойнына қып-қызыл галстук тағады. Көздері нұрланып, жүздері бал-бұл жайнаған балалар кішкентай қолдарын төбесінен асыра қиғаштай көтеріп, биік бағанада тынымсыз желбіреген бес жұлдызды қызыл туға мақтанышпен, күлімдей қарап, ант береді. Қазір Ермек мұның бәріне елп етпейді. Тек сыныптасы Күлмән алдын кес-кестеп: «Ермек, көңіліңді түсірме, келер жылы екеуміз де пионерге өтетін боламыз» деп ерепейсіз ыржалаңдағанын көргенде жөнсал жымия салады. Сөйтеді де, «осы Күлмән мен пионерге өтіп кетіп, сыныпта жалғыз қалудан қорқатын көрінеді» деп ойлайды да, жеңіл күрсінеді. Негізі Ермектің көкейін тескен бар арманы – Назгүл жеңгесінің жекірген зәрлі айғайынан құлағы айығып, ертерек еркін өмірге, жайлауға жету. Биыл да емтихан аяқтала салысымен жолай жүк көлігіне жармасып, жарты жолға шейін келді де, ары қарай тағы бір жолаушының артына жармасып, үйіне жетіп алды.

Күзде өмірі күрт өзгерді. Әкесі Ержетті аудан орталығындағы мектеп интернатқа жіберді де, Ермекті ауылдағы интернаттың жатақханасына жатқызды. Бәрінен бұрын Ермек Назгүл жеңгесінің мұз байланған қабағынан құтылғанына қуанды.

Тар бөлмеге қос қабатты үш төсек қойылған. Онда алты бала жатады. Ортаға сабақ жазатын кішкене үстел әрең сыйып тұр. Ермекке терезе жақтағы үстіңгі орын бұйырды. Бөлмелестерінің дені өзі құралпы балалар. Нұржан, Мәлік және Манат үшеуі сыныптасы. Қалған екеуі жоғары сыныпта оқиды. Ермектен басқасының бәрі пионерге өткен. Ұйықтар алдында қызыл галстуктерін шешіп, жастықтарының астына басып қояды, не қабырғадағы шегеге іледі. Таңертең мектепке жүрерде галстуктің қырыс-тырысын қолдарымен жазып, бипаздап тағады. Содан бөлме-бөлмеден дабырлап шығып, «нарттай қызыл галстук, мойнымда желбіреп...» деп басталатын әнді жамырап айтып, мектепке қарай шұбырады. Жолай мұғалімдер жолықса қаздиып тұра қалып, кішкентай қолдарын төбесінен асыра қиғаштап көтеріп сәлем береді. Мұғалімдер де бастарын изеп, ризашылығын білдіреді. Осындай қызу, думанды топтың соңында алақарғадай көзге ұнамсыз көрініп Ермек секілді бірлі-жарым оқушылар бара жатады.

Интернаттың тәртібі темірдей қатты. Үш уақыт тамақты белгілеген уақытта беріледі, одан кешіксең аш қаласың. Нұрман дейтін бойы сырықтай, сол жақ аяғын сылтып басатын, беті бұжыр-бұжыр шұрық-тесік, қаба сақал жігіт әрі аспазшы, әрі күзетші. Сол Нұрман түнгі сағат 22:00-де жарықты бір-екі рет жылт-жылт еткізеді де, тарс сөндіреді. Бітті, қайта жақпайды. Үлгірмегендер сырттан тасырлап кіріп, төсек орындарын сипалап тауып жата қалады. Сәл дабырласаң Нұрман жетіп келеді. Үлкен, кіші демейді. Иттің басындай қолшамын жарқ-жұрқ еткізіп қуалап жүріп, сықпыртып сабайды. Рәзіңкеден жасалған жіңішке қара қамшысы бар. Тиген жерін тыз еткізіп, талауратып тастайды. Мұнда қыздар мен ұлдардың жатақханалары бөлек-бөлек орналасқан. Бір-біріне жолатпайды. Кеште қыздардың терезесінен сығалаймын деп Нұржан сықылды балалар талай рет Нұрманнан оңбай таяқ жеген.

Интернаттағы қатаң тәртіп тынып аққан өзеннің бергі беті іспетті ғана екен. Жұмарлап, жұлып әкететін ағысты иірімін Ермек кейінірек көрді.

