Бүркеншік аты: Маралым
Өмірдің өзі новелла
Өмір өзеннің зымырай аққан уақытымен бірге асыққан адамдар арасында аяндай басып бұл да келеді.Сапырылысқан жұрт ортасында тұрғанмен, жаны жапан түзде қаңғырып жүргендей...Киров көшесіне бұрыла бере, жүрісін кілт тоқтатып зәулім мектеп алдындағы жүздері бал-бұл жайнай, көздерінде қуаныш, езуінде күлкі ойнаған құшағы гүлге, көңілі толы балауса балдырғандарға қарай, тұрып қалыпты. Арман айдың-түпсіз ой тұңғиығына батып бара жатқанын өзі де сезбейтіндей...
«Салтанатты соңғы қоңырау.Сонау оқушылардан бөлініп, бұған қарай, көзіне түскен кекілін сілки бір бала жүгіріп келеді.Қолындағы «Мақтау қағазын» анадайдан жоғары көтеріп, айқайлай. «Мама! Мен тағы 5-ке шықтым енді мені шомылуға жібересің ғой» -дейді...»
Ұйқыдан оянғандай селк етті.Жанына тақап келген қожайынның өзі сияқты қара дәу машинаның баж-баж еткен даусымен ілесе, ішіндегі еңгезердей біреу қолын әрлі-берілі сермеп бірдеңе дейді.Риза болып, алғыс жаудырып жатырмағаны сөзсіз... Бәрі наразы, бәрі өкпелі. Көрші-көлем, ағайын-тума, бәрінің көңілінде бұған деген шынайы достық сезімнен гөрі, бәтуасыз реніш көбірек.Түсінбейді оларға, олар мұны. Әділдікпен адалдықтың ақ туын желбірете тағдыр салған сүрбелең соқпақтан сүрінбей өткізі келді өмір бойы. Әйтсе де, аяқтан шалып сүріндіргісі, тауын шығып күйіндіргісі келгендер қаншама. Көп жылғы бухгалтерлік қызметінде ақшаның арасында қалқып жүргенімен, басы артық бір тиынына да қолын сұқпапты. Өзгелерге де мүмкіндік бермейтін. Бірде айлық қорытынды есеп беруде, жетпей тұрған қаржыдан шикілікті көріп, әріптесімен сөзге келді. Бұның пікірі дұрыс, есебі дәлелді еді, бірақ жеңілді. Ар-намысын аңырата арсыздықтың алдына жығып берген амалсыздық, мәжбүрлілік еді. «Жұмыстан шығарамыз» деді жоғарыдан ісінен ақау табылмаса да. Бұның сиынғанынан, оның сүйенгені мықтырақ болғаны ма? Әлде шынымен қателесті ме? Ол арасын байыптап жатпады. Тек сол жолы адалдан гөрі қулығы мен сұмдығы көп айлалығы өмір сүру әлдеқайда оңайырақ па деп ойлады. Денсаулығының нашарлауына байланысты қызметтен босатуын өтінген бұның өтінішін аяқсыз қалдырмады. Әншейінде, бос уақыты болмай, қолы тимейтін бастағының бір-ақ күннің ішінде құжаттарын жинастырып, айлық ақшасын қолына бергені таң қалдырды. Ит пен мысықтай болып, күнде керісетін әріптесі бұның қолын қайта-қайта қысып «дұрыс шешім қабылдағаны, денсаулықтың адам өмірінде атқаратын рөлі» жайында құттықтау айтқаны әлі есінде...
Ол қызметте «зиянды» болғанымен, отбасында аяулы ана боп, ұжданды ұл тәрбиелеп, болашақтан бақыт күтті. Тауқыметі мол тағдырдың қайғысымен қуанышы, ащысы мен тәттісін бірге бөлісер, өткінші өмірдің талай қиындыққа толы қыраттар, асқар асуларынан, кедергілі бөгеттерден бірге өтуге серттескен серігі өзгемен басқа бағытқа бет алды. Жол ортасында опынған жолаушыдай жаутаңдай бұл қала берді, ұлымен. Көңілі жарты, қатарының алды болып көз алдында уақыттың тоқтаусыз сырғыған тіліне ілесе, ұлы да ержетті. Мектепті үздік бітіргенде, бұның қуанышында шек болмады. Баласы бақытты, бірақ бұл бәрінен де бақытты, ең бақытты жан еді сол бір сәт. Ресейдің Воронеж қаласындағы политехникалық институтқа оқуға ниет білдірген ұлының тілегі көкірек тұсын дір еткізе, шымшып өтті. Әртүрлі ойлар миын мең-зең ете, санасын сарсылата, толғаныстың шырмауынан шыға алмай қиналды.Аналық махаббат бала арманына ақ жол тілей қимаса да шығарып салғанды.
Арада хаттар үзілмеді.Демалыс айларында сағыныса қауышқан аналы-баласы екеуі шағын үйдің ішін қуаныштан мәре-сәре қылатын. Ұлы кеткен соң, даңғардай бөлменің төрт қабырғасына қарап, оңашалықтың ортасында бұл қалушы еді, тағатсыздана күтіп. III курсты аяқтай, жазғы практикасынан сұранып ойда жоқта ұлы үйге келді. Күтпеген қуанышқа кеңінен кенелген ана баласын айналып-толғанып бәйек, бауырына қысып, маңдайынан сүйеді. Ананың аялы алақанына бетін төсей, мейірімнің шексіз мұхитына сүңгіп тәтті ұйқының ұясына ене берді. Жанама медеу, төзіміне тіреу, көңіліңе сүйеу болар сүйкімді ұлының бейнесіне қарай еріксіз елжіреді. Ол жай келмепті.Болашаққа бірге аттанар жас сүйгенін тауып, енді үйленуге, анасының ақ батасын алуға базынасын айта келіпті. Асқақ арман асқар шыңынан аса қанатты қиялы көгілдір сағымды көкті кезіп кеткендей...
«Жан-жағын қоршаған немерелері, бұл берген кәмпитке таласа «әжелеп» бетінен сүйіп, мойнына асылады.Балауса балбөбектің бал тілін қызықтай, тәтті қылығына еріксіз жымияды. Белі бүкір көрші кемпір бұған қызғанышпен қарайтындай...»
Кенет сол көзі тартып, жүрегі қаға бастады.Мән бермеді.Болашақтан қол бұлғаған бақытты сәттерінен басқа ешнәрсе ойлағысы келмеген-ді. Ұлы ұйқысынан оянып, шомылуға бара жатқандығын ескертіп есікке бет алды.Табалдырықтан атай бере кілт бұрылды.«Мама»- деді жанары жаутандай- менің кетіп бара жатқаныма ренжімейсіз бе? Ашуланбаңыз, мама мен қазір келемін »-деп анасын еркелей құшақтап, бетінен сүйіп алды да,асығыс есікке бет алды. Асыға адымдай басып, кетіп бара жатқан ұлының сымбатты тұлғасына сүйсіне, көпке шейін терезеден көзін алмады. Періште сәби болып кірген есігінен мәңгілік өміріне екі аяғымен кеткен ұлын соңғы рет құшқанын ана жүрегі сезгендей, секем алды.
Күндізгі аптап басылып, күнде батуға таянған.Дәмді етіп дайындаған кешкі асы баяғыда-ақ суығын.Ұлы әлі жоқ.
«Жарқырай аққан Жайығын қатты сағынған ғой.Салқын саясын қия алмай, мөлдірсуынан шыға алмай жатқан шығар.»
Әйтседе ана жүрегі әлденеден секем ала, сезімі сергелдеңе түсті... Ал, бұл кезде арқырай аққан ағынды Жайық айқара ашылған ашық құшағына адам ұлын, ана ұлын мәңгіге құшып тоқтаусыз аға берді..
