«Проза» номинациясы: Жол (әңгіме)

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Koksungi

Жол

(әңгіме)

Қарашаның қара суығы өңменінен өтеді. Шырын жұқа шапанын қымтана орап, жүрісін жылдамдатты. Кең жолда өзінен басқа  қара көрінбейді. Жан-жағына  алақтап, елегізіп те келеді. Ол «ЖанБеру» жекеменшік  медицина орталығына қарай құстай ұшты.  Өзі тұратын көшеден үш аялдама  кейін орналасқан мекенге  алакеуім уақытта  жаяу келу күндегі әдеті. Мұздаған саусақтарын әрең икемге келтіріп  күзетші отыратын дүңгіршектің терезесін қақты. Еңгезердей күзетші есінеп, керіліп-созылып, есікті еріне ашты. Мұндағы қызметкерлердің барлығы  дерлік  Шырынды жақсы танып алған. Кездесе қалса  өздерінің әріптесі секілді   емен-жарқын әңгімелесе жөнеледі. Қарауыл бүгін ұйқысын аша алмады ма,  бұрынғыдай бәйек болмай жай бас изей салды. Оған бөгеліп тұратын Шырын жоқ, бірден бас дәрігердің кабинетін бетке алды.  – Келдіңіз бе?  Дәрігер  Дастан Асанұлы жаңадан демделген қою кофені буын бұрқыратып сораптап ішіп отыр екен. – Келдім, келдім немерем қалай? Бүгін бұзық болмады ма? Бірақ ол әкесіне тартқан ақылды бала бұзық бола қоймас. Шырын өз сұрағына  өзі жауап бере сөйлеп ақ халатты иығына іліп немересіне қарай беттеді. – Бүгін де жаңа  ертегі дайындап келдіңіз бе?! Дастан Шырынға білдірмей мырс етті. – Ертегісіз болмайды. Ол міндетті түрде. Шырын өте көңілді. Немересі жатқан бөлмеге кіріп кетті. Оның: «Ерте, ерте, ертеде,ешкі жүні бөртеде, баяғы өткен заманда  Биназар деген бай бопты, бір перзентке зар бопты...» деген дауысы  дәлізде жаңғырды...     

***

Балауыз шамның соңғы ерітіндісі ортадағы кішкене жібін басып құтыға құлағанша меңіреу адамдай мелшиіп отырды.  Сырымның іссапардан келетін күнін үнемі  мерекелік дастархан жасап, балауыз шаммен  күтіп алу Гүлімнің бұлжымас дағдысы.  Кеше  екеуінің отасқандарына он жыл толған, дайындығы тіпті ерекше еді. Бірақ Сырымнан ешқандай хабар болмады.   Неге кешігіп келмей жатқанын да ескертпеді. Гүлім 100-ден аса қоңырау шалған шығар.  «Телефон сөндірулі» деген тақылдаған жауаптан құлағы тұнды. Ашу қысқан Гүлім өз қолдарымен  жасаған  ақ дастарханның   күл-талқанын шығарып, қоқысқа лақтырды.   Ызадан булығып, жылап жүр.  Жұмыстан қысқарып, үйде отырып қалғалы  не ақшаға, не киімге жарымай кеткен. Қарыздары да шашетектен. Сырым үй бетін көрмей сабылып жұмыс істегенімен, берекесі жоқ. «Бұл кезден де өтерміз» деп шыдап келеді. Төзімге толы тағы бір таңды балауздың жыпылықтап жанған сәулесіне телмірумен қарсы  алды. Көңіліне алданыш болатын бала да сүймеді. Жасанды жолмен-ақ  ата-ана атанып, базарға кенеліп  жатыр талай отбасы деген анасының ұсынысына  Сырымды көндіре алмай-ақ қойды. Түрлі ойдың ортасында  ашумен арпалысып, ақыры  ас үйдің астаң-кестеңін шығарып тынды. Есіктің қоңырауы безілдеп қоя берді. -Таң сәріден келген кім екен?!  Гүлім   есікті ашулы екпінмен сілки ашты. Алдымен алдынан құшаққа әрең сиятын қып-қызыл раушан гүлге толы  букет көрінді. Сырым өте көңілді. Раушан гүл мен Гүлімді құшағына қыса түсті.  –Мерекеңмен, жан-жарым. Кеше көлігіміз бұзылып, жолда қалдық. Менің де,серіктесім  Дидардың да телефоны сөніп қалды. Ой, жаным қатты уайымдаған шығарсың. Гүлім жауап  бере алмай  егіліп жылай берді.  –Ее, неге ызаланып тұрғаныңды білемін. Отасқанымызға он жыл болғанын ұмытқан жоқпын, саған деген сыйлығым да бар. Қане, әкелші қолыңды. Сырым төс қалтасынан алтын жүзік алып,  келіншегінің салаттардың соусы жағылған саусағына салды. Гүлім өзінің әлгінде істеген ісіне өкініп, ернін тістелеп босағада состиып тұрып қалды. – Мені үнемі  дәмді ас мәзіріңмен  күтіп алушы едің, бүгін де дайындығың  керемет сияқты ғой,  қолыңның былғанғанына қарағанда? – Жаңа болған, енді жоқ. Гүлім ашу-ыза құрсауынан әлі шыға алмай суық жауап берді...