Алакеуім шақ еді. Тарс еткен дыбысқа ілесе бөлменің есігі шалқасынан ашылды. Қанша дойыр болса да Нұрман есікті былай жұлқа ашпайтын. Балалардың бәрі тіксінген күйі есік жаққа үрке қарады. Ішке тасырлатып, 5-6 ересек бала кіріп келді, Ермек жоғары сыныпта оқитын Мәмет дейтін ұйғыр баладан өзгесін жыға тани алмады.  Сөйткенше болған жоқ, сатыр-сұтыр ұрыс басталып кетті. Ұзын бойлы біреуі үстіңгі төсекте жатқан Ермекті сирағынан тартып, жерге алып ұрды. Алғашқы қатты соққы оң бүйірін солқ еткізді. Ішіне өрт жайылды. Одан кейін сол жақ бүйір, сүбе қабырғаның асты, тақыр қолтық, кеуде тұс тарс-тарс... Сәлден соң ыңыранған, жыламсыраған дауыстарды басып біреу – «Тынышталыңдар!» деп айғай салды. Ыңқыл-сыңсыл пышақ кескендей тыйылды. Дауыстаған Мәмет екен. Қараңғыда сұлбасы ғана қарауытады:

– Ақша, тамақ билеттеріңді алып шығыңдар. Жасырып, жалтарғандарыңды оңдырмаймын! – деді, қарауытқан сұлбаның дауысы соншалықты үрейлі естілді. Есік жақтан біреу сығырайтып қолшам жақты. Мәлік бастап қалталарын ақтарып, азын-аулақ тиын-тебен мен тамақ билеттерін ортадағы үстелдің үстіне жинады. Мәмет мұның бәрін қобыратқан қалпы қалтасына салды да:

– Жарайсыңдар, балапандар! Бүгін сендерді қатты қинамайын. Бірақ бұл жағдайды ешкімге тіс жарып айтушы болмаңдар! – деді. Сығырайған қолшамның жарығында Мәметтің  қарауытқан сұлбасынан болымсыз көлеңке бөлініп шығып, тамның төбесіне шейін жайылды. Сондай қорқынышты. Енді Мәмет қолшамды қолына алып үрпиісіп отырған балаларға бір-бірлеп жағып, бұрыш-бұрышқа шейін тінте қарады. Бір кезде шегеде ілулі тұрған Нұржанның галстугін жұлып алды. Нұржан баж етіп, білегіне жармаса кетті:

– Ағатай, галстугімді қалдырып кетіңізші, – деді зар қағып. Мәмет оны құлақшекеден көститіп салып қалды. Көзінің оты жарық етіп, төсекке сұлап түсті. Жанталаса атып тұрып, Мәметтің аяғына оралды:

Құлың болайын ағатай, галстугімді алмаңызшы, – деді зар қағып. Мәметтің аяғына оратылған Нұржанды ересек екі бала тік көтеріп, төсегіне тастай салды.

Нұржан ішін тартып, өксіп жылады. Қалғандары қыстығып жылады. Ермек жылаған жоқ. Көзінен бір тамшы жас шықпады. Жоқ, жылады, өксіп, құмығып жылады. Тек дауысы шықпады. Көз жасы ішіне, жүрегіне құйылды. Әлде ауыр тепкіден, әлде ашу-ызадан көкірегі қол тигізбей ауырып, удай ашыды. Кеуде тұсы біз сұққандай қатты шаншыды. Біраздан соң миы зеңіп, ұйқы меңдетті. Атасы марқұм «бейуақта ұйықтама, масыл басады» деуші еді, «ата, ұйықтамаймын» деді кірпігін қинала қозғап. Сәлден кейін кірпіктері айқасып, көзі ілініп кетті. Ары қарай әлде өңі, әлде түсі екені белгісіз, буалдыр бір дүние... Бұрыш жақтан Нұржан өксіп жылағандай болды. Мәмет қарқылдап күлді, жоқ, Мәмет емес, қыстауда жар қабаққа ұя салған жалғыз үкінің күлкісі, «үкі күлсе, жамандықтың ырымы» деуші еді атасы жарықтық. Жоқ, бұл үкі емес, Мәмет! Әне, тар көшеде Ермекті қаумалап ұстап алып, екі бүйірін солқылдатып тепкілеп жатыр. Сақ-сақ етіп үкі күлді... Қарқылдап Мәмет күлді... Ішін тартып, Нұржан ышқына жылады. «Кебініңді жалмағыр...» деп Назгүл жеңгесі қарғанды...