Шырқырай шылдарлаған есік қоңырауы арпалысыңда айқасқан ана көңілінің күмәнін біржола басқандай. Есікті аша, ұлын емес, қан-сөлсіз бозарған оның жолдасын көре... тілсіз қалды. Өзеннен жасырын балық аулап, пайда табу мақсатында құрылған браконьерлер қақпаны-ауға шырмалған жиырма жасар жалынды жастың жарығын қиналамай-ақ сөндірген.
Қармақ жігіттің жүрегін суыра, су бетіне лақтырған екен.Аңыраған ананың қайғысын басып, көңілін жұбатар сөз таба алмаған жұртшылық іштей ғана налыды. Содан бері жиырма жыл, дәл жиырма жыл өтіпті. Қайғының қара орманында қасірет шеккен қара кемпірдің дүниенің думан-сауығымен ісі болмайтын. "Қөретінді көрмей, көрге кірмейсің" демекші, жер бетіндегі екі аяқты пенденің санын толтыра, бұл да күн кешіп келеді. Жүйке ауруына шалдыққан дейді дәрігерлер. Ұлы оқыған мектептің алдын торуылдап, балалардың күлкісін естіп, естеліктерін есіне алып,өткен өмірін парақтап отырады. Қасіреттің қара бұлты үйірілгенде бақытсыздығын тағдыр талқысы деп бақилы болатын кейбіреулердің кебін бұл киген жоқ.
Өткінші өмірінде өкініш өрнегінің кестеленуіне өзге емес, өзі кінәлі екенін сезінетін...
Азырақ ауа жұтпақшы болып, тозығы жеткен ағаш орындыққа жайғаса бергені сол еді, көрші үйден естіген айқай-ұйқай дауыстарымен ілесе, есіктен атла шыққан бала көше бұрылысына қарай жүгіре жөнелді. Соңынан бір қап ашу-ызасын арқалай, адуынды кемпір сұр көздерін сықсита қасына келіп отырды. Немерелеріне деген қарақазандай өкпесін айтып таусыла алар емес.
Көз ұшында көрінген баланың бейнесіне үзіле қараған бұл, оның сөздерінің бірін естісе, бірін естімейді...« Жұрт іздеген бақыттың кейде бағаланбайтын жерге тоқтайтыны , күтпейтін жерде болатыны қызық –ау » деді іштей,ауыр күрсініп...
«Ұстаздық етке жалықпас...»
Көктемгі жаңбыр терезені ұрғылай жауып, қаңылтыр шатырды төмпештей жөнелді. «Мұғалімдер бөлмесінде» дәптер тексеріп отырған ұстаздың ойын есікті жұлқи тартқан жастың адуынды екпіні бөліп жіберген-ді. Қос жанары қасқырдың көзіндей от шашып, ашудан ешкімді байқайтын да емес. Келе қарсы алдында « электронды журналымен » әуре боп отырған орта жастағы әріптесінің сұрағын күтпестен: «Тағы сол Асанов. Ол бәрін әдейі істейді,білемін.Әдейі оқымай келеді.Сабақ үстінде тыныш отырмағаны өз алдына, менімен қырсыққанын көрдің бе?....Түк тәрбие көрмеген. Әкесі айлап вахтада, шешесі базарда, бала тәрбиесі қараусыз қалған..» деп түкірігін шашырата самбырлай жөнелгенде, барлық құлақтар елең ете қалғандай еді. Бар өшін содан алғандай қолтығына қыстырға н«сынып журналын» үстелдің үстіне лақтыра салғанда, дәптерлердің қызығына батқан ұстаздың алдындағы парақтар шошып қашқандай, сырғи берді. Жастық жалынымен бірге тұла бойындағы ыза арпалысқан арудың әншейінде мөлдіреп тұратын бота көздері, тап қазір қарашығы үлкейіп, аларып кеткендей ме?! Әріптесінің таң қалған жүзіне қарап,ол әңгімесін жалғастыра берді. «Ендігі ісім сол Асановпен болсын! Көзіне көк шыбын үймелетемін!...Менің сабағымды оқымағанын көрсетемін.Ұрысып-ұрысып алдым. Бірақ, ол тәрбиесізге ұрысқан да әсер етпейтін сияқты..» дей бергенде, «дәптер тексеруші» ұстаздың «сіз» деген сұсты дауысы мұны елең еткізді. Жалт қараған жанарда «Мен бе?» деген сұрақ тұрған-ды...«Сіз..иә,сіз-деді сөзін нығырлай,-«Педагог этикасы» дегенді білетін бе едіңіз? Әлде ата-анаңыз әдепті болуды үйретпеді ме? Әлде студент кезіңізде жүрдім-бардым оқыдыңыз ба?...Жо-оқ! Қыр далада қой айдаған қойшы сіздей айқайламас! Неткен әдепсіз адам едіңіз! Шығыңыз!» деп қатқыл нүктесін қоя салды. Бұл мекемеде «тәжірибелі» деп саналатын мұғалімнің айбарынан ығысты ма, мүмкін,өзінің ісіне оңаша есеп берейін деді ме, жас мұғалім адымдай басып,бөлмеден сыртқа атылды.Оның артынан қалған әріптестері де көз ілеспес жылдамдықпен қағаз-қаламдарын жинастырып, сытылып шыға берді.Дәптерлеріне қанша үңілгенмен,көлденең ойлар көңіл көзін кес-кестеп, қаламының қадамына кедергі келтіре берді.Таңнан кешке дейін талай адам жұлқыса да, тартса да, лақтырса да,тіпті аяғының ұшымен теуіп қалса да,өз қызметін адал атқарудан тынбайтын ағаш есік бұл жолы көңілсіз баяу ашылды.Қарсы алдына келген арудың тұрысы жекпе-жекке шығатын батырлардан бір кем емес-тін.Айқаста айбат шеккен арыстандай,жемтігін бас салғалы тұрған жолбарыстай батылдана қарайды.«..Мен сізді білікті ұстаз ретінде сыйлап жүрсем...Сіздің бұлай істегеніңіз қалай? «Мұғалім мәртебесі»дегенді білуші ме едіңіз?-деді долдана-жеке өзіме айтсаңыз да болатын еді. Кімнен қателік кетпейді. Елдің алдында ескерту жасап, абыройымды төктіңіз.Сіздің бұл қылығыңыз өзіңіз айтқан әдептілікке жата ма? Алдымен неге менің көңіл-күйімді білмейсіз? Жан қиналысымды түсініп алмайсыз? Мен сіздің атыңыздан мектеп басшысына шағым түсіремін».Басын төмен салып, бар ынтасымен тыңдап отырған мұғалімді тұқырттым деп ойлаған жас маман интонациясын көтеріңкі леппен аяқтады. Сабырлы қалпын бұзбастан,жалынды жастың отты көздеріне тіке қарай:« Сіздің демей ̶ ақ қояйын,сенің айтқаныңның бәрі дұрыс.Бірақ,мұғалім ретінде беделіңді бұлдап, бажылдағанда Асанов сынды балалардың көңіл-күйін бағалап,жан дүниесіне үңіліп көрдің бе? Абыройымды төктің деп аспанға секіргенде, көңілімді құлазыттың деп күпінгенде, сен елдің бір ерін ез етіп жүргеніңді білесің бе? ׳׳Есер болмай ер болмас׳׳ демей ме қазақ?!.Асанов сен ойлағандай жағымсыз образдағы бала емес. Біреудің әлсіздігін пайдаланып әлімжеттік көрсеткен қалай екен?... Үстімнен шағым түсірем десең,өзің біл! Естімей жүрген ескертуіміз емес... » деді.Орындыққа отыра кеткен жас маманның ұятынан хабар бергендей екі беті алаулап , көздері жасаурай берді. «Басқаша не істей алатын едім?» деді ол көзінен аққан тамшыны алақанымен сүрте түсіп.« Жақсы көр! Әр баланы кемшілігіне , әлеуметтік жағдайына қарамастан құрметте.Олар ересектер үшін, ата ̶ анасы үшін жауап беруі тиісті емес.Олардың әр біреуі жеке тұлға. Шынайы жүрегіңмен жақсы көре біл! Абай атамыз айтқан ақыл да, қайрат та жүрекке бағынады. Қалған іс ̶ әрекетіңді жасауғас одан кейін кіріс» ̶ деді мұғалім іштей жас маманды аялап тұрса да,бұйыра сөйледі.« Келгенім кеше ғана болсада кеш болмай тұрған да басқа кәсіпке кетіп қалсам ба екен? деп ойлаймын. Бірақ, қиындықсыз ештеңе болмайды емес пе? «Бейнет түбі - зейнет» деп жұбатамын. Ал сіздің өміріңізде қандай қиындық болды? Оны қалай жеңдіңіз?» деді жас маман сұраулы жүзбен.«Ұстаздық жолымда кездескен қиындығым - талабы таудай, арманы асқақбір шәкіртімнің өмір жолын 15 жасында өзі қиып,бұл жарық дүниеге қошайтып кете баруы еді.Сол 21 ақпан күні суыт хабар жанымды күйзелтіп, өмірімді он жылға қысқартып жібергендей езілдім.«Неге?» деген сауалдың жауабын ел болып іздеп таба алмай, көзден емес, жүректен аққан жасты тыя алмадық.Содан бері тек пән мұғалімі емес әр баланың сырласы, әр баланың мұңдасы, әзілқой жолдасына айналдым.