***   

Апұл-ғұпыл  киінген Шырын Медеуді оятып алмайын деп аяғының ұшымен  аяң  басып, бөлмеден шыға берген. -Шырын,   Барлығын біліп жатырмын. Тағы сол жаққа барасың ба?! Үйден шықпа дегенім қайда?! Медеудің даусы қатқыл естілді. Есік жақта іркіліп қалған Шырын еріксіз езу тартып: «Біліп жатыр екенсің ғой. Әлгі маған қарауыл қылып қойған   пұшық мұрынды  шикі сары қыз   тұштиып келмей тұрғанда,    немереме жетіп алайын деп едім. Ол келсе қасымнан бірелі қалмайды.  Мезі етеді әбден. –Дәрігерлер бір шешімге келгенше неге оған бара бересің?! –Неге бармайды екенмін? Балапаныма ертегі айтамын. Қошақан мені ұйып тыңдайды. Сендер сияқты емес ол. 

Құлазыған көңілім оны көрсем жай табады. –Қойшы, қайдағыны айтпай. Екеуара әңгіменің соңында  үйді басына көтеріп айқайлатын Шырын күндегі әдетінше  тағы бұлданып  қоя берді. –Жалғыз тұяғымыз Азат қайтқалы, мені сенен бастап тегіс жұрт «жынды Шырын» деп жүрсіңдер   ғой, өзімнің сау екенімді сендерге қалай дәлелдеймін?! Құлағын көрпемен бүркеген Медеу қолын бір сілтеді.Үйдің сыртқы есігі  тарс етіп жабылғанша Медеу тырп етпеді. Одан әрі оның тынышын жастығының астындағы ұялы телефоны бұзды. Тұңғышы Лаура екен. Қытайға дәрігерлік біліктілігін шыңдауға кеткен сұлу қызымен сөйлескенше асықты. – Ало, қызым қалайсың, ботам? Анам деймісің, ол тағы ауруханаға кеткен. Лаура үнсіз қалды. – Ало, қызым байланыс нашарлап кетті ма? Неге сөйлемей қалдың? Қызым, сенің әріптес таныстарың бар дегендей, анаңды алаңдатпай, балапанның жайын бір жақты ету керек еді. – Әрине, уайымдай бермеңіз  әке, барлығын реттейміз екеулеп. Жарнама беріп қойдым және оған сіздің телефон номеріңізді қалдырдым. Жақсы жаңалық болса маған айтарсыз әке. Бетіңізден сүйдім. –Жарайды, алтыным. Медеу төсегіне қайта жантайды.  Ойға батты. Бұлар өте бақытты еді. Шырын   докторлық диссертациясын қорғаған. Медеу екеуі   кафедраның белді қызметкері болды.  Балалары Лаура білікті дәрігер, Азат айтулы IT саласының маманы атанып ата-анасы марқайып жүретін. Шырын:«Лауритам-жүрегім, Азаматчик-тірегім» деп,  есейіп кеткен қос перзентіне қатты еміренетін. Ол қуаныштары ұзаққа бармады. Азат айықпас дертке шалдығып, араларынан ерте кетті. Шырын бұл қайғыны көтере алмай, қатты күйзеліске түсті.  Өз-өзін басқарудан қалды. Медеу үйге отыратын қызметші (сиделка) жалдап,  Шырынды көзден таса етпеуге тырысады. Шырынға бірақ «ЖанБеруге» барма деп айта алмайды. Өйткені ол сол жерден үйге өте көңілді келеді, басқаша күйге бөленеді.

