«Балаларға арналған шығарма»: Санамақтар топтамасы

Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы

Бүркеншік аты: Orteke

САНАМАҚТАР ТОПТАМАСЫ

​​​І - санамақ.

Бір - дегенің өзің.

Қане санап сезін.

Екі - деген мынау,

Екі қара көзің.

 

Болу үшін батыл,

Керек ынта, нақыл.

Үш - дегенің осы,

Жүрек пен тіл, ақыл.

 

Төрт - дегенің пәрмен,

Керек оған дәрмен.

Қос қол мен қос аяқ,

Қылар әркез жәрдем.

 

Санашы ал нешеу?

Болғанмен қол екеу.

Бес - дегенің осы,

Саусақтарың бесеу.

 

Санап-санап өстіп,

Бізде осылай өстік.

Оқуда боп озат,

Алатын бол бестік.

 

ІІ - санамақ.

 

Бір - дегенің адам,

Есте сақта балам.

Көпшіл болғын жұртпен,

Жалғыз болған жаман.

 

Екі - деген балам,

Атаң менен анаң.

Одан асқан жан жоқ,

Қорған болар саған.

 

Үш - дегенің енді,

Туысқандық белгі.

Біздің қазақ ұлдың

Үш жұрты бар дейді.

 

Берекені ту ғып,

Ұстау керек күллі ұлт.

Түгел болсын төртеу,

Төрт - дегенің бірлік.

 

Көңілдің бол хошы,

Шындықтың бол досы.

Бес күн жалған дейтін,

Бес - дегенің осы.

 

Аманатың сенің,

Тілің, байтақ жерің.

Алты - деген білсең,

Алты алашың, елім.

 

Отырасың таққа,

Кенелесің баққа.

Жеті - деген осы,

Жеті атаңды жатта.

 

Сегіз - деген күллі,

Елге болу үлгі.

Сегіз қырлы ұл бол,

Сегіз сері сынды.

 

Сөзге құлақ тоссаң,

Тоғызға қыл тоқтам.

Білетінің тоғыз,

Білмейтінің тоқсан.

 

Турасын тап жолдың.

Онға байлам қойдым.

Осыларды білсең,

Онда - жігіт болдың.

 

​​​ІІІ - санамақ.

 

Бір - дегенің бір жас,

Тәй-тәй басып қырды ас.

Сәби шағың осы,

Қайтып мойын бұрмас.

 

Екінің бар реті,

Әркез соған бекі.

Есте сақта жігіт,

Сөйлемейді екі.

 

Үш - дегенің тіреу,

Ел бірлігін тілеу.

Ошақтың бұты үшеу,

Ал, мақсаты біреу.

 

Зымыраған құстай,

Уақытты біл ұстай.

Төрт - дегенің мезгіл,

Көктем, жаз, күз, қыстай.

 

Бес - дегенің айбат,

Белді бекем байлап,

Бабаларың өткен,

Бес қаруын сайлап.

 

Алты - деген ғалам,

Алауыздық жаман.

Тату болсын мәңгі,

Алты құрлықта адам.

 

Жеті қат жер зындан,

Жеті қат көк нұрдан.

Жеті - деген өмір,

Ортасында тұрған.

 

Жүргің келсе алшаң,

Мәдениетке тамсан.

Сегіз - деген осы,

Сегіз қырлы болсаң.

 

Тоғыз - деген таңба,

Алған беттен танба.

Тоғыз тарау жолда,

Түзу жолды таңда.

 

Он - дегенің шолу,

Он - толысып толу.

Оны ұқпасаң қиын,

Онсыз адам болу.

 

​​​IV - санамақ

 

Бір - дегенің бірлік,

Бірліксіз жоқ тірлік.

Берекесіз елдің,

Болашағы күңгірт.

 

Екі - адамның жолы,

Оңы менен солы.

Екі жүзді болма,

Есте сақта соны.

 

Үш дегенің түзде,

Өз жолыңды ізде.

Ер кезегі үшеу,

Күдеріңді үзбе.

 

Төрт бағытқа шеп құр,

Ойың болсын өткір.

Төрт - дегенің осы,

Төрт құбылаң деп біл.

 

Ауыздығын шайнап,

Көрсететін айбат,

Бес - дегенің осы,

Бесті асаудай жайдақ.

 

Елдің жүгін көтер,

Еңбегің сол өтер.

Алтау ала болса,

Аузыңдағы кетер.