-« Ғаламторға шырмалған қазіргі балалар кітап оқып, өлең жаттағысы келмейді. Байқауға да қатысуға да ынтасы жоқ. Осы кәсіпте қуантатын нәрсе де жоқ сияқты болып көрінеді.Ұстаздық жолда қатты қуанған кезіңіз болды ма?» деді жас маман ойлы көзбен.«Сен сияқты жас маман кезімде 5-сыныптағы бір шәкіртімді баптап, дайындап аудандық байқауларға апардым. 50-ге жуық мектептің таңдаулы да талантты оқушылары қатысқан аламан бәйге де менің шәкіртім оза шауып, Бас жүлдені қанжығасына байлап, облыстық кезеңге жолдама алды. Ол атына заты сай боп Жұлдыздай жарқырады. Алғаш оқушы жетістігіне көңілім марқайып, бойымды шаттық кернеді. Қолымнан бірдеңе келетініне, біреуге бірдеңе үйрете алатындығыма қатты қуандым.30 жыл жүріп ештеңе істемей кетуіңе болады, не 5 жылдың ішінде тау қопарып жұмыс істеуге болатындығын түсіндім» деп қол сағатына қарап,кетуге ыңғайланды. Терезеге телмірген жас маманның көңіліндегі кірбің төпелеп жауған нөсермен шайылып кеткендей,шайдай ашылған күн көзі бұған күлімдеп тұрғандай сезілді.
Эпилог
Бұл оқиғадан кейінгі жас маманның жадыраған жүзі Асанов сынды «қырсық» балалармен тіл табысқандығынан хабар бергендей еді.Оның мерзімінен бұрын біліктілік санатын алуы да керемет жаңалық болды.Ал «дәптер тексеруші» мұғалімнің кезекті марапат тізімінен шететіліп қалуы біреулерге таң қаларлық жағдай болса да,біреулерге үйреншікті нәрсе.
Үміттің жібі….
Қар еріп, көктемнің күні ұйқысынан оянғандай ,керіле басып, айналасына шуақ шаша қарады.Түнімен көз ілмеген Арайлым басын көтере, шығыс жақтан шығып келе жатырған Күнге сығырая қарап, ойланып қалды. Өзінің « жарық күнді енді көре алмайтындардың » қатарынан табылатындығын ойлаған сәтте, жүрегі кеудесінен шығып кетердей дүрсілдеді.Бойын үрей биледі ме, қолындағы жібін жерге лақтыра салып, кері бұрыла берген сол еді...Жаман ойлар сумаңдап, мұның ашуын шақырып, бойын кернеп тұрған ызасын оятты.Құрбысының сатқындығы, отбасындағы берекетсіздік, кедей тірлік ....көз алдынан кино ленталарындай өте бере, сол өмірдің белгісіз кейіпкері мұны кеудесінен кері итергендей болды. Не істерін білмеген Арайлым жерге отыра қалып, көкірегін қысып, жылай бастады... «Мен енді ешкімге керек емеспін» деп күбірлеп,кеудесін соққылап, еңіреді.Өткен жылы өмірден өз еркімен кеткен әпкесін сағынышпен есіне алып, қиялымен құшақтағандай болды. Ауру шеше, ішкілікке салынған әке, жетпейтін ақша,бітпейтін қарыз...кімге таңсық дейсің? Өз құпиясын бірге ала кеткен әпкесінің өлімі өзгелерге талай әңгіменің өрбуіне себепші болды. Арайлым кенет өксігін басып, өзі жоғалған сәттегі өмірін есіне ала бастады. «Неше түрлі әңгімелер айтылатын шығар-ау! Біреулер мақтар, біреулер жақтар, ал кейбіреуі даттар.Ал,мұның ғаышығы Ибрагим ше? Сүйіктісін ойлап, қайғырып, жылар ма екен? Әлде сүйіктісімен қол ұстасып жүре берер ме екен?» Арайлым жерге лақтырған жібін қолына алып, мойнына салғалы жатырғанда, жіптің шіріп, үзілгелі тұрған жерін байқады.Қайтадан Ибрагим туралы ойына оралып, құрбысының сатқындығына ызаланды. «Ибрагим қарапайым шопанның баласы , өте көрікті, сымбатты.Ол ән шырқағанда, кез келген ортаның гүліне айналып, айналасына шуақ шашақандай болады.Екеуі бала кезден тонның ішкі бауындай дос еді. Жоғары сыныпқа көшкен кезде достықтары махаббатқа ұласты.Арайлым Ибрагимді өзінің қорғаны санап, тірегіндей көрді.Сабаққа да соны көру үшін баратындай сезінетін.Ибрагим оны сезетін, қуантуға тырысып, мереке күндері қолынан келгенше бұйымдар жасап, сыйлаушы еді.Арайлым Ибрагим үшін барлық жауапкершілікті арқалаудан тартынбаған жан. Ол дайындайды,оқиды, ізденеді, сері жігіті оны аса керемет ептілігімен көшіріп алатын, не болмаса, Арайлымның айтқандарын қайталайтын. Ибрагимнің мектептегі белсенділер қатарынан көрінуіне Арайлымның еңбегі көп болатын. Көңілді күндер осылай жалғаса берер ме еді?!...Қаладан Балым деген сұлу қыз да ерке қыз келмегенде.Ауылдан ферма ашып, кәсібін дөңгелетіп отырған Балымның отбасының байлығы оның мүшелерінен бірден байқалатын.Әсіресе, қаланың қызының киген киімі , ұстаған сөмкесі, тұтынатын бұйымдары ...бәрі-бәрі соңғы үлгідегі сән еді.Арайлым оны тек ғаламтордағы жарнамадан көргені болмаса, бағасы туралы ойлауға да жүрексінетін. Балым ақ жарқын, күлімдеп, күліп жүретін, алғыр қыз болатын.Үнемі үндемей отыратын, қара торы Арайлыммен тіл табысып, құрбысына айналған-ды. Арайлым Ибрагим сынды «сабақ оқуға қолы тимей қала беретін» өнерлі жандарға көмегін аямайтыны секілді, Балымға да қол ұшын беруден тартынбады. Арайлымның анасы Балымның әкесінің фермасында сауыншы болып жұмысқа кірді, ал әкесі ішімдігін қоя алмай ,шығып қалды. Анасының жұмысы көп болғандықтан, Арайлым бос уақытында анасының қасында болып, көмектесетін. Балыммен бастапқыда бірге серуендеп ,сейіл құрғанмен бірте-бірте оған да уақыт таппай қала берді. Балым сбақтан тек ағылшын тілін жақсы көретіндігін алға тартып, соны ғана меңгерсе,жарайтындығын алға тартатын.