Жылы көрпе астында жылдап жатуға дайын. Бірақ Медеу өзін қамшылап орнынан тұрды. Бүгін атқаратын шаруасы шашетектен. Кафедраның жұмысынан бөлек кездесулері өте көп. Бұрынғыдай Шырынға иек арта алмайды. Оның халі күннен-күнге қиындап барады. Түнеу күні түскі үзілісте бір әріптесінің Шырын апайды көшеден көргенін, ол кісінің немересімен кездесіп  жүргені жайлы сырды сұраған. Медеу одан ары жасыра алмады. Бар құпияны  әріптесі, кезінде өзінің сүйікті шәкірті болған Алтынайға ақтарған. – Ешкімге тіс жармашы. Шырынның қазір қатты күйзелісте жүргені рас. Бірақ ол сап-сау. Азат аққан дертіне шалдығып ауыр халде ажалмен арпалысып жатқанда, дәрігерлермен келісіп, оның биологиялық материалын  алып қалғанбыз. Ол қазір арнайы ғылыми зерттеу институтында сақтаулы тұр. Шырын сол эмбрион немеремізге ертегі айтып, өз көңілін өзі аулап әлек. – Бәсе, қандай немере деймін?! Азат тіпті отбасын құрған жоқ еді ғой, Шырын апай шынымен ақылынан алжаса бастады ма деп жаман ойладым,- деді Алтынай қатты таңданып. – Сөздің тоқетері, Алтынай, бізге сол немеремізді өмірге алып келетін, қалай деуші еді әлгі сурагат ана керек. Орталықта да, жалпы өмірде де босануға  тілек білдіріп жатқан   әйелдер көп. Оның барлығы бұл мәселеге тек жұмыс ретінде қарайтын әйелдер. Бірақ біз немереміздің текті, тәрбиелі ананың жатырында жетілгенін қалаймыз. Оған қарсы болмаса бар жағдайын жасап, өз тегімді беріп, бүкіл мұрамды қалдырсам деген арманым бар. Ұлым үйленіп   немере құшып  отыратын жаста  ұрпағымызды қалай сақтап  қаламыз деп сабылғаным    жүрегімді   сыздатады. Бұл тағдырдың тауқыметінен кім қашып құтылған, тәйірі. Сырт көзге қатал, байсалды көрінетін Медеу  көзіне жас алды. Алтынай: «Ағай,қамықпаңызшы Алла тілегіңізге жеткізеді. Бұл деген ұлыңыздың артында ұрпағы қалды деген сөз.

Технология қарыштаған қазіргі  заман адамдарға немересін өзі үкілеп жүріп қалаған адамға босандырып алатын  таңдауды да берді ғой шіркін»,-деді жұбатарға басқадай сөз таппай...

*** 

Перзентхана... Жан шыдап болмайтын толғақтың ауырлығын арқалап, аяғын ілбіп басқан  Гүлімді жедел жәрдем дәрігерлері осында әкеліп тастаған. Кезекші дәрігер оған бүгін таңға жуық босанатынын айтты. Босану залында аласұрған ол қатпарлас бөлмелерде ышқына айқайлаған әйелдердің  дауысын естіп, бойын одан сайын үрей билеп барады.  Толғақ күші жиіліп қатты қыспаққа алды...  Күші сарқылып, кенеттен талықсып құлап кетіпті. Көзін ашқанда аяқ-қолын уқалап, кезекші акушер отыр екен қасында. Әлгінде қабылдап алғанда өңіріне таққан қағазынан көзі шалып қалған  есімі Гүлдария болатын. Гүлімге жылы жүзбен қараған ол «есіміміз ұқсас екен, босануыңа аз қалды» деді. Сөйтіп, қажетті құрал-жабдықтарын әкелуге баратынын ескертті. Шығып бара жатқанда терезенің жанында тұрған шағын магнитофонды қоса  кеткен... 