 

***

Терезеден төгілген аппақ нұрдан жатақхана іші бозалаң тартып, қараңғылық бұрыш-бұрышқа қарай ығысты. Бөлмедегі балалар да қыбырлай бастады. Сәлден кейін ұзынтұра Манат былшықтанған көзін сығырайта ашып, басын көтеріп айналасына қарады да: «Әлі ерте екен ғой» дегендей, ұйқылы-ояу есінеп, бұрышқа қарай аунап жатты. Одан соң арық Мәлік көзін жұмған қалпы тыртиған қабырғасын тырс-тырс қасыды да, ұйықтап кетті. Бөлме қайта тынышталды. Тек ара-тұра ыңыранған, пысылдаған дауыстар естіледі. Кенет, түпкі бұрышта жатқан Нұржан: «Шәйт кемелек, қайт топалаң тигір» деп айғай салды. Бірақ оның мұнысына ешкім елең етпеді. Нұржан өстіп түні бойы, ауық-ауық дауыстап, мал қайырып шығады. Сонысына қарай балалар оны «қойшы Нұржан» деп атайды.

Ермектің ұйқысы енді шайдай ашылды. Төсегінен сырғып түсіп, терезенің алдына келді. Күн көзінен себезгілеген өткір сарғыш сәулелерге кішкентай алақанын тосып, ыстық нұрды ұстағысы келгендей жұдырығын жұмып-ашып аз тұрды. Темір жақтаулы қос қабат терезенің ортасында үлкен көк шыбын ұшып жүр. Шыр айналып әйнекке соғылады да топ етіп қуысқа құлайды. Тырбыңдап аз жатады да қайта ұшады, қайта құлайды. Ызыңы миыңды шаншиды. Терезенің астыңғы оң жақ бұрышындағы өрмекшінің торында үлкен екі шыбын салақтап ілініп тұр. Әлгі көк шыбын соларды айнала ызыңдап ұшып жүр.

Балалардың бәрі тегіс оянды. Нұржан ұзын сирағын көрпеден кере шығарып, рахаттана есінеді де:

– Бәлі, пионерге өтетін баланы қара. Жұрттан бұрын оянып алыпты, – деді сықылықтап. Тыртиған қабырғасын дар еткізіп қасыған Мәлік:

– Күләнмен қол ұстасып шығатын шығар, – деді ыржиып.

Ермек ештеңе естімеген адамдай, жылдам киініп, сыртқа шығып кетті.

Мектептің ауласы ығы-жығы. Ақ жейде, көк шалбар киіп, қып-қызыл галстук таққан балалар ары-бері ағылып жатыр. Кіреберіс қақпаның екі жағы шағын базарға айналыпты. Қол арбамен, есек арбамен келген сатушылар жатаған жаймаларға ішпек-жемектің небір түрін сықитып үйіп тастапты. Біреу – балмұздақ, енді біреу – тәтті алып, мәз болысып жүр. Әсіресе биыл бірінші сыныпты бітіріп, пионерге өтетін балалар тым көңілді. Оларды күлім қаққан өңдерінен-ақ тануға болады.

Ермек жаймаларға көзін сатып, сәл тұрды. Балалар мерекесіне сақтап жүрген тиын-тебенін кеше Мәмет тартып алған. Жеңіл жұтынды да жүріп кетті. Ауланың қақ төріне ілінген далдиған баннердегі «Ганконгтің Отан құшағына оралуын қызу қарсы аламыз!» деген айшықты, қызыл-жасылды жазу күндегіден зорайып кеткендей көрінді. «Иә, 30 күн қалды» деді күбірлеп. Күнде таңертең сабақ басталар алдында мұғалімі «Гонконгтің Отан құшағына оралуына бәленбай күн қалды» деп тақтаның бұрышына жазатын. Немесе дауысын созып: «Балалар, Гонконгтің Отан құшағына оралуына қанша күн қалды?» деп сұрайтын. Балалар: «Түгенбай күн қалды!» деп жарыса шулайтын. Сосын бір баланы тақтаға шығарып, балалар айтқан сөзді жаздыртатын. Онан соң: «Балалар, Гонконгті 1841-жылы ағылшын шапқыншылары басып алды» деп бастап, қысқаша тарихты тәптіштеп айтатын. Содан Ермектің есінде шегеленіп қалыпты, әйтпесе, ешкім одан мұны сұрап көрмепті. «1841 жылы ағылшын шапқыншылары басып алған, міне, енді 157 жылдан соң Отан құшағына оралмақшы» деді күбірлеп. Ары қарай кідірмей шақпылай жөнелді.