Ол болашағын шет елдегі оқу орындарымен байланыстыратын.Арайлым Балыммен қатар Ибрагимнің де қастарынан қалмайтындығын байқады.Ибрагимнің жігіт бола тұра, құрбысына жиі мақтау сөздер айта беретіндігіне, кейде оның орынсыз болатындығына тіксінді. Сенбі күні өткен отырыстан кейін барлығы жиналып,фотоға түспекші болғанда,бәрі Балымның соңғы үлгідегі « айфонымен» түспекші болып, шу ете қалды. Көп көзіне түсуге құмар емес Арайлым өзі сытылып шығып, суретке түсірудің ыңғайын таба алмай тұрғанда Ибрагимнің « Сен ондай телефонның қай жерін басу керектігі түгіл,ұстап та көрмеген шығарсың ...мұқият бол!» деген сөзі біреулерді күлдірсе де,мұның жанын осып өткендей болды.Арайлым да айфон түгіл, сенсорлық телефон да жоқ еді.Әлемнің барлығы кіретін әлеуметтік желіге Арайлым ғана кіре алмайтын.Балым оған әлеуметтік желіге жүктеген әдемі суреттерін көрсетіп жүретін.Сондай сәттердің бірінде Ибрагим екеуінің жазбаларын байқап қалып, жүрегі дір ете түсті.Бірде Балым екеуі көліктердің суреттерін парақтап отырған сәтте қастарына келген Ибрагим әдеттетегі «кезекші әзіліне» басып, « Арайлым осы сен-ақ армандаудан жалықпайды екенсің, ақ машина ойың түгіл түсіңе де енбейтін шығар-ау! Апаң сауатын ақ сиырларды ойлап жүре бершей!..» деп айналасын бір күлдірген.Бұл қалжың өзгелерді күлкіге қарқ қылса да,Арайлымның намысын қанжармен тіліп түскедей еді.Ол күле алмады. Кешегі кеш Арайлымның өміріне үлкен өзгеріс әкеліп, адалдық дегеннің аяқ асты бола беретіндігін түсіндіріп өткендей болды.Бұл ол кешке бара алмайтындығын айтса да, шыдай алмай, кешігіп барған. Баяу музыканың даусына шыққан қараңғы бөлменің есігін ашқан Арайлымды ешкім байқамады. Кірген бетте өзі іздеген жандардың құшақтасып тұрған қалпын көріп, бұл не істерін білмеді...Өзінің артық екендігін , тіпті бұл адамдардың арасында ғана емес жер бетінде артық екендігін сезінді.Кері бұрылып,булыққан күйі үйіне жүгіре басып ,жылап келді. Түнімен жылап, ойлана келе, әпкесінің артынан кетпекші болып,шешім қабылдады.Таңды күтті.Өзі оймен арпалысып отырған пенденің періштелері де жан-жағында мұны ажалдан қорғап,жан таласқандай еді.Жылай-жылай шаршаған қыз,басын көтеріп, жарқыраған күнге қарап , «мен сені күнде көргім келеді! Мен қараңғы жаққа ,сен жоқ жерге баруға қорқамын » деді күбірлеп.« Мейлің, бәрі мені жалғыз тастап кетсе де, өмір сүремін.Барлық қиындықты жеңіп шығамын, жылап емес,әлі талай күліп,қуанып қарсы алатын боламын.Үміттің жібі үзілмесін,бәрі жақсы болады » деп Арайлым қолындағы үзілген жіпті жалғап,«бір кәдеге жарап қалар» дегендей, бағанадағы шегеге іле бастады.
****
Зымыраған уақыттың ағымына көз ілесер емес.Жадыраған жаз да келіп, мектеп түлектері сынақ тапсырды. Балым ақылы оқуға түсіп, алыс қалалардың біріне бағыт алса, Ибрагим сынақтан өте алмаған соң вахталық жұмысқа кетті. Арайлым армандаған оқу орнының студенті атанып, қуаныштан жылап алды.Жылдар зымырап өте берді, он жыл он күндей өте шықты.Балымның оқуын бітірместен шетелдік азаматпен отау құрғандығын естігенмен, артынша ажырасып жатырғандығынан да хабардар болды. Алатаудың баурайында білім алған ару қыз адам танымастай боп өзгерген. Туған өлкесіне оралған сәтте, неге екені белгісіз, Ибрагимді іздей бастады. Әдемі жүзін әжім басып, сымбатты денесі еңкіш тартыпты. Шылымын будақтатып, көшеде жас жігіттермен даурығып,әңгіме соғып тұр екен.Ақ машинадан түскен ақ көйлекті аруға Ибрагим де, басқалары да жалт қарады.Күннен қорғар көзәйнегін шешіп,өзіне жымия қараған сұлуға , сасқалақтаған Ибрагим тілім-тілім болған күректей қолдарын ұсына берді.Амандасып,жөн сұрасып болғаннан кейін Арайлым Ибрагимге: « саған да, Балымдай құрбыма да ризамын.Сендердің сатқындықтарың, жанға батар арамдықтарың ,жүректі ауыртар ауыр сөздерің болмаса, мен бұл ақ машинаны мінетіндей дәрежеге жетпес едім. Мен ақшаға кедей болғанымен,арман-мақсатқа бай едім. Тірліктегі түйткілді мәселелер адамдарға кенеттен үлкен армандардың орындалуына жол ашады екен » деді де,артына бұрылмастан жүре берді. Төбесі опырылып түскен сарайдың орнына барып, көп ойланды.Іштей күбірлеп, жерді сипады.« Сәл ашу-ызаға ерік бергенде ендігі сені астыңда жатар ма едім ,қара жер! Өлшеулі өмірімді үзуге ниеттенген ісім қандай ақымақтық,ақылсыздық,әлсіздік.Қазір адамдарды емдеп, өмір сыйлау үшін еңбек етемін.Әрбір адамның таңмен оянып жарық күнді көргенін қалаймын.Сол күннен қасыма бір серік ілесті, «сабыр »деген, сонымен бірге мақсатыма жетіп келемін,жетемін » деп сөйлеген Арайлымның ішкі даусы, айналасына айқайлағандай болды. Орнынан тұра бере ,аяғының астында жатырған шіріген жіпті көзі шалып, жымия түсті. Еңкейіп,жерден көтерген жіпті алақанына алып, « ешқашанда үміттің жібі үзілмесінші...» деп аялай қарады.