Гүлін сезем, солбір өзен арнасына тола алмайды,

Өткен күндер, айлы түндер көңілдерден жоғалмайды.

Бұл жалғанда ешбір ару дәл өзіңдей бола алмайды,

Құстар қайтар, әнімді айтар ол көктем оралмайды... Осыбір әнді Гүлім қашанда ұйып тыңдайды. Енді тура қиналған шағында жанына медет бола қалғанын қарасай. Әннің сиқырына елітіп, бір сәт дамылдап алды. Солбір  көктемдегі өмірін күрт өзгерткен кездесу оның жадынан ешқашан өшпек емес. Арада біршама  уақыт өтсе де бәрі көзалдына тура кешегідей  тізбектеліп келе қалғаны...

* * *

Жаңбырдың майдалап тоқтаусыз жауғанына бүгін үшінші күн. Сыбылыңқы жерге қарамай жолға шыққан. Асығатын сынды ма, қалай? Не үшін, кімге екені белгісіз, әйтеуір,  шапшаң жеткісі келеді. Сатқындық,  опасыздық оның адам бойындағы ең жек көретін жиіркенішті қасиеттері. Осындай адаммен он жыл бір жастықта, армандарын айтып, талай күн жолын тосқан уақыттары үшін өкініп, өксіп келеді. Қас қылғандай автовокзалда тола жүргінші. Үсті-үстіне тосып жатыр машиналарды. Малмандай су болды. Зулаған машиналардың бірі тоқтады-ау ақыры.  Жүгіріп барып, тез отырды. Үлкен джип көлігінің артқы орындығы бос екен. Ерінін жыбырлатып жүргізуші мен қасында отырған егде әйелге амандасқандай болды. –Қайда барасың, қызым? –Білмеймін. Медеу Гүлімге таңдана қарады. – Осы сенің сенгіштігіңнен шаршадым. Кісіге көмектесу керек деген ұстанымыңнан кейде өзің опық жеп жүресің. Шырын ашулана сөйледі.  –Мән-жайды білмей жатып, шешім шығаруға болмайды. – Аға, Балқаш қаласына барамын. Егер бағыттарыңыз басқа болса жолдан түсіп қалармын. – Онда жолымыз бір болды. –Жол қысқарсын, өзің жайлы айта отыр қызым. Шырын жақтырмаса да, Медеу бейтаныс жолаушыны әңгімеге тартты. -Өзім жайлы бұған дейін айтуға болатын еді. Бүгіннен бастап өмірім тоқтап қалған сияқты. –Отбасың бар ма?!

-Болған, бүгіннен бастап жоқ.

-Қалай?

-Айтпақшы аға, менің сізге жол ақысына беретін көк тиыным да жоқ.

-Мен сенен ақы сұрадым ба?

-Кешіріңіз. Гүлім ұялып қалды.

-Қызымдай екенсің,өзіңнің де тәтті балаларың бар шығар?

-Отасқанымызға 10 жыл болды, сәби сүйе алмадық. Күйеуімнің барлық еркелігін көтеріп, кінә жолдасымнан болса да, еразаматтың сағын сындырмайын деп, туған-туысымыздың алдында өзімді жазғырып көрсеттім. Бұл сырды Сырымға да сездірмедім, дәрігердің де    оған айтпауын  өтіндім. Анам жасанды жолмен балалы болуды ұсынған, оған қаражат жағы жетіңкіремеді, әрі Сырым көнбеді.

Медеу мен Шырын үнсіз қалып, Гүлімнің сөзін бөлмеуге тырысты.

Көзін жуған жаспен арпалысып,  сөзін қайта жалғады.

-Қысқасы,Сырым мені сатып кетті. Атымнан несие алып, жаңа көлік аламын деп Грузияға кеткен. Сөйтсем ол жаққа басқа адаммен көңіл қосып, қыдыруға кетіпті.

-Енді не істемексің?

-Алдымен қомақты ақша тауып, несиемді жабу керек. Ақшасы бар адамның барлығы қандай бақытты десеңізші.