 

Жеті - деген ғұрып,

Қылма оны ұмыт.

Құдаласқан қазақ,

Жеті атасын біліп.

 

Астраномдар бұны,

Жұлдыз дейді ұлы.

Сегіз - деген білсең,

Шексіздіктің сыры.

 

Тоғыз- деген мұра,

Салтқа қақпа сына.

Тоғыз қабат торқа,

Тон киеді құда.

 

Құралайды көзге,

Ататындай лезде,

Он - дененің осы,

Дәл ондыққа көзде.

 

​​​V - санамақ

 

Бір дегенің-Отаным ғой ол мәңгі,

Балаң саған құдайындай қол жайды.

Себебі мен сенде туып, ер жеттім,

Парызымды өтемесем сол қайғы.

Мен түсінсем бір адамда ешқашан,

Екі жүрек, екі Отан болмайды.

 

Арғымақтың шарпығандай жалын от,

Қазағымның тауқыметі, зары көп.

Екі тумас бабаларым баһадүр,

Тарихтың тұр төрінде Ханы боп.

Екі деген елдігімнің бастауы,

Екі арысым Хан Керей мен Жәнібек.

 

Бірлікті елге бақ құйылар толастап,

Бірліксіз ел жоқ боп кетер, ол ақсап.

Әйтеке би, Қазыбек би, Төле би,

Әрқашада берекеге жол ашпақ.

Сәкен, Іляс, Бейімбеттей ардақты

Үш дегенім үш бәйтерек ең асқақ.

 

Болсын елдің ішкі-сыртқы беті аман,

Елдің шетін қорғай алмас жеке адам.

Батыс, шығыс, теріскей мен оңтүстік,

Төрт дегенім төрт құбылам, шекарам.

 

Елі үшін басын тігіп өлімге,

Тарихтың тұрған анау төрінде.

Ахмет, Мағжан, Шәкәрім менен Жүсіпбек,

Міржақып сынды ерлері…

 

ЖҰМБАҚ

 

Қызыл түсті машина,

Бағдар шам бар басында.

Такси, тіпті автобус,

Аласа оның қасында.

 

Тұра алмайсың таң қалмай,

Өзі үлкен балуандай.

Тонна-тонна суы бар,

Көлді жұтып алғандай.

 

Олардың жоқ осалы,

Бір-бірінен асады.

Қиындыққа кез болса,

Дабылдатқыш қосады.

Кептелісте көліктер,

Оның жолын ашады.

Қызыл жалын өрт шықса,

Бірден өртті басады.

Бойындағы көп суды,

Ағыл-тегіл шашады.

Өте сондай қайырымды,

Көп жақсылық жасады.

 

Жақсылардың серігі,

Елдің артқан сенімі.

Сақтайтыны олардың,

Адамзаттың өмірі.

Жақтауында жазулы,

101 деген номері.

Тауып алшы бұл қандай

Жедел жәрдем көлігі?!.

 

/Өрт сөндіргіш машина/

 

ЖҰМБАҚ ӨЛЕҢ 2

 

Шақырсаң дереу келетін мекеніңізге,

Жуас жылқыдай көнген жетегіңізге.

Қаласаң тіпті ауыл мен ауданың түгіл

Аралатып апарар шетеліңізге.

 

Бір көлік жайлы сіздерден білгім келеді,

Шалқайып күнде сонымен жүргім келеді.

Барайық деген жеріңе барып келеді,

Жарысып желге жеткізбей шауып келеді.

Қалаған мекен-жайыңды тауып келеді,

Ауылдан ата-әжеңді алып келеді.

Қараңғы түнге жұлдыздай жарық береді,

Қашанда осы көлікке халық сенеді.

 

Жолға шығады буынып, түйініп адам,

Қараймыз жиі ырза боп сүйініп оған.

Автобус, поезд жанында тасбақа сынды,

Сомолет пенен тік ұшақ жүйірік одан.

 

Халыққа күнде тынбастан қолғабыс қылды,

Жаз, күз, қыс, көктем оларды жол жарыстырды.

Сызбасы қара, сары түс тор көздері бар,

Тұлғасы теңбіл тым шапшаң жолбарыс сынды.

 

Шақырсаң даяр тұрады бұлданбай келіп,

Ал, қане айтшы сонымен бұл қандай көлік?

Есігін ашып отырсаң сезіледі ылғи

Сапарларға алыс шақырып тұрғандай болып.

 

/Такси/