«Артта қалған арман»
Күз мезгілін-жақсы көремін. Жапырақтар сарғайып, ауада қалықтап ұшып, судыр қағып, жерге түсіп жатыр... Табиғаттың тамаша кезі.. Жүрегіңдегі арман-сезіміңді оятып, әлдебір мұң ұялатқандай... Саябаққа барып , немеремді қыдыртып, ұзын, әдемі орындыққа барып демалдым. Арбадағы кішкентай немеремді шайқап ұйықтатып, жан-жағыма көз салдым. Қарама-қарсы отырғыштағы-жұпыны киінген, бет-аузы ісіңкі, көзін төмен салып, ойланып отырған-әйел көзіме таныс көрінді. Мүмкін емес! Мен білетін, студенттік жылдарды бірге өткізген Гүлназ- мұндай кейіптегі қыз емес еді! Әдемі,«көруге көз керек», алғыр, үздік оқыған Гүлназ-бізге-үлгі еді.. Мені байқаған Гүлназды, тартыншақтағанына қарамай, қасыма шақырып алдым. Көзіңе тура қарамайтын, бұйығылау, жұпыны киінген, Гүлназ-жылап жіберді. Студенттік жылдарды бірге өткізген, жарқыраған Гүлназ емес, басқа әйел тұрғандай алдымда..-« Не болды, мұндай жағдайға қалай тап болдың,ауырып қалдың ба, Гүлназ?»,-деп сұрап жатырмын. Жарылып, мүйізденіп кеткен қолдарымен, әжім басып, қарайып, қарақошқылданған бетіне аққан көз жасын сүртіп қойып, Гүлназ әңгімесін бастады...-«Ия, Ақжан, сен білесің ғой, мен білімге, оқуға құштар жан болдым, үздік оқып, жақсы мамандық алып шықтым. Өмірге құштар, еңбекке-талпынысым-зор, еңбекқор жан едім. Лауазымды қызметтегі ата-анам қолдау көрсетіп, жұмысқа орналастырды.Ағылшын тілін жақсы меңгергендіктен, бір компанияға аудармашы болып, жұмысқа орналастым. «Сабақты ине-сәтімен» дегендей, жақсы азаматқа тұрмысқа шықтым. Алғыр, жоғары білімі болмаса да, адал еңбегімен, табыс табатын Ерлан-отбасына қамқор, адамгершілігі мол жан еді. Құрылыс саласында жасаған, Ерлан, бір күні биіктен құлап, ауруханаға түсті. Үйдегі екі балама қарап, ауруханаға жүгіріп жүргенде, бір күні жұмыстасым туған күніне шақырды. Екі баланы анама қалдырып, гүлімді алып, жұмыстас Қайраттың туған күніне барды. Арақ-шарапқа , жеміс-жидек, тәтті сусындарға толы-дастархан, көңілді әуен, жар-жұрқ еткен сәулеге толы кештің ырғағына ілесіп биледім, шарап іштім.. Ішпес те едім, Қайрат:-«Ауруханаға жүгіріп шаршап кеттің ғой, жүйкең тынышталады, демаласың!»-деп қоймаған соң, екі-үш бокал шарапты ішіп қойыппын.. Ой, дүние-ай, сол кеште ішкен шарап-сорымының бастауы болды ғой...«Маскүнем-арақтың құлы»-деп, Ермахан Шайқыұлы айтқандай, араққа тәуелді болдым. Өз-өзіме, балаларға қарауды да қоя бастадым, аруханадан шығып, үйде арбаға таңылған жолдасыма да қарағым келмейтін...Қайда арақ ішіп жатыр,солардың ортасынан табылатынмын. Арбада отырса да, Ерлан, балаларға қарап, тамағын беріп, мектепке жіберетін. Ерлан қаншама ескерту жасаса да, құлағыма ілмедім, айтқан сөзі, маған, әсер етпейді.«Анасынан қасиетті сүт емген, азаматтан тек жақсылық күттім мен. Қолдарына бір-бір шөлмек ұстаған, екі жігіт атып шықты дүкеннен»-деп,Қадір Мырза Әлі бабамыз өкінішпен жазғандай, арақ ішетін адамға сылтау да, себеп те көп екен...«Білімімді пайдаға асырып, елге қызмет жасап, жақсы жар, асыл ана болсам»-деген арманым да-менен алыстай берді... Үсті-басына күтім жасамайтын, арақтан беті-аузы іспектей болған қызметкер кімге керек, жұмыстан да шығарып жіберді. Анамның айтқанын тыңдамай,менің құрдымға кетіп бара жатырғанымды көріп, ол кісі де жиі ауырып қалатын болды. Әкем менің азғындығымды көрмей өмірден өтіп кеткен. Ерлан ұрсып та айтты, өтініш жасап та жалынды, тыңдамадым.-«Ақша жоқ, жетпейді»-дейін десем, Ерлан онлайн арқылы,жаңа мамандық игеріп, алатын қосымша жәрдемақысы бар, еңбектеніп табыс тауып отыр.Балаларын тап-таза етіп бағып,өзі де дене жаттығуларын жасап,спортпен айналысып,аяғына тік тұрды.Адам өзі талпынса,алмайтын қамалы жоқ екен.«Арақ түбі-дерт, Ұшқын түбі-өрт»-деп халқымыз айтқандай, арақпен бірге жұмысым ғана емес, денсаулығымды да жоғалта бастадым. Ерлан да, анам да, жанашырларым қаншама ақыл айтса да тыңдамадым, бөтелкелес достардан айырылмадым.«Күйгенше арақ ішіп, өндіршегі, Зор мәртебе деп жүр ғой, ол бір тегі. Өндіршегің өртеніп өле ішкенше, Бір тиындық бір нәрсе өндірсе еді» деп, Асқар Тоқмағамбетов ағамыз жазғандай, ештеңе өндірген де, жасаған да жоқпын, жұмыс істеуге мойын жар бермеді. Тасада, бос тұрған үйлердің ішінде, сыртта терек түбінде жиналып іше беретінбіз. Бір күні теректің түбінде арзан арақ пен қара нанды талғажу етіп, ішіп отырғанбыз. Қасымыздан балалар өтіп бара жатыр еді... Қасыма келіп қарап тұрған үлкен ұлым Қайсарды көрдім. Өсіп, ер жігіт болып қалыпты, алтыншы-жетінші сыныпта оқитын болар.. Қайсардың қолында гүл мен кәмпит қорапшасы бар еді, үнсіз қарап тұрды. Көзінде... Ұлымның көзінде... жоқ, жек көрушілік сезім емес, шарасыздық сезім бар еді. Ұлым анасы үшін, сыныптастарынан ұялып тұрды, налып тұрды! Анасының «арақұмар, алқаш ана» болғанына намыстанып тұрды! Қолындағы гүлін жерге лақтырып, ұзап кете берді. Ұлым өзі ес білгеннен кейін, анасын бірінші рет, іздеп келіп, өкініп кетті-ау..Бүгін 8-Наурыз,«Аналар мейрамы» күні, арақ ішіп отырған-шешесін көріп,ұлым менен түңіліп кеткендей...Ұлымның артынан жүгіргім келді, тоқтатып, кешірім сұрағым келді! Өмірімде алғаш рет өкіндім, аула сыпыратын жұмысымды жылап жүріп, атқардым. Ішкіш әйел болсам да, менен бас тарта алмаған анама бардым, жылап-еңіреп..-«Қызым, жұмысыңды, отбасыңды, денсаулығыңды жоғалттың. Ұлың сен үшін, арланып, намыстанады. Балалар үшін, арақты таста, өсіп қалды, намыстанып, бідеңеге ұшырап қалмасын, ойлан!»-деді анам. Өз еркіммен нарколог дәрігерге қаралып, диспансерлік ауруханаға жатып , емделдім. Әрине, өзімді-өзім жеңу оңай болған жоқ. Бүгін шығып отырмын, сондықтан да, бет-аузым ісіңкі, жаным-жаралы. Балаларға, Ерланға барып кешірім сұраймын. Кешірсе.Арманым көп еді,бәрі де артта қалды, арманымды-арақ жұтып қойды...»-деп, Гүлназ әңгімесін аяқтады. Немерем де ұйқысынан оянды. Үйге кетуге ыңғайланып, Гүлназға қарап: —«Гүлназ, жақсы жолға түсіп, адал еңбек етсең, балалар да, Ерлан да қазір болмаса да, түбі кешіреді.Арманыңа жетуіңе тілектеспін. Мен саған сенемін. Ал, қарапайым жұмысқа орналасуыңа көмектесемін. Сен мықты, шебер, тігінші едің ғой. Студент кезде неше түрлі сән үлгісін ойлап тапқансың. Менің шағын ательем бар, жұмысқа шақырамын»-деп, қоштастым. Гүлназ қуанып кетті. Мен Гүлназдың болашағы жарқын болатынына сенемін. Арақты жеңген Гүлназ-басқа қиындықты да жеңеді.«Арақ» деген әзәзіге жоламай, салауатты өмір салтын ұстанып, өмір сүрейік, ағайын! Бар болайық, бай болайық, аман болайық! Армандар орындалады!