Мектеп ауласында әр сынып рет-ретімен сап түзеп жиналып жатыр.  «4Б-сынып» деген жазу жазылған тақта анадай жерден Ермектің көзіне шалынды. Бірінші қатардағы орнына келіп тұрды. Қыздардың қатарының ең соңындағы Күлмәннің жүзі күлім қағады. Шашын екіге бөліп өріп алыпты. Киімі де күндегіден жып-жинақы көрінді.

Сәлден соң барабан қағылды. Екпінді музыка үні балаларды тыныштыққа шақырғандай әуелеп барып басылды. Мұнтаздай таза киінген бір ұл, бір қыз қолдарының ұшынан ұстап, сахнаға шықты. Олар алдымен ұстаздарды, оқушыларды Гонконгтың Отан құшағына оралуына 30 күн қалуымен құттықтады. Дүркірей қол соғылды. Одан соң ту шығару салтанаты өтетінін жариялады. Екпінді музыка әуенінің сүйемелімен аппақ қолғап киген төрт бала 5 жұлдызды қызыл туды төрт бұрышынан ұстап, ауланың орта тұсындағы биік темір бағанаға қарай беттеді. Іле қызыл ту көкке баяу көтерілді. Оқушылар жамырап, әнұран орындады. Бірі – ащы, бірі – қарлығыңқы, енді бірі – тап-таза, тәтті дауыстар жан-жақтан шашырай шықты. Қызыл ту бағананың ұшар басына жетіп болған соң да әнұран созалаңдап, әр-әр жерден естіліп тұрды. Сахнадағы жүргізуші балалар дауыстарын құбылта  сөйлеп, жаңадан пионерге өтетін балалардың атын атап шақырды. Бірінші сыныптың тең жартысынан көбі, екінші сыныптан он шақты, үшінші сыныптан 6-7, 4Б-сыныбынан Ермек пен Күлмән ортаға шықты. Мұрнының суы жылт-жылт еткен қара бала қасынан өтіп бара жатқан Ермекті мазақтап күлді. Жаңадан пионерге өткендерге галстук тағу үшін озат оқушылар арғы бұрыштан бері қарай шұбырды. Ермек селт ете қалды. Әлде өңі, әлде түсі, тура алдында суық жымиып, Мәмет тұр. Жай тұрған жоқ, мойнына галстук таққалы жатыр, әлде буындырмақшы. Ермек тіксіне шалқақтады. Қасы қиылған, аққұба өңді әдемі қыз «бісміллә» деп мойнына қызыл галстук тақты... Мәмет галстукты қылқындыра бунап, суық жымиды. Аққұба өңді әдемі қыз да қоса жымиды. Ермек орнына жеткенше асықты, самайын суық тер жапты. Қылқынып бара жатқандай галстугын сәл босатты, көз алды қарауытып кетті. Бас қуысына манағы көк шыбын кіріп алғандай шеке тамыры солқылдап, миының түкпір-түкпірін бір ызың кеулеп, кеміріп барады, шыдатар емес. Сахнада мектеп директоры деміге сөйлеп тұр:

– Галстукты кірлетпей, тастамай тағып жүру керек, – деді.

– Өткен жылы Нұржанды әкесі қой төлдейтін кезде үйіне алып кетті, содан сабаққа екі айдан соң бір-ақ келді. Мойнындағы галстугі қарақошқылданып, күстеніп, бір сабақ жіңішке жіпке айналыпты, – деді Ермек күбірлеп:

– Ол, ол ма? Мұрнада Мәметтің қасынан сүмеңдеп қалмайтын Мұқан деген баланың дәретхананың артына шаптыртып тұрғанын көрдім, шалбарының белін қызыл галстукпен байлап алыпты. Тіпті Нұржанның галстугін жазда сыртқа жайып қойған жерінен бұзау сілемейлеп, шайнап тастаған.

– Галстук құрбандардың қызыл қанына боялған, оны қастерлеуіміз керек, – деді директор.

– Оны иттің мойнына тағуға болмайды, – деді жымиып Ермек.

– Галстук бізді бәледен, жаладан қорғайды, – деді директор.

– Былтыр қыста бір топ бала мектептен кеш шығып, іргедегі Қарабастауға бет алады. Араларындағы біреуі «галстуктарыңды тағып алыңдар, сонда бізді суық та алмайды, қасқыр да жоламайды» дейді. Бәрі соған сеніп, жүріп кетеді. Бір кезде борасын күшейіп, жолдан адасады. Балалардың алды үсікке ұрына бастайды. Ақырында ат арбамен ел аралап, көкөніс сатып жүрген қытай шалға жолығып аман қалды, – деді Ермек.

