АҚШ-та дзюдодан шеберлер арасындағы әлем чемпионатында Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов күміс медаль жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Las Vegas World Championships veterans 2024 турнирінде 67 елден мыңнан астам балуан өнер көрсетті. Жарыс жеті салмақ дәрежесінде және 35 жастан жоғары жас санаттары бойынша өтті.
– Мұндай жарыстарға бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Өз нәтижеме ризамын. Қарсыластарым күшті болды. Қолдау көрсеткен отбасыма, достарым мен әріптестеріме көп рахмет. Мұндай жарыстарға қатысуымның маңызды себебі – әскери қызметшілер мен армия спортшыларының кейінгі жас буынына үлгі көрсету, – деді полковник Арман Әбеуов.
Полковник Арман Әбеуов 100 келіден астам салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Финалға барар жолда ол Бразилия, Португалия, АҚШ және Канада спортшыларынан басым түсті. Шешуші жекпе-жекте былтырғы әлем чемпионы бразилиялық Рекардо Ферреироға есе жіберді.
Армия спортшыларының тәлімгері, Спорт комитетінің төрағасы полковник Арман Әбеуовтің бұл жетістігі АОСК-ның жеке құрамына ең жақсы үлгі болмақ. Клуб ұжымы басшысын табысты өнер көрсетуімен шын жүректен құттықтайды және одан әрі жеңістер тілейді.