«Қара жамылған қаракөз»
Осы мөлтек ауданның шағын сауда орнына сатушы боп орналасқаныма көп бола қойған жоқ, әйтсе де, тұтынушылармен таныса бастадым.Студенттік өмірімнің жыртығын жамармын деген ниетпен , түстен кейін таныс әпкемнің дүкеніне жұмысқа тұрдым.« Азық –түлік » дүкені болғандықтан тұтынушылар саны үзілмейді , алайда кейде тұрақты сатып алушыларды сағынып та қаласың.Жоқтап тұрасың.Солардың бірі өзім шамалас, хиджаб киген ару еді.Ол үнемі кеште келетін, беті жабық болғанымен, екі көзі мұңға толғандай, мөлдіреп тұратын. Сол бейтаныс жанмен танысып , сөйлесіп те үлгердім. Бірте-бірте бауыр басып, ол сырласу үшін ғана келуді жиілетті. Бірақ, бірдеңеден қорқып үрейленгендей, ұзақ отыра алмаушы еді. Бетін ашып, жүзін көрсетуін өтініп, сұрағанымда ,басын шайқап , шошынатын. Бірде жасқа толы көзінен көмек сұрағанын көргендей болып, қолынан ұстап, қасыма отырғыздым.Ол қатты жылады, бірінші рет мені құшақтап жылай берді. Жалдап тұрған пәтерінен шығарып жібергендіктерін айтып, қоштасқалы келіпті. « Сен бақыттысың ғой, құрбым! –деді солқылдаған дауыспен,-еркінсің, арманыңа жете аласың, білім арманға апарар асыл жолдан адаспа,замандасым! .Құшағымнан босатып, қасыма отырғызып, днкенді ішінен кілттеп оның әңгімесін тыңдауға жайғастым. «Жағдайы төмен отбасында дүниеге келсем де, әкем мен анам аялап өсірді –деп бастады ол әңгімесін. Өте ерке болғанымдығымнан шығар, жетінші сыныпқа дейін бірнеше мектеп ауыстырып та үлгердім, неге дейсіз ғой тәртіпсіздігім үшін, сабақтағы бағаларым да нашар болатын. Тұратын үйіміздің жанына тағы бір отбасы келді. Олардың үлкен баласы меннен екі жас үлкен болатын. Оның жас жігіт болса да қауғадай етіп сақал өсіретіндігі әкеме ұнамаушы еді.« Қазақта әкесі өлгенде ғана сақал қоятын еді, мынау батшағар,әкесінің тірі кезінде бұлай жасағаны несі деп?! » тіксінуші еді.Ал,анама ол үйдің әйелінің қара ормал тартқаны ерсі көрәнуші еді. «Қазақ халқы қара орамал қайғының белгісі деп қаза болған жерде тартушы еді.Ел аман,жұрт тыныш та,жаман ырым бастағаны жұректі ауыртады » деп қтнала айтушы еді.Қайран анам, сол қара орамал жалғыз қызының тағдыры болып, байланатынын сезді ме екен,жек көруші еді.Еркін де,ерке өскендіктен әке мен анамның сөздеріне құлақ аспадым,түрік әртісіне ұқсас ерекше жігітке есім кетіп, өзім оған ыңғай таныттым. Сонымен "іздегенге сұраған" екеуміздің жұбымыз жазылмай, бірге жүретінбіз.Оның меннен айырмашылығы꞉дін жолындағы бір түрлі достары бар еді. Мені де қызықтыра бастады. Бұл дін өмірімді осылай талқандайтынын білсем, жоламаста едім. Бірақ досым бұл «ақ жол, таза» деп алдап құрығына түсірді. Мектеп бітірісімен ұзын киім киіп жастайымнан дін ұстандым, ата-анаммен араласпайтын болдым. Олардың жеген, өмір сүргенін "харам" деп қабылдадым. Анам күнде жылап келіп жүрді, ауыратын еді. Мен оны еш тыңдаған емеспін, тұрмысқа шығып та үлгердім.Барлық жерімді жауып, жасырып бүркеніп жүруге дағдыландым. Қатты сүйіп қалаған жарымның, мен жалғыз сүйіктісі емес екенімді кеш түсініп, ішім ызадан қыз-қыз қайнады. О баста батырға ұқсатқан "қысқа балақты, қара сақалды" күйеуімнің және оның әйелдерінің айтқаны мен үшін заң болатын. Басқа еркек көруге рұқсат етілмейтін ажарымды қайғы мұңның орамалымен бүркеумен болдым. Анам" қазақ қыздары да, әйелдері де ешқашан қара орамал тақпаған. Олар ақ көңілдің, адалдықтың символындай ақ орамал тағып жүрген" деп айтқан сөздерін есіме алсам, көзіме жас үйіріледі. Мен келген отбасы үшін той тойлаудың, мерекелерді атап өтудің қажеттілігі қаншалықты жоқ болса, қыз атаулыға деген сыйластықтың да орны жоқ еді. "Қыз қонақ" деп қадірлеген қайран ,қазағым-ай! Ал бұлар үшін "қыз-дегенің жаны бар сыйлық" сияқты,"талақ" деген бір ауыз сөзімен бар тағдырын шеше салады да, өзгелерге бере салады. Екпе жасатуға, дәрігерге көрінуге рұқсат етілмегендіктен, мен өкпе ауруына ұшырап, ешкімге керексіздей болып қалдым.Ауа жетпей, қиналып, жанымды шүберекке түйіп жатқанда мені о дүниенің есігінен қайтарған "тірегім" деп сенген сүйгеніммен оның отбасы да, оның бауырлары да емес еді. Отадан оянғанда мейіріммен қараған мейірбекелер мен өңі боп-боз самайын ақ шалған, жүдеген, құсадан қан жылаған анамды көрдім. Көзімді ашқым келмеді. "Ей, алла, кешір мені! Айналасын "арам" деп қабылдаған адасқан пендеңді дұрыс жолға түссін деп мына өмірге қалдырдың ба?Жаратушымыздың өзі ата-анасын сыйлағанды жарылқаған. Мен бұл бақытты да сыйлай алмағаныма қатты өкіндім. Отаның тіккен жері емес, жүректің сыздағаны қиын екен. Менің кесірімнен "қара жамылғандар"отбасы атанған ата-анамды ешкім қатарына қосқысы келмейтін, қонаққа шақырмайтын. Мен кетіп қалғаннан кейін әкем инсульт алған екен. Тілге келген әкем"қай жерден қателестім екен?" деп налитынын, анамның жұма сайын жеті шелпек пісіріп, дұға оқитынын, менің кесірімнен тұрмысқа шыға алмай жүрген әпкемнен естігенмен, мән бермегенмін. Намазға жығылған сайын іштей әкем менен анамнан кешірім сұраймын.Қыз болып еркелей алмағаным үшін, батаңды алып, ұзатылып бармағаным үшін, күйеу балаң иіліп келмегені үшін, сіздерді құрметтеуді білмегені үшін, кешіріңіздер мені! Жасқа шыланған көзімді ашқанда бұл жарық дүниенің мен үшін өте қымбат екендігін түсініп, жаңа өмірге жетелеген анамның аялы алақанын қыса бердім.Енді ештеңеден де қорықпаймын. Қамшының сабындай қысқа ғұ
Қара жамылған қаракөз