Директор ентігіп барып сөзін аяқтады. Шапалақ үні сатырлап естілді.

Күн тас төбеге шығып алып, жер әлемді шыжғыртып барады. Ермектің төбе құйқасы шаққылап, шыңытты. Әлде ыстық күн, әлде ми қуысына кіріп алған көк шыбынның ызыңы, әлде директордың деміккен дауысы... Мойнына галстукты кім тақты? Мәмет пе, аққұба өңді әдемі қыз ба? Құлап қалмаса игі еді.

Сәлден кейін аспан шаңытып, батыс жақтағы тау сілемдерін шарбы бұлт бүркеді. Жиынның маңызды тұсы енді басталмақшы. Оқушылар мектеп ауласына Гонконгтің Отан құшағына оралатын қастерлі күнді «97.7.1» деп жазуы тиіс. Бұған оқушыларды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Рахат бір ай бойы сабақтан кейін үзбей дайындаған. Ермек Рахат мұғалімнің қызыл жұлдызды сары белдігінен өлердей қорқатын. Рахат мұғалім таңертең гимнастика кезінде, сынып-сынып бойынша қаз-қатар тізілген оқушылардың алдына  шығып сымдай тартылып, қаздиып тұра қалатын, қуыс, қушиған кеудесін жоғары көтеріп, басын кегжитіп алады. Белін қынай буынған сары белдіктің қызыл жұлдызы күнге шағылысып, үрейіңді ұшырып, жарқ-жұрқ етеді. Бір кезде белдігін шешіп екі бүктеп қолына ұстайды да, ары-бері адымдап жүре бастайды. Мұны көрген оқушылардың дегбірі қашады.  Осы кезде оқияттан әлде бір оқушы ойнақы музыка ырғағынан жаңылып аяғын шалыс басады.  Кенет Рахат мұғалімнің тебен иненің көзіндей қарашығынан сұсты бір жарқыл аунап түседі. Сол-ақ екен, әлгі гимнастикадан жаңылған баланың қызыл асығына, қызыл жұлдызды сары белдік сарт етіп тиеді. Босаң, болбырлау балалар сол жерде-ақ шырылдап ала жөнеледі. Көнбістеу балалар шытынап қақсаған аяғын көтерген күйі ақсаңдап, гимнастиканы жалғастыра береді.

Рахат мұғалімнің бір уыс беті бүгін тіпті сұрланып алыпты. Тебен иненің көзіндей қарашығында уытты жалын жарқыл қағады. Қызыл жұлдызды сары белдігін бересе қынап буынады, біресе шешіп, екі бүктеп қолына алады. Әлденеге іштей алаңдаулы секілді, ширығып, шыдамсызданып тұр. «Жаныңа дегбір таптырмай тұрған – 97.7.1 ғой» деді Ермек күбірлеп. Таяқ тастам жерден бәрі анық көрініп тұр. Пұшық мұрнының жұқалтаң етегі делдиіп кетіпті. Танауының ішіндегі сарғыштау жүндері жыбыр-жыбыр етеді:

– Ал балалар дайынсыңдар ма? Ешкімнің қиыс басып қателесуіне болмайды. Музыка бастала салысымен бәріміз алдымен ортаға жиналып гүл шоғын жасаймыз (Гонконг туында бейнеленген баухиния гүлінің бейнесін жасау керек). Сосын жылдам қимылдап, цифрды жазуға кірісеміз. Жаңылып қалмаңдар, 8-9 сынып оқушылары «9» санын жазады, одан кейін 6-7 сынып оқушылары «7» санын бейнелейді. Әй, дабырламай тыңдаңдар деймін, – деп ентігіп кідірді. Бетін айғыздаған терді қолының сыртымен сылып тастап, сөзін жалғады:

– Бесінші сынып екіге бөлінесіңдер. Алғашқы жартыларың жетінің соңына топтасып, нүктені жасайсыңдар. Қалған жартыларың орындарыңнан қозғалмаңдар, «міне, былай» деп, алдыға қарай адымдап барып жерді аяғымен дөңгелетіп сызды да, қайтадан орнына келіп сөйлей жөнелді:

– 3-4 сынып оқушылары келесі «7» санын жазады, одан соң бесінші сыныптың қалған бөлігі екінші нүктені жасайды. Ең соңында 1-2 сынып оқушылары «1» санын жазады. Балалар осыған ай бойы дайындалдық, енді еш қатесіз істейік. Егер кімде-кім жаңылса..., – деп тістенген күйі, қызыл жұлдызды сары белдікпен өзінің тыртиған арық санын салып қалды.

Барабан соғылып, ойнақы музыка басталды. Рахат мұғалім белдігін қынап, қаздиып тұра қалды да, басын изеп, бұйрық берді. Балалар алаңның ортасына қарай жүгірді. Жоғары сыныптың ересек оқушылары жолай екі-үш кішкене баланы қағып, сұлатып кетті. Оларды ешкім тұрғызған да жоқ, қоғадай жапырылған қалың бала «гүл» жасап әлек. Дәл осы кезде манадан бері терек басында қонақтап отырған желемік ақырындап алаңның жиегін жағалап қағаз, ағаш жапырақтарын ұшырып күшейе бастады. Алаңның ортасында дабыр ұлғайып, шаң көтерілді. «Гүл» жасағалы ортаға үймелеген балалар екпінді маршқа ілесіп кері қарай лап берді. Тағы үш-төрт бала аяқтың астында қалды. Енді бала біткен жанталаса «97.7.1» жазуын бейнелеуге жамырай ұмтылды. Желемік күшейіп құйынға айналып, алаңның жиегіндегі қоқысты ұршықтай иіріп жинады да ары-бері жүгіріп жүрген балаларға қарай уыстап шаша бастады. Ермектің көзіне ұсақ құм құйылып, сүрініп кетті де бойын әрең тіктеді. Көзін уқалаған күйі 7 саны қайда жазылып жатқанын біле алмай тұрып қалды. Әне, Рахат мұғалім өзіне қарай атылып келеді. Жалтарып үлгермеді, қызыл жұлдызды сары белдік тобығына сақ ете түсті. Қақсап ауырған оң аяғын көтерген күйі ақсаңдай жүгірді. Рахат мұғалім тақымдап келіп, белдікті тағы сілтеп қалды. Бұл жолы сол аяғының жіліншігіне жанай тиді. Ештеңені елемей жанұшыра жүгірді, аяғы ұйып әкетіп барады. Маңдайы тершіп, көзі қарауытты. Ақсаңдаған күйі топтасып тұған ересектеу балалардың тобына кіріп кетті. Сәл тыныстап, демін басты. Енді байқады, Рахат мұғалімнен қашамын деп бесінші сыныптың бір жартысына келіп қосылыпты. Шаң-тозаң арасынан Хамит деген баланы шырамытты. «Нүктенің біреуін жасап тұрмыз» деп ойлады. Анық қайсы нүкте екенін ажырата алмады. Аяғы ұйып, жанын шығарып барады. Галстугін кеңітіп қойды.

Аспан түнеріңкіреп, жел күшейе түсті. Аздан кейін қиқы-жиқы жазылған, бүйірі ішке кіріп қабысқан «97.7.1» деген жазудың шеті сетінеп сөгілді. Дыбыс ұлғайтқыштан директордың «ауа райына байланысты бүгіні мерекелік шарамыз осы жерден аяқталды, дабырлап, шуламай бір-бірлеп тараңдар» деген дауысы естілді. Сол-ақ екен оқушылар жан-жаққа бытырап жүгіре жөнелді.

Ермек мектептің алдында аз кідірді. Алда үш күн демалыс. Жатақханада уақыт өтпейді. Оның үстіне демалыс кезінде күніне бір уақ ғана тамақ беріледі. «Одан да жаяулатып үйге тартып кетейін. Жауын күшейгенше жетіп алармын. Тәтем де жолыма қарап, күтіп отырған болар. Жолай көлік те кезігіп қалар» деді. Ермектің үйі қазір ауыл орталығынан 4-5 шақырым жердегі Қаратал дейтін түбекте отыр. Желіп кетсе, бір сағатта-ақ жетіп барады.

Нәскиіне тыққан ұсақ ақшасын алып шығып, қақпа алдындағы асығыс жиналып жатқан жаймадан сыңар уыс жұмсақ кәмпит алды. «Тәтеме беремін» деді күбірлеп. Сөйтті де, қоржаның бұлың-бұлың көшелерімен құлдыраңдап шаба жөнелді. «Ақтөс, енді екеуміздің қызыл галстугіміз бар. Жаз бойы кезектесіп тағамыз!» деп айғай салды. Аздан кейін кеңістікке тартылған сұрғылт перде, себезгі жауынға сіңіп жоқ болды.