-Ақшаның барлығы бақыт алып келе бермейді.

-Шешіміңіз тосын екен.

Медеу жол жиегіне шығып, көлігін тоқтатты. Гүлім бірдеңеден секем алғандай өңі қуарып, тіктеп отырды. Әңгіме арасында көзі ілініп кеткен Шырын да селк етіп оянды. –Қызым, менде ақша бар. Бірақ бақытты емеспін,-деп Медеу тебірене сөз бастады...

-Балқашқа сурагат анамен кездесуге бара жатқанбыз. Алла өзіңмен кездейсоқ жолықтырмаған секілді. Біздің немеремізді өмірге алып келсең. Әрі ана атанасың, әрі қарызыңнан құтыласың. Медеудің соңғы сөзі Гүлімнің шешіміне ұласты.  Сарылып іздеген сурагат ананың жол бойынан табыла кеткеніне қуанып кеткен Шырын да: «Ол бала өте ақылды, өзі бірнеше ертегі біледі»,-деді аңдамай айтатын әдетіне басып. Медеу Шырынның аузын алақанымен көлегейлеп жауып үлгерді. Ештеңе ұқпаса да Гүлім езу тарта салған...

Биоматериал Гүлімнің жатырына енгізілген соң, екі тарап арасында арнайы келісімшарт жасалды. Сурагат ана ретінде еңбекақысын алдын ала алған  Гүлім банктегі несиесін  жапты. Өзі Медеудің жаңа пәтеріне көшіп келді.   Гүлімнің жүктілік кезеңі ешқандай асқынусыз жақсы өтіп,  18 аптасында  құрасығындағы шарананың ұл екені де белгілі болды. Медеу мен Шырын бүкіл қасіреттің орны толғандай, мәз-мейрам күй кешті. Енді Шырын бұрынғыдай «ЖанБеруге» сандалмай, ертегіні Гүлімнің ішіне қолын қойып айтатын. Бұл бақытты сәттердің  соңына жету  Медеу мен Шырынның пешенесіне жазылмады. Қапияда жолапатына ұшырап, өздері сағынған ұлдарының қасына қолұстасып бір күнде кете барды. Шетелден оралған Лаура Гүлімді  ай-күні жақындап қалғанына қарамай, үйден қуып шықты. Әкесі жасаған арадағы келісімшарттың бұған титтей де қатысы жоғын айтты. Гүлім жүріс-тұрысы қаншалықты ауыр болса да, уақытша жұмысқа жалданып өз күнін өзі көріп жүрген. Соңғы уақытта Сырым келгіштеп кетті. «Жазылдым-жаңылдым!» деп кешірім сұрай берген соң, ақары қайта қосылған. Сырым аяғы ауыр жары мен болашақ перзентінің жолында жанын құрбан етуге  даяр-ақ...

***                                                                                                                      

Қос бүйірден толғақ қайта қысты. «Дәрігер!Дәрігер!» Гүлім бар даусымен жанұшыра айқайлап жіберді. Құрал-жабдығын тарсылдатып Гүлдария да уақытында жетті.   Барлық қиындық артта қалды. Кеудесіне әлі үсті толық кеппеген шақалақты жатқызғанда, Гүлім көзіне еріксіз жас алды. Ол өзінің өмірі үшін алғаш рет жанталасып, анасаның кеудесінде тырбаңдап, азық іздеп жатыр... Тіршілікте ананың балаға деген махаббатының орнын ештеңе алмастыра алмайды екен! О, тоба солбір сәтте  Гүлімнің  осы күнге дейін жан дертіне айналған махаббат сезімін ана махаббаты ысырып тастады. Өзін шын бақытты сезінді... Ана атанғанына сенер емес. Ақыры үміті алдамады. Әкесіндей қамқорлық жасаған Медеудің алдындағы қарызынан құтылғандай жеңілдеді. Жанының бөлшегі өмір есігін ашты.

...Бетіне жұпар иісі аңқыған қызыл раушан гүлдің сабағы тиді. Қараса Сырым да осында екен. Маңдайынан сүйіп, «Ата-ана» атануымызбен!»,-деді жымиып.  Бірақ Сырым Азаттың баласына әке болғанын білмеді...