Осы мөлтек ауданның шағын сауда орнына сатушы боп орналасқаныма көп бола қойған жоқ, әйтсе де, тұтынушылармен таныса бастадым. Студенттік өмірімнің жыртығын жамармын деген ниетпен, түстен кейін таныс әпкемнің дүкеніне жұмысқа тұрдым.«Азық-түлік » дүкені болғандықтан тұтынушылар саны үзілмейді , алайда кейде тұрақты сатып алушыларды сағынып та қаласың.Жоқтап тұрасың.Солардың бірі өзім шамалас, хиджаб киген ару еді. Ол үнемі кеште келетін, беті жабық болғанымен, екі көзі мұңға толғандай, мөлдіреп тұратын. Сол бейтаныс жанмен танысып , сөйлесіп те үлгердім. Бірте-бірте бауыр басып, ол сырласу үшін ғана келуді жиілетті. Бірақ, бірдеңеден қорқып үрейленгендей, ұзақ отыра алмаушы еді. Бетін ашып, жүзін көрсетуін өтініп, сұрағанымда ,басын шайқап, шошынатын. Бірде жасқа толы көзінен көмек сұрағанын көргендей болып, қолынан ұстап, қасыма отырғыздым.Ол қатты жылады, бірінші рет мені құшақтап жылай берді. Жалдап тұрған пәтерінен шығарып жібергендіктерін айтып, қоштасқалы келіпті. «Сен бақыттысың ғой, құрбым! –деді солқылдаған дауыспен,-еркінсің, арманыңа жете аласың, білім арманға апарар асыл жолдан адаспа,замандасым! .Құшағымнан босатып, қасыма отырғызып, днкенді ішінен кілттеп оның әңгімесін тыңдауға жайғастым. «Жағдайы төмен отбасында дүниеге келсем де, әкем мен анам аялап өсірді –деп бастады ол әңгімесін. Өте ерке болғанымдығымнан шығар, жетінші сыныпқа дейін бірнеше мектеп ауыстырып та үлгердім, неге дейсіз ғой тәртіпсіздігім үшін, сабақтағы бағаларым да нашар болатын. Тұратын үйіміздің жанына тағы бір отбасы келді. Олардың үлкен баласы меннен екі жас үлкен болатын. Оның жас жігіт болса да қауғадай етіп сақал өсіретіндігі әкеме ұнамаушы еді .«Қазақта әкесі өлгенде ғана сақал қоятын еді, мынау батшағар,әкесінің тірі кезінде бұлай жасағаны несі деп?!» тіксінуші еді. Ал,анама ол үйдің әйелінің қара ормал тартқаны ерсі көрәнуші еді. «Қазақ халқы қара орамал қайғының белгісі деп қаза болған жерде тартушы еді.Ел аман,жұрт тыныш та,жаман ырым бастағаны жұректі ауыртады » деп қтнала айтушы еді.Қайран анам, сол қара орамал жалғыз қызының тағдыры болып, байланатынын сезді ме екен,жек көруші еді.Еркін де,ерке өскендіктен әке мен анамның сөздеріне құлақ аспадым,түрік әртісіне ұқсас ерекше жігітке есім кетіп, өзім оған ыңғай таныттым. Сонымен "іздегенге сұраған" екеуміздің жұбымыз жазылмай, бірге жүретінбіз.Оның меннен айырмашылығы꞉дін жолындағы бір түрлі достары бар еді. Мені де қызықтыра бастады. Бұл дін өмірімді осылай талқандайтынын білсем, жоламаста едім. Бірақ досым бұл «ақ жол, таза» деп алдап құрығына түсірді. Мектеп бітірісімен ұзын киім киіп жастайымнан дін ұстандым, ата-анаммен араласпайтын болдым. Олардың жеген, өмір сүргенін "харам" деп қабылдадым. Анам күнде жылап келіп жүрді, ауыратын еді. Мен оны еш тыңдаған емеспін, тұрмысқа шығып та үлгердім.Барлық жерімді жауып, жасырып бүркеніп жүруге дағдыландым. Қатты сүйіп қалаған жарымның, мен жалғыз сүйіктісі емес екенімді кеш түсініп, ішім ызадан қыз-қыз қайнады. О баста батырға ұқсатқан "қысқа балақты, қара сақалды" күйеуімнің және оның әйелдерінің айтқаны мен үшін заң болатын. Басқа еркек көруге рұқсат етілмейтін ажарымды қайғы мұңның орамалымен бүркеумен болдым. Анам" қазақ қыздары да, әйелдері де ешқашан қара орамал тақпаған. Олар ақ көңілдің, адалдықтың символындай ақ орамал тағып жүрген" деп айтқан сөздерін есіме алсам, көзіме жас үйіріледі. Мен келген отбасы үшін той тойлаудың, мерекелерді атап өтудің қажеттілігі қаншалықты жоқ болса, қыз атаулыға деген сыйластықтың да орны жоқ еді. "Қыз қонақ" деп қадірлеген қайран ,қазағым-ай! Ал бұлар үшін "қыз-дегенің жаны бар сыйлық" сияқты,"талақ" деген бір ауыз сөзімен бар тағдырын шеше салады да, өзгелерге бере салады. Екпе жасатуға, дәрігерге көрінуге рұқсат етілмегендіктен, мен өкпе ауруына ұшырап, ешкімге керексіздей болып қалдым.Ауа жетпей, қиналып, жанымды шүберекке түйіп жатқанда мені о дүниенің есігінен қайтарған "тірегім" деп сенген сүйгеніммен оның отбасы да, оның бауырлары да емес еді. Отадан оянғанда мейіріммен қараған мейірбекелер мен өңі боп-боз самайын ақ шалған, жүдеген, құсадан қан жылаған анамды көрдім. Көзімді ашқым келмеді. "Ей, алла, кешір мені! Айналасын "арам" деп қабылдаған адасқан пендеңді дұрыс жолға түссін деп мына өмірге қалдырдың ба?Жаратушымыздың өзі ата-анасын сыйлағанды жарылқаған. Мен бұл бақытты да сыйлай алмағаныма қатты өкіндім. Отаның тіккен жері емес, жүректің сыздағаны қиын екен. Менің кесірімнен "қара жамылғандар"отбасы атанған ата-анамды ешкім қатарына қосқысы келмейтін, қонаққа шақырмайтын. Мен кетіп қалғаннан кейін әкем инсульт алған екен. Тілге келген әкем"қай жерден қателестім екен?" деп налитынын, анамның жұма сайын жеті шелпек пісіріп, дұға оқитынын, менің кесірімнен тұрмысқа шыға алмай жүрген әпкемнен естігенмен, мән бермегенмін. Намазға жығылған сайын іштей әкем менен анамнан кешірім сұраймын.Қыз болып еркелей алмағаным үшін, батаңды алып, ұзатылып бармағаным үшін, күйеу балаң иіліп келмегені үшін, сіздерді құрметтеуді білмегені үшін, кешіріңіздер мені! Жасқа шыланған көзімді ашқанда бұл жарық дүниенің мен үшін өте қымбат екендігін түсініп, жаңа өмірге жетелеген анамның аялы алақанын қыса бердім.Енді ештеңеден де қорықпаймын. Қамшының сабындай қысқа ғұмырды парықсыз заң, ессіз ережелерімен ұстайтын білімі де, білігі де жоқ бәз біреулердің қарамағында өткізу қандай бақытсыздық! Иманы жүрегінде, адалдығы көңілінде болған ата-бабам тілі, ділі, діні сияқты асыл мұрасын біз сияқты жастарға аманат етті. Олар дін үшін емес, кейінгі ұрпағының тәуелсіздігі, еркіндігі мен жер үшін жанын қиды. Ал мен сияқты адасқандар, сол баға жетпес байлықтың қадірін білмей, бақытты жат жұрттан іздейміз.Әлия мен Мәншүк апаларым елі үшін ажалдың ауызына қаймықпай қарсы барды. Мен сияқты қазақ қыздары "қара жамылып" өз қандастарынан безіп, жалындаған жастық шағын"қолдан құрастырылған надандық пен қараңғылықтың"шылауында өткізуде.Құрбым, адасып жүре беру үшін бұл өмір біз үшін қысқа екен. Біздің болашағымыз жоқ,оны мойындағымыз келмейді.Білім мен біліктіліктен жұрдай ,қатігез адамдардың ойдан шығарылған ережесімен өмір сүріп, ұйымдағы жандардың құлы мен күңі ретінде жүреміз.Ата-бабамыз аруаққа сыйынып, жауға шапқан,ұлан ғайыр жерін қорғап, халқын аман алып қалды.Жаратқан жарық дүниеге жібергеннен кейін ол өлшеулі өмірді жақсылыққа құруымыз керек емес пе еді?» деп кетуге ыңғайланды.Қалай жұбатарымды,не дерімді білмей,состиып тұрып қала бердім.
Адасқан ару
Айнаш кішкентайынан өнерлі, білімге-құштар, елгезек, бәріне қамқор болып, жүретін ақкөңіл қыз болып өсті. Қолынан бәрі келетін, халқымыз: « Қыздың тіккен кестесіндей»-дегендей, әдемі көйлек тіге алатын, шеберлігі де бар. Мектеп бітіргеннен кейін, жүрек қалауымен, сол тігіншілік мамандықты таңдады. Мүмкін, анасының ықпалы да болар, қасынан жібергісі келмеген...«Қызға-қырық үйден тыйым»-деген қазақ нақылына сүйенген, анасы-қызын қатаң бақылауда ұстады. Айнаш колледжге барып келіп, анасының қасында болатын. Әкесі ертерек өмірден өтіп, жесір қалған анасының да, бар үміті-қызы еді. «Жақсы қыз-жағадағы құндыз»-деп, халқымыз айтқандай, Айнаш ақылды болып бойжетті. Шашы белден түскен, қараторының әдемісі, көзі мөлдіреген-Айнаш армандайтын.. Әкесінен ерте жетім қалғасын ба, әйтеуір, қыз жүрегі, көңілі-белгісіз бір ханзаданы армандайтын... Айнаш-жетекшісімен, тобындағы студенттермен бірге өндіріс орнында практикаға барды. Тігін машинкаларын қарап, жөндейтін шебер жиі-жиі қарағыштай беретінін де сезетін. Тәжірибесіз жас қыздар-тігін машинкалары бұзылып, ақау шықса, шеберді шақыратын. «Жас келсе-іске» дегендей, жастар бір-біріне көмектесіп жүріп, танысты. Айдар-елгезек, ақ көңіл, қайырымды жігіт екен. Айнашқа сөз салып, сезімін білдірді. «Қыз-жат жұрттық» , анасының ақ батасымен Айнаш та тұрмысқа шықты. Айдар екеуі бақытты отбасын құрып, еңбек етті. Тұңғыштары-Ләйла дүниеге келгенде, барлық ағайын,үлкендерді, жұмыстастарын шақырып «Бесік тойын» өткізді. Қонаққа келген достарының ішіндегі-Айдын қарағыштай берді. Өзгенің әйеліне көз салып отырғандығына қысылған жоқ... Күндер өз кезегімен жайлап өте берді... Сол уақытта бір күні, Айдын үйге келді. Айдар жұмыста еді. Айдын ұнататынын айтқанда, не дерін білмеді... Айдын құр қол келмепті, тәтті салынған қорапша мен әдемі алқасын-сыйлыққа ала келіпті. Айдын бақуатты жердің-ұлы еді, өзі бір кәсібін өркендетіп ұстап отыр. Арада жылдар өтті. Дүниеге екінші перзентін әкелген, Айнаштың да іші пысып, анда-санда телефон соққан, Айдынмен сөйлесіп жүрді. Айдар көбіне жұмыста болатын. Қазақша айтқанда, « бар жердің баласы» -Айдын кафеге шақырды.Балалар алды мектепке аяқ басып, Айнаштың да бос уақыты болған күні-Айдынның шақырған жеріне барды. Ішті, жеді... Алғаш рет, баласын-балабақшадан алуды ұмытып кетті.. Алғаш рет-Айнаш үйге масаң болып келді. Жұмыстан келген-Айдар айқайлады, ұрысты, ескерту жасады, басқа не істесін... Келесі де, Айдынның досы Серік, тағы бір ашық-шашықтау киінген Әдемі атты келіншекпен көңілді отырыс болды. Тағы да, ішті, жеді, биледі... Үйге түн ортасында келді. Айдар жұмыстан келгенше, аш құрсақ отырған балаларға көңіл бөлместен, тәлтіректей басып, жатын бөлмесіне кіріп кетті. Айдар тағы да ұрсып айтты, айқайлап айтты, бірақ, қол көтерген жоқ. Заманауи техникалар жетілдіріп, өндіріс орнына енген сайын, жұмыс та күрделене береді. Балаларға алаңдаған Айдар, жұмыста асығып жүріп, қауіпсіздік ережесін сақтамай қалады. Электронды тігін машинкасын жөндеп жатырғанда, оң көзіне ине кіріп, жарақат алады. Жұмысқа жарамсыз болып, ұзақ уақыт емханада емделеді. Айнаш тіпті, теріс жүріске түсіп, үйіне бөтен адамдарды әкеліп, арақ ішеді. Айқай-шу, көңіл көтерген Айнаштың тәртіпсіздігіне шыдамаған көршілері, полиция қызметкерін шақырып, шағым түсіреді. Балалардың аш құрсақ, кір-кір жағдайы-бәрін де алаңдатады. Мектепте сабақ үлгерімі нашарлап, жуынбай, кір-кір киіммен келген Дастанның жағдайын көрген, мұғалімдер де дабыл қағады. Адам азайын десе, азады екен... Кезінде ақкөңіл, еңбекқор Айнашты, осындай күйге түседі деп, кім ойлаған? Бұл уақытта,Айдар да ауруханада емделіп, үйге шыққан еді. Көзінен алған жарақатқа байланысты, үшінші топтағы мүгедектік алса да, сол өзі еңбек еткен фабрикаға күзетші болуға өтініш білдіреді. Балаларға жақсы қарап, сабағын оқытып, тәрбиелейді. Ал, Айнаш болса, өзі түскен теріс жолдан қайта алмай, аналық құқығынан айырылады. Мүмкін, бір күні, өзі таңдаған-теріс жолдан бас тартып, адал жолға түсер.. Сонда, кеш болады... Ақын Ақұштап Бақтыгереева апамыз:«Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек»-деп айтқандай, қазашқ қызы, қазақ анасы болғанға не жетсін! Ойнап жүріп, от басып, отбасынан айырылған Айнаш та бір күні